Бүгін: 07.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Үстіміздегі жылдың 24 және 25 маусымы аралығында Балқаш қаласында Каратэ-до «Шотокан» спорт түрінен «Балқаш жолбарысы» республикалық турнирі өткен болатын. Аталмыш республикалық турнирге 6-17 жас аралығындағы жас спортшылар қатысты.

Байрақты бәсекеге Алматы, Кентау, Шымкент, Астана, Теміртау, Балқаш, Қарағанды және Саран қалаларынан барған спортшылар өзара теке-тіресте кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады.

Карате – қарусыз қорғанудың бір түрі. Яғни, аяқ және қолмен қарсылас денесінің осал тұсына соққы беруге негізделген. Бұл жекпе-жек өнерінің «Шотокан» түрінде  адамның дене дайындығы, күш, шапшаңдық, шыдамдылық, ептілігі ғана сынға түспейді. Сонымен қатар жақсы жетілген әдіс-тәсіл, айла, спортшының бойындағы рух мықтылығы да сыналады. Бұның барлығын спортшылар жастайынан үйреніп, бойына сіңіреді.

«Балқаш жолбарысы» республикалық турнирінде Саран қаласындағы «Годан» клубының спортшылары 14 медаль жеңіп алды. Оның ішінде бесеуі алтын, бесеуі күміс, төртеуі қола жүлде.

Жарыс «Kata», «Kumite», «Team Kata» және «Team Kumite» сынды төрт бағдарлама бойынша өтті.

«Годан» клубынан «Kata» бағдарламасында Измайлов Али, Фараносова Варвара және Ануарбекова Диана 8-9 жас тобында, Гуреев Альмира және Халитов Равиль 12-13 жас тобында, Беляев Арсентий және Шепаев Богдан 10-11 жас тобында өнер көрсеткен болатын. Жас спортшыларымыз өкінішке орай аталмыш бағдарламада жүлделі орындардан көріне алмады.

Ал «Team Kata» бағдарламасында барлық жас санаттарында толық командалардың болмауына байланысты өкінішке орай «Годан» клубының спортшылары қатыса алмады.

Алайда «Kumite», яғни қарсыласпен жекпе-жек бағдарламасында біздің «Годан» клубының балалары жеке есепте екі күміс және төрт қола медальдарға ие болды.

Атап айтатын болсақ, 23 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 8-9 жас санатындағы қыздар арасындағы сайыста Варвара Фараносова, 27 келіге дейінгі салмақта Диана Ануарбекова күміс медальдар иеленсе, ұлдар арасында 30 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 8-9 жас сататындағы топта Анзор Дааев, 35 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі ұлдар арасындағы 10-11 жас санатында Богдан Шепаев мен Арсентий Беляев, 12-13 жас санатындағы 45 келіден асатын жасөспірімдер арасында Равиль Халитов қола медальдарға қол жеткізді.

Ал «Team Kumite» бағдарламасында «Годан» клубының спортшылары бес алтын медаль жеңіп алды, сонымен қатар үш күміс медальдарды иеленді. Мәселен, 8-9 жас санатындағы қыздар арасындағы сайыста бір команда толық емес құрамда алтын алды. Бұл топта Саран шаһарының еншісіне Варвара Фараносова мен Диана Әнуарбекова алтын медаль сыйға тартса керек-ті. 10-11 жас аралығындағы ұлдар арасындағы сайыста «Годан» клубының сайыпқырандары ақтық мәреде Кентау қаласының командасымен болған жекпе-жекте есе жіберіп алып, нәтижесінде Арсентий Беляев, Богдан Шепаев, Давид Данильченко есімді спортшыларымыз күмістен алқа тақты. Ал 12-13 жас аралығындағы ұлдар арасындағы тартысты сайыста Равиль Халитов, Даниил Буганин, Кирилл Буганин есімді жерлестеріміз Кентау және Теміртау қалаларынан келген спортшылармен болған жекпе-жекте сенімді түрде жеңіске жетіп, аталмыш турнирдің чемпиондары атағын жеңіп алды. «Годан» клубының жеңімпаз және жүлдегер атанған ұл-қыздарын алған жүлделерімен құттықтап, аталған спорт түрінде жоғары белестерді бағындыруларын және сонысымен Саран шаһарының абыройын асқақтата берсін демекпіз.

Ендігі біздің спортшыларымызды алда 2023 жылғы шілде айының 8 мен 9 аралығында Астана қаласында өтетін Фунакоши каратэден Қазақстан Республикасының чемпионаты күтіп тұр. Спортшыларымыздың аталмыш чемпионаттан жеңіспен оралуларына тілектеспіз.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ