Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күніне 78 жыл толып отыр. Сораңдының халқы жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнінде майдан даласында мерт болған сарбаздарды еске алып, оларға тағзым жасауды естен шығарған емес. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, шаһар әкімі Ержан Оралұлы бастаған ел ағалары Жеңіс Стеласы – яғни, Тағзым алаңында өткен гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Отан үшін ерлік танытқан жауынгерлерді еске алуға Ержан Темирхановпен бірге қаланың бірінші басшылары, тыл ардагерлері, «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Саран қалалық филиалы, қала мекемелерінің, кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері, 44803 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Жиналғандар майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, бейбіт күн үшін кеудесін оққа тосқан жаужүрек жауынгерлердің рухына тағзым етіп гүл шоқтарын қою рәсімі орындалды. Сонымен қатар, Тағзым алаңында орналастырылған үлкен Led-экранда біздің жерлес соғыс ардагерлерінің суреттері көрсетілген «Ер есімі – ел есінде» атты акцияның онлайн трансляциясы жүргізілді.

Жеңіс күніне арналған салтанатты шарада қала жұрты соғыс жылдарынан сыр шерткен концерттік бағдарламаға да куә болды. Айтулы шараның барысында қала және облыс өнерпаздарының өнері көпшілікке ұсынылды. Соғыс ауыртпалығы бейнеленген сахналық көріністер бейнеленген һәм майдан даласына арналған және бейбіт күнді дәріптейтін әуезді әндер шырқалды.

Айта кетейік, былтыр Жеңістің 77 жылдығынын қаламызда 2 соғыс арадагері мен 280 тыл еңбеккері қарсы алса, биыл Жеңіс күнін Саран шаһары алғаш рет қарт жауынгерлерсіз атап өтті.

Шіркін, уақыт десеңізші. Иә, «Уақыт – тасты да тастар уатып» демекші, алғанын қайтып бермейтін уақыт, арамыздан қарт жауынгерлерімізді де мәңгілікке алып кетті. Ал тыл еңбеккерлері бар, десек те қатары сиреп барады. Дегенмен, майдангерлердің де, тыл еңбеккерлерінің де ерлігін кейінгі ұрпақ ұмытпайды. Себебі, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жерлес жауынгер қарттарымыз мәңгілікке аттанып кетсе де, олардың өшпес ерліктері мен даңқы ұрпақ жадында мәңгілікке қалып, ұрпақ ұмытпайтын ұлы ерлік болып ұлықтала бермек. Кенді шаһардағы Жеңіс мерекесіне орай ұйымдастырылған түрлі шаралар осының айғағы. Бірақ бұл – басқа мақалаға арқау болған өзекті тақырып. Ол туралы да газетіміздің осы санындағы басылымынан оқи жатарсыздар.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА