Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Иә, қазіргі қоғамда орын алып тұрған келеңсіз қылықтың бірі – адамның өз жанына қиянат жасап, өз-өзіне қол салуы оқиғасы жиілеп тұр. Соңғы уақытта ақпарат құралдары, әсіресе, әлеуметтік желілерде балалар арасындағы суицид мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұндай жаратылысымызға жат әдеттерден арылудың жолы рухани кеселден өзімізді қорғау арқылы болмақ.

Жуырда қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Нұрхат Хамитовтың төрағалығымен аталмыш комиссияның кезекті отырысы өтті.

Онда күн  тәртібіне орай қалалық білім бөлімі мен шаһардағы колледждердің өкілдерінің кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілерінің алдын алу бағытында атқарған жұмыстары тыңдалды.

Білім бөлімі өкілінің мәлімдеуінше, барлық жалпы білім беретін мектептерде ақпараттық стендтерде байланыс деректерін көрсете отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсететін және көмек көрсететін қызметтер мен ұйымдардың тізімі орналастырылған.

«Кәмелетке толмағандар арасында суицид жағдайларының алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында жағымсыз көріністерден тұрақты бас тартуды қалыптастыру бойынша профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Қаланың жалпы білім беретін мектептерінде «Сенім» психологиялық қызметінің жұмысы ұйымдастырылды, оның шеңберінде ата-аналармен, балалармен және жасөспірімдермен тәрбиенің, құрдастар арасындағы, балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың проблемалық мәселелері бойынша консультациялар өткізіледі. Оқу жылы ішінде оқушылармен жасөспірімдік проблемалар, ересектердің көмегіне жүгіну мүмкіндігі туралы әңгімелер өткізіледі.

Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу және кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу жобасын іске асыру бойынша 8 жұмыс тобы құрылды. Мобильді топтардың құрамына бірінші басшылар, білім бөлімінің, полиция бөлімінің өкілдері, ата-аналар комитетінің, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшелері кіреді», - дейді Білім бөлімінің бас маманы Светлана Цаплина.

Ал «Саран техникалық колледжі» КММ директорының орынбасары Айдана Битуованың баяндауынша, аталған оқу орнында кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқының алдын алу бойынша жұмыс жасөспірімдердің психикалық денсаулығын жақсарту және деструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында үш негізгі іс-шара арқылы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, олар - жасөспірімдердің хабардарлығын арттыру, колледж қызметкерлерін оқыту және ата-аналар жиналыстары, содан кейін тәуекел тобындағы оқушыларды анықтау.

Мәселен, колледжде жасөспірімдермен психикалық денсаулық туралы хабардарлықты арттыру, стигма мен алалаушылықпен күресу, проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға жәрдемдесу, психологиялық көмекке жүгінуді ынталандыру қажет болған кезде, көмек алу туралы ақпарат беру бойынша жұмыстар жүргізіледі екен.

Бұдан бөлек, бірінші семестрде бірінші курс студенттерімен эмоционалды интеллектті дамыту бойынша тренингтік сабақтар өткізіледі. Айдана Мейрамбекқызының мәлімдеуінше, бұндай сабақтар студенттердің өз эмоцияларын және басқа адамдардың эмоцияларын түсіну қабілеттерін дамытуды, өз эмоцияларын бақылау дағдыларын қалыптастыру және басқалармен эмоционалды өзара әрекеттесуді дамыту негізінде әлемге сенімді және шынайы қатынасты қалыптастыруды мақсат етсе керек-ті.

«2022-2023 жылдардағы оқу жылының қыркүйек-қазан айларында бірінші курс студенттерінің ата-аналарымен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау себептері туралы ата-аналар жиналысын өткіздік. Онда біз ата-аналардың қаперіне өз-өзіне қол жұмсау мінез-құлқының ауызша, мінез-құлық және ситуациялық белгілері туралы ақпарат бердік. Егер баланың суицидке бейімділігі байқалса, қалай әрекет ету керектігі туралы ұсыныстар берілді. Соңында ата-аналарға «Балалардың хаттары» бейнеролигі көрсетілді.

Жыл бойы дағдарыстық жағдайлардың алдын алу мақсатында студенттерге психологиялық кеңес беріледі.

Бұдан бөлек, аутодеструктивті мінез-құлыққа бейім студенттермен психологиялық әңгімелер мен сабақтар, эмоционалды өзін-өзі реттеуге және аутогендік жаттығуларға үйрету, әлеуметтік дағдылар, стрессті жеңу қабілеті, өзіне деген сенімділікті дамыту, жетістікке жету мотивациясын дамыту, өзін-өзі бағалауды көтеруге арналған тренингтер өткізіледі», - деді сөз соңында «Саран техникалық колледжі» КММ директорының орынбасары Айдана Мейрамбекқызы.

Комиссия отырысының соңында баяндамалар бойынша сұрақтар қойылып, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрғасының орынбасары Нұрхат Хамитов «Сенім жәшіктері», «Сенім телефондары» бойынша ата-аналар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

ӨЗ ОЙЫМ...

Біз өз кеземізде суицидтің алдын алу үшін дін өкілдерін де тартсақ, артықтық етпейді дер едік. Әдетте имамдар мен молдалар өздерінің жұмыс жоспарына сәйкес Саран қаласындағы білім беру орындарының оқушыларымен, колледждер студенттерімен діни экстремизмның алдын алу бағытында түсінік жұмыстарын жүргізіп жатады. Міне, сондай жиындардың күн тәртібіне білім ошақтары міндетті түрде суицид мәселесін енгізсе құба- құп, нұр үстіне нұр болар еді. Дін мамандары өз-өзіне қол жұмсаудың екі дүниеде де тигізетін зардабы туралы жасөспірімдерге көбірек түсінік берсе, мүмкін, суицидке бейім жас райынан қайтар. Олай болса, дін өкілдері мен білім ошақтары қабырғасында қызмет ететін психологтар осы бір дерттің тамырына балта шабу үшін бірлескен жұмыс жоспарын жасақтаса, уақыт өте келе ол өз нәтижесін берер деген үміттеміз. Өйткені, жүрегіне иман ұялаған жасөспірімнің мұсылманға жат әрекетке бармасы анық.

Әрине, бұл жерде, ең алдымен, баланың жанашыры ата-анасы болуы тиіс. Сондықтан ересектер баламен жылы қарым-қатынас орнатып, сенімді сырласы болуға бар ниетін салуы керек. Ойланыңыз, күйбең тірліктің соңында жүргенде ұрпақ тәрбиесін осалсытып алмадыңыз ба?! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, суицид сыры тереңде жатыр. Оның себеп-салдарына үңілу үшін мәселенің мәнісін жан-жақты зерттей білуіміз қажет. Онсыз қоғамдық кеселге айналған өз-өзіне қол жұмсаудың кесірінен көбейетін өлім өзекті өртер өткір проблема күйінде қала бермек.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор