Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында бұл күндері бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Егемен елімізді «Отаным» деп таныған барлық ұлттар мен ұлт өкілдері сыйластығы мен достығы, татулығы мен ынтымағы жарасып ғұмыр кешуде. Олардың достығы мен ынтымақтастығы – біз үшін еш нәрсемен бағаланбайтын құндылық! Сенімі мен жарқын көңілі – сол достықты берік ететін тірек саналады.

Өткен аптада Саран қаласының полиция бөлімі мен Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Саран, Шахтинск, Абай шаһарлары полицейлерінің арасында «Тіл – татулық тірегі» атты байқауы өткен болатын. Ондағы мақсат - «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңын, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, қала тұрғындары мен полиция бөлімі қызметкерлерінің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру болды.

Байқау «Таныстыру», «Кім жылдам?», «Ұлы тұлғалар», «Тіл – татулық тірегі» тақырыбындағы шешендік қабілеттерін көрсететін төрт кезеңнен тұрды. Мәселен, «Таныстыру» кезеңінде - әр топ команда атауымен топ мүшелерін таныстырса, «Кім жылдам?» атты екінші кезеңде қатысушыларға Тәуелсіздік алғаннан кейінгі айтулы оқиғалар туралы сұрақтар берілді, тапсырмалар «kahoot» платформасы арқылы орындалды.

Ал «Ұлы тұлғалар» атты үшінші кезеңде қатысушыларға Қазақстан елі туралы сұрақтар қойылды. Экранға сұрақтар жауабымен шығарылды, ал командалар өз кезегінде дұрыс жауаптарды таңдады. «Тіл - татулық тірегі» атты соңғы төртінші кезеңде қатысушыларға тіл туралы мақал-мәтелдердің бөліктері таратылып береді. Әр команда кем дегенде екі мақал жинап беруі керек болды. Көп мақал айтқан команда жеңіске жетеді. Әр дұрыс жауап он баллдық жүйемен бағаланады.

Бағалау барысында ең алдымен кезеңдер бойынша ұсынылатын мәліметтердің сәйкестілігі, танымдық, тәрбиелік әлеуеті, материалдардың шынайылығы, деректік және теориялық қателіктердің болмауы, әр кезең бойынша регламенттердің сақталуы ескерілді.

Байқауға қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындалған. Көздегеніміз жүлделі орынды еншілеу емес, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту дейді олар. Байқау барысында өзге ұлт өкілдері тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт – дәстүрі, әдет ғұрпын да құрметтейтіндерін көрсетті. Мемлекеттік тілде әдемі сөз саптағандар жиылған қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Бір-бірінен асып түскен командалар арасынан жеңімпаздарды анықтау қиынға түсті. Дегенменде «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған топтар жеңіс тұғырынан көрінді. Нәтижесінде ең көп ұпай жинаған Шахтинск қаласының полиция бөлімінің командасы 1 орынды қанжығаласа, Абай аудандық полиция басқармасы екінші орынды, ал Саран қаласының полиция бөлімі үшінші орынды иеленді. Барлық қатысушы команда мүшелеріне дипломдар мен сертификаттар табысталды.

Тіл - ұлт байлығы. Әр ұлт өз тілін қадірлейді, сыйлайды және болашаққа, келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп отырады. Тіл - ғасырлар бойы әр ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы жинақтаған бағасы жоқ мәдени байлығы. Біздің отанымыздың тілі – қазақ тілі. Қазір қазақ тілі – қазақстандықтардың мемлекеттік тілі. Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында, сондай-ақ, ана тіліміздің мәртебесін өсіру үшін және мемлекеттік тілімізді қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу үшін Саран шаһарында көптеген іс-шаралар өткізіліп келеді. Соның бір айғағы Саран қаласының полиция бөлімі мен Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесе ұйымдастырған «Тіл – татулық тірегі» атты тәртіп сақшылары арасындағы тіл байқауы.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ