Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Тамырлы тарихы Кеңес үкіметіндегі кезеңнен де тереңде жатқан Сораңды өлкесі жылдан-жылға көркейіп, абаттанып келеді. Әсіресе, жадыраған жаз айында мөлдіреп сан түсті шұғыласы көкке шашыраған субұрқақ, көше көркіне ажар беретін гүлге оранған сквер мен алаңқай бір сәт әдемі сезім сыйлап, жансарайыңды шуаққа толтыратыны қандай керемет! Жайнаған гүлдерге қарап, жаныңда асыр салып ойнаған балақайлардың бақытты келбетін көріп, кеудемізді шаттық пен мақтаныш кернейді. Шынында, соңғы жылдары туған қаламыз өркен жайып, жасыл желекпен көмкеріліп келеді. Сәулеті мен сәні, дәулеті мен гүлзар бағы тамылжыған қаланың табиғи тіршілігі жанданып, құлпыра түсуде.

Көпшілік алдымен өздеріндегі әлеуеттің артқанынан тыс, тұрғылықты мекеннің көрікті болуын қалайтыны жасырын емес. Ол жекелей емес, ортақ абырой екенін білсе, мұндағы жұртшылыққа жүктелер жауапкершілік те аз емес. Дәлірегі, күн санап көркейген қала келбетінің қаз қалпында сақталуы тұрғындарға да міндет. Бұл қашаннан қалыптасқан қағида. Алайда, мұражайдағы құндылықтай сақталуы тиіс қаланың бүгінгі болмысы мен келісті келбеті қай деңгейде? Бұл тұрғыдан абаттандырылуының өзі бөлек тақырып…

Жалпы, соңғы кездері Саран қаласында жасалған, жүзеге асқан және алдағы айқын жобалар турасында ауыз толтырып айтуға болады. Тізіп жазар тізімге жүгінсек, өткен жылдың өзінде біршама бастамалар мен жарқын бағыттар Саран шаһарының оң бағытта дамуына септігін тигізгені тағы бар. Жөнделген көшелер, жаяу жүргіншіге салынған арнайы жолдар, төселген брусчаткалар, шуағын шашқан жарық шамдары қаланың абаттанғанын айғақтаған болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, сәйкесінше қазірден жүзеге асуда. Демек, Саран шаһары бүгінгіден де айшықтала түспек.

Мәселен, «Жеңіс» көшесі 38А, «Жамбыл» көшесі 55, «Абай» көшесі 17 және «Кенші» (Горняк) шағынауданындағы № «23» үйлер орналасқан мекенжайларда үстіміздегі жылдың мамыр айында 4 бірлік футбол кортын жайластыру жұмыстары аяқталып бітіпті. Ал жалпы алғанда, Саран қаласында 2017 жылдан бастап 2022 жылдарға дейінгі уақыт аралығында шаһардың 10 учаскесіндегі футбол алаңын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілген екен.

Сонымен қатар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәлімдеуінше, үстіміздегі жылдың сәуір айында 1А шағынауданындағы № «2», «8», «14» үйлер мен «Кенші» шағынауданындағы № «3» және «145» үйлер орналасқан мекенжайларда қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған 5 алаң, 20 контейнерлер орнатылып бітсе керек-ті. Ал ағымдағы жылдың мамыр айында «1А» шағынауданы 14, «Ленин» даңғылы 3, «Жамбыл» көшесі 56, «Жамбыл» көшесі 54, «Шахтерская» көшесі 10 А, «Жеңіс» 36а және «Абай» көшесі 7 үйлері орналасқан мекенжайлар бойынша 11 алаң, 44 контейнер көлемінде қоқыс алаңдарын жайластыру жұмыстары аяқталған екен. Бұдан бөлек, «Елді мекендерді абаттандыру» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың мамыр айында «Чкалов» көшесіндегі «27» және «31» үйлердің арасындағы скверді абаттандыру жұмыстары аяқталды.

Ал ағымдағы жылдың маусым айында Осипенко көшесіндегі скверді абаттандыру жұмыстарын бастау жоспарлада тұр дейді тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары. Осы тұста айта кететін болсақ, жалпы Саран қаласында 23 сквер және  1 орталық саябақ бар.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Халық қатысатын бюджет» аясында «Сұңқар» саябағының аумағында «Жастар арманы» әмбебап скейт-паркін, «Әмбебап памп трект» және «Әткеншек паркін құру» жұмыстары басталып кеткен екен.

Ал осы жылдың маусым айында «Жамбыл» көшесі 75, «Абай» көшесі 20, «Жамбыл» көшесі 55а, «Жеңіс» көшесі 38А, «Чкалов көшесі 57, «Қожанов» көшесі 13, «Жәкенов» көшесі 21, «Тургенев» көшесі, «Щорс» көшесі және «Победа» көшесі 65 мекенжайлары бойынша орналасқан Саран қаласының көпқабатты үйлері мен жеке секторының аулаларында 10 балалар және спорт алаңдарын орнату жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Жалпы 2017 жылдар мен 2022 жылдар аралығында Саран қаласында  қаланың 42 учаскесінде балалар мен спорт алаңдарын орнату жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Саран қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының айтуынша, үстіміздегі жылдың мамыр айында Саран қаласының тротуарлары мен аулаларына орындықтар мен урналар орнату жұмыстары басталған екен. Ал маусым айында Саран қаласы бойынша тротуарларды асфальттау жұмыстарын бастау жоспарлануда дейді аталмыш бөлім мамандары.

 

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ