Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана Талибанды мойындау мәселесінде халықаралық қауымдастықтың ұстанымын толықтай қолдайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Осы форумды (Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумы) Қазақстанда өткізу туралы шешім Ауғанстанның де-факто үкіметін мойындау фактісі болып есептелмейтінін атап өткім келеді. Бұл мәселеде біз бұрынғыдай Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін қатаң ұстанамыз. Талибанды тану мәселесінде ең алдымен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті шешімі шығу қажет екендігіне назар аударуды сұраймын», - деді Қанат Тумыш Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, БҰҰ бұл мәселеге қатысты Ауғанстан билігіне бірқатар талап қойды. Атап айтқанда, инклюзивтілік пен өкілдікті қолдау, террористік ұйымдарға өз аумағын қолдануға жол бермеу, этникалық азшылықтар, әйелдер мен балаларды қоса алғанда адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету қажет.

«Осыған байланысты Талибанды мойындау мәселесінде Астана халықаралық қауымдастықтың ұстанымын толықтай қолдайды», - деді Қанат Тумыш.