Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Үстіміздегі жылғы 30 мамырда Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық мәдениет үйінің конференц-залында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қолдану және насихаттау» тақырыбындағы облыстық оқыту семинары өткен болатын. Аталмыш шараның басты қонағы Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қолдану және насихаттау жөніндегі комиссиясының жұмыс тобының мүшесі Кабулова Шахмарал Майбекқызы болды. Сонымен қатар, семинарға Саран қаласының мемлекеттік мемкемелерінің, колледждерінің, жалпы білім беретін мектептері мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің бірінші басшылары мен өкілдері қатысты.

Іс-шара шымылдығын Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Төртбаева Ғалия Әнуарбекқызы түріп, әрі қарай семинарды жүргізіп отырды.

«Қайырлы күн құрметті қатысушылар, әріптестер! Бүгінгі семинар тренингті біз алда келе жатқан республикалық тексеріске байланысты ұйымдастырып отырған жайымыз бар.

Тұғырлы тәуелсіздігін еншілегеніне отыз екі жылдан асқан Қазақстан Республикасының еркіндігін сипаттап, елдігін танытатын, егемендігі мен біртұтастығын мейлінше нақтылай түсетін мемлекеттік рәміздердің бүгінгі күні стандарты қандай? Осынау жауапты іске шаһардағы мемлекеттік мекемелер мұқият мән беріп жүр ме? Өйткені, еліміздің елдігінің айғағын көрсететін мемлекеттің бұл құндылығының да сұрауы бар.

Сондықтан да біз осы семинар тренингке сонау Қарағанды шаһарынан Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қолдану және насихаттау жөніндегі комиссиясының жұмыс тобының мүшесі Кабулова Шахмарал Майбекқызын арнайы сіздер үшін шақыртып отырған жайымыз бар. Шахмарал Майбекқызы қазір алдағы уақытта өз баяндамасында мемлекеттік рәміздерді қолдану аясындағы мемлекеттік мекемелер тарапынан жіберілген олқылықтар мен оларды қалай болдырмау керектігі туралы сіздерге тілге тиек ететін болады. Ал сіздер өз кезектеріңізде осы тақырып һәм осы мәселе төңірегінде қандай да болмасын мазалап жүрген сұрақтарыңыз болса, Шахмарал Майбекқызына тікелей сұрақ қойып, біліп алуларыңызға мүмкіндіктеріңіз бар», - деді оқыту семинарының шымылдығын түрген                 Ғалия Әнуарбекқызы.

Иә, жекелей Саран қаласын айтпағанның өзінде, жалпы облыс көлемінде де әлі күнге дейін мемлекеттік рәміздерді қолдану кезінде көптеген олқылықтар орын алып жатады. Ең өкініштісі заңды дұрыс білуі тиіс мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың өзінде ондай қателіктер жетіп артылады. Семинар барысында Шахмарал Майбекқызы келтірген деректер соған дәлел десек, артық айтпаған боламыз.

«Бүгінде Мемлекеттік Тудың екінші жағының түстері оңған, ғимараттардың төбесіндегі Мемлекеттік Ту бекітілген Қағидалардың талаптарын бұза отырып, аударылып және 1/3-ке төмен түсіріліп орнатылған, бірінші басшылардың кабинеттерінде мемлекеттік рәміздер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру қағидаларын бұза отырып орналастырылған, материалдық объектілер мен стендтерде нормативтік-құқықтық актілер бұзылуда, «Гимні» сөзінің орнына «Ән-ұран» сөзін жазып қойған, ҚР Мемлекеттік рәміздерінің суреттерінің, сипаттамаларының кезектіліктері сақталмаған, кейбір мемлекеттік мекемелердің маңдайшалары Мемлекеттік органдардың атауы бар маңдайшаларды дайындау және орналастыру қағидаларының талаптарына сәйкес келмейді, Мемлекеттік Ту ілінген тұғырға орналастырылатын «подъюбниктердің» және тудың арт жақтарының шаңдары сүртілмейді, ал кей жерлерде тудың астына сынық «подъюбниктер» орналастырылған. Бұл өрескел қателіктер», - дейді Шахмарал Майбекқызы.

Осындай олқылықтарды түзетіп, алдағы уақытта ондай қателіктерді болдырмау мақсатында Шахмарал Майбекқызы семинар барысында рәміздер мәселесін көтеріп, оларды ұлттық стандартқа сай қалай қолдану керектігін түсіндірді.

Нақтырақ айтқанда, семинар барысында спикер «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңына, Үкіметтің айқындалған ережелер мен қағидаларын кеңінен түсіндіріп, егемендігімізді айқындайдың басты белгілердің шығу тарихына, авторларына тоқталып, оларда орналасқан символдардың өзіндік рөлдерін таныстырды. Сондай-ақ, Шахмарал Майбекқызы әкімшіліктер қолданатын ресми қағаздардағы Елтаңбаның суретіне, мөрлерінде және мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларында жазылған жазуларға мұқият болу керектігін, маңдайшалардағы жазулардың «сары» емес, керісінше «алтын» түстес болу керектігін түсіндірді. Сонымен қатар, тәуелсіздік алғалы бері рәміздерге арналған заңда жасалған өзгерістерді айтып, маңыздылығына тоқталды.

Одан бөлек жиынға қатысып отырған мекемелердің барлығы дерлік мемлекеттік болғандықтан Шахмарал Майбекқызы ресми түрде мемлекеттік нышандар емес, Мемлекеттік рәміздер, мемлекеттік стандарт емес, ұлттық стандарт, «Әнұран» емес, «Гимн» сөзін қолдану керектігін айтып өтті.

Жүргізілген тексеріс барысында білім ордаларындағы стендтерінде көптеген қате ақпараттардың табылғандығын тілге тиек етіп, қабырғаға стендті ілмей тұрып, онда жазылған мағлұматтың растығына мән беру, әсіресе, Мемлекеттік Гимннің мәтінін ілген кезде оның үтір-нүктесіне дейін дұрыс жазылуына мұқият қарау қажеттігін ескертті.

Жалпы жиын барысында Шахмарал Майбекқызы егемендігіміздің басты белгісі саналатын Мемлекеттік рәміздерді ұлттық стандарттарға сай қалай қолдану керектігін кеңінен түсіндіріп, жоғары да аталған мәліметтерден бөлек рәміздерді қорлағандарға қылмыстық және әкімшілік кодекстерде қарастырылған жазалар жайлы да толық ақпарат беріп өтті.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор