Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Сүйінші Саран халқы! Шаһарымызда тағы да бір зауыттың іргетасы қаланғалы жатыр. Жуырда қалалық мәдениет үйінде Саран қаласының Ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің мұрындық болуымен «Саран қаласының солтүстік өндірістік аймағында орналасатын металл бұйымдарын ыстық мырыштау зауытын салу» мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау болып өткен болатын.

Алқалы жиынға мемлекеттік мекемелер мен «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС өкілдері, қоғамдық және экологиялық белсенділер, қала жұртшылығы және БАҚ қатысты.

Жоба құрылысы 2023 жылдың сәуір-қыркүйек айларына жоспарланған. Ал зауытты өндірістік пайдалануға беру 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларына жоспарланып отыр дейді жоба авторлары. Сонымен қатар, жоба авторларының мәлімдеуінше аталмыш зауыттың өнім мырыштау қуаттылығы – жылына 50000 тоннаға дейін болса, құрылатын жұмыс орны – 65 адам, өтемділік мерзімі – 4 жыл ішінде, қызметтегі қазақстандық үлес – 90% -ды құрайды. Өнімді өткізу нарығы – Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одақ елдері.

Әдетте өнімді шамамен 460 °C температурада балқытылған мырыш ваннасына батыру арқылы коррозиядан қорғау үшін металды (әдетте темір немесе болат) мырыш қабатымен жабуды - ыстық мырыштау деп атайды. Атмосфераның әсерінен таза мырыш (Zn) оттегімен (O2) әрекетке түседі де  мырыш оксидін (ZnO) түзеді, содан кейін көмірқышқыл газымен (CO2) әрекеттесіп, мырыш карбонатын (ZnCO3) түзеді, әдетте сұр күңгірт, материалдың одан әрі коррозиясын тоқтататын жеткілікті қатты материал.               Ыстық мырыштау темір мен болатты коррозиядан қорғаудың ең сенімді, үнемді әрі кең таралған әдістерінің бірі болып саналады. Металл конструкциялары үшін ыстық мырыштау жабынның ең көп таралған түрі болып табылады. Мырыш қабатының қалыңдығы 30-дан 200 мкм - ге дейін, әдетте 45 — тен 65 мкм-ге дейін.

American Galvanizer Association мәліметтері бойынша ыстық мырыштау әдісі өндірістік ортада 65 жылға дейін, тропикалық жерлерде 70 жылға дейін, қала маңындағы ортада 85 жылға дейін, ал қала сыртындағы ортада 120 жылға дейін өнімді коррозиядан қорғауды қамтамасыз ететін көрінеді.

Ал Саран қаласында салынуға жоспарланып отырған металл бұйымдарын ыстық мырыштау зауыты алдағы уақытта электр желісінің металл тіректері, гофрленген металл құбырлары мен құрылымдары, жарықтандыру тіректері мен діңгектері, металл илемдеу, тосқауыл жол қоршауы, кабельдік өнімдерді төсеуге арналған электр монтаждау өнімдері, ғимараттар мен құрылыстардың металл конструкциялары, байланыс операторларына арналған антенна-діңгек құрылғылары сынды Қазақстанда өндірілетін өнімдерді ыстық мырыштауды жоспарлап отыр. Жоба авторларының мәлімдеуінше аталмыш зауыттың қоршаған ортаға еш зияны жоқ.

Сонымен қатар, олар қазіргі уақытта аталмыш зауыт құрылысы бойынша зауытты жобалауға жобалау ұйымымен шарт жасалып, жабдықты жеткізушілер анықталып, жеткізу шарттары келісілген екен. Ендігі кезекте «Saran» индустриялық аймағының аумағында ауданы 9 га учаскені жалдау шартын жасау жоспарлануда және екінші деңгейдегі банктермен және «Baiterek Venture Fund» АҚ-мен қарыз алу бойынша келіссөздер жүргізілуде дейді.

Қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша жоба материалдары бойынша қатысушылардың барлық ескертулері мен ұсыныстары енгізілген қоғамдық тыңдаулар хаттамасы ресімделген болатын. Аталмыш хаттамамен облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сайтында және Экопорталда танысуға болады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ