Бүгін: 06.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретіне тойланып келеді. Ал биыл – Ұлттық домбыра күні 2 шілдеге сәйкес келіп отыр.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза-әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше.

Себебі басынан небір қилы заман өтсе де, жаугершілікті бастан өткеріп, бодандық қамытын кисе де төл аспабы қолынан түспеді. Одан тараған қоңыр үн жадында тарих боп қатталып, шежіре боп шертілді.

Ел аузындағы аңыз бойынша әйгілі Шыңғыс ханға Жошының өлімін жеткізген де домбыра еді. Ал зерттеушілердің айтуынша, домбыра туралы алғашқы ғылыми деректер әл Фарабидің жазбаларында «тамбур» деген атпен кездеседі.

Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы елдегі БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған болатын. 1500 жыл бұрын қоданыста болған делінетін көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңірден табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап, кейін археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды. Бірнеше айларға созылған келіссөздерден кейін ғана Моңғолия тарапы домбыраның көшірмесін алуға рұқсат беріп, кейін сол көшірме негізінде жасалған көне домбыраның нұсқасы музейге қойылды.

Ұлттық домбыра күні мереке ретінде аталып өте бастағанына 7 жыл толған айтулы мереке халық санасына тез сіңіп, бүгінде ең бір айтулы күнге айналып шыға келді. Қазақ даласының әр түкпірінде қасиетті аспапқа арналған ескеркіштер мен мүсіндер бой көтеріп үлгерді. Әзірге солардың ішінде ең шоқтығы биігі – Тараз шаһарындағы 7,5 метрлік «Домбыра» ескерткіші.

Ал 2021 жылы Ұлттық домбыра күніне орай елордада әйгілі күйші, халық композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылған болатын.

Бүгінде домбыраны мектепке пән ретінде енгізу ұсыныстары ең биік мінберлерден айтылып жүр.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арналған шарада сөз сөйлеп, осындай идея айтқан болатын.

«Бұл рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер ұлт келбеті« дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек», - деген еді мемлекет басшысы.

Осы орайда қала тұрғындарын 2023 жылғы 2 шiлдеде сағат 11.00-де Саран қаласы бiлiм бөлiмiнiң бастамасымен қалалық мәдениет үйiнiң алаңында өтетін Ұлттық домбыра күнiне арналған Балалар өнер мектебінің «Дала дастаны - домбыра» атты концертін тамашалауға шақырамыз.

Материалды дайындаған Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ