Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Би мен бектің сәні жоқ,

Елін қорғай алмаса,

Тура жолға салмаса,

Ыстығына күймесе,

Суығына тоңбаса»

Дулат БАБАТАЙҰЛЫ 

Жақсының аты өлмейді... 

Адамды да, қоғамды да өзгертетін Уақыт. Алайда, қатал да қатыгез Уақыт адамзаттың мәңгілік құндылықтары - қаһармандық пен ерлік, ізгілік, елге, жерге, жалпы адамзат баласына деген сүйіспеншілік пен махаббат сынды хұсни сезімдер (ғылым тілінде моральдық-этикалық, яғни ахлақтық категориялар) алдында дәрменсіз.

Ілияс Омаровтың айтуынша, осы сезімдерді жеткіншек ұрпақ санасына сіңіретін, сөйтіп «қайран жұртты» қаптаған қалың тобыр емес, тарихта өзіндік орны, үлесі бар халыққа айналдыратын өзгеше жаратылысты, бөлек бітімді жандар болады. Олар өздері өмір сүрген уақыттың, заманның шарттылықтарын - идеологияны, әлеуметтік және көркемдік канондарды мойындай қоймайды. «Өзін-өзі аямаған» осындай жандардың жанкешті тірлігі арқасында толарсақтан саз кешкен сәттері еңсесі түскен халықтың рухы көтеріліп, тірліктің күйбеңін күйттеген шақтары рухани тазарып отырған.

Сондықтан халық өзінің ұмытылмас тұлғаларын қаншама тауқымет тартса да естерінен шығарған жоқ. Енді соның сырын ашуға ынталылықпен қарамай, әншейін көп ертегінің бірі ғой деп салғырттық танытсақ, санамыз неғұрлым тайызданбаса молаймақ емес.

Олай болса, аты ұранға айналып, халқымыздың санасында мәңгі ұмытылмастай болып қалған, Арғын тайпасының Мұрат руынан шыққан даңқты Бекайдар би мен Игілік би бабаларымыздың басынан өткен ақиқаттарды аңыздар мен шежірелерден шамамыз келгенше аршып қарамасақ болмайтын сияқты.

Даналығымен және көсемділігімен өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған Игілік би Өтепұлы

Игілік Өтепұлы (1769-1860) - өте бай, қайырымды және халқына жақын болған. Ол патша әкімшілігінің ықыласына әлденеше рет ие болған: 1833 жылы алтын жалатқан күміс мөрді сыйға алған; 1834 жылдың 18 сәуірінде Анна лентасына тағылған алтын медальмен және құрметті шекпенмен марапатталған. Бидің қыстаулары Қызыл-тауда, Алабаста; жаз жайлаулары Құндызды, Нұра, Есен, Мана қа және Айғыржал өзендерінің бойында болған.

Кезінде шешендігімен және көсемдігімен өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған, топтан озған Игілік би Өтепұлы болған.

Біріншіден, Игілік би Мұрат, Сармантай, Қаракесек, Тоқа, Қаржас, Қареке руларымен болған арадағы келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешілуіне әрдайым ықпал етіп отырған. Сондықтан Ғабит Мүсірепов өзінің «Оянған өлке» романында оның есіміне бірнеше мәрте тоқталған.

Роман кеңестік дәуірде жазылғандықтан ықпалды би сол кездегі уақыт талабынан көрсетілген. Соған қарамастан Игілік Өтеповтің бейнесі тартымды сомдалған. Оған романның мына жолдары мысал: «Ол барған жердің бәрінде оған ырза. Айтулы би, екі бірдей болыс басшысының әкесі, он екі мың жылқы табынының иесі өзінің кедей-кепшік жақын-туысқандарын аралайтынын кім күткен. Барлығына Игіліктің сөзі дайын. Істері оңға басқандарға: «Бұдан әрі де істеріңді Құдай оңғарсын» деп сәттілік тілесе, ағайын-жақындарын жоғалтқандарға: «Жұмақта жаны жай тапсын» деп жұбатып қояды. Би ретінде реніштер мен тартыстарды, дау-дамайларды шешті. Елді көп аралады. Көп адам оның айтқандарымен келісті, көп ақсақал оған бас шұлғыды».

«Еңселі тұлғасы оның зор күш-қуатын, билігін паш етіп тұратын. Шойын кеуде, желкесі күжірейген аюдай, қабақтары көздерінің үстіне қонған тік қанаттай. Қабағын сәл қозғалтып көзін бір жылт еткізсе бәрі де жымдай болып, сап тыйылады. Өз билігін жақсы түсінген ол, қатқылдыққа бара бермейтін. Бұйрықтары өтініш секілді, жарлықтары бітімдікке шақыру сөзі секілді шығатын».

Екіншіден, Игілік Өтеп ұлы Ғабит Мүсіреповтің 1953 жылы жарық көрген «Оянған өлке» романының басты кейіпкері.

«Оянған өлке» қазыналы Қарағанды өңірі туралы эпикалық шығарманың бірінші кітабы болатын. Араға 31 жыл салып оның жалғасы саналатын «Жат қолында» романы 1984 жылы жарық көрді. Автор осы екі кітабында да революцияға дейінгі Қарағанды өңіріндегі халықтың тұрмыс-салтын, еңбегін, ел билеген жуандардың әрекеттері мен елім, жерім деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ұлтжанды азаматтардың арман-мақсаттарын қазақ жұмысшы табының қалыптасуын көркем тілмен, нанымды бейнелейді. Жазушының бұл шығармасының кейіпкерлері ойдан шығарылғандар емес, шын мәнісінде осы аймақта өмір сүріп, оның алдағы тағдырына азды-көпті өзіндік ықпалын тигізген жандар болды.

Кезінде біз «Оянған өлке» романына тек көркем туынды ретінде ғана қарағанбыз. Сөйтсек, романда бір қауым елдің тарихы ғана емес, болашағы да қылаң беріп тұрған екен. Оған мән бермеппіз. Түсіне алмаған сияқтымыз. Мызғымас одақ құлайды да, тарайды деп кім ойлапты? Кімнің түсіне кіріпті? Жарықтық Ғабең заман ауанын тамыршыдай тап басып, елдің ертеңін көз алдына елестете алған сияқты.

Біздің ойымызша, Ғ. Мүсірепов жазуға отырар алдында Қарағанды өңірінің тарихын зерттеп, фактілерді ой елегінен өткізген, тіпті, шабыттанып отырып, елу жыл алдағыны да болжап, қағазға түсіріп жіберген.

Шағын үзінділерге көз жүгіртейік:

«... батыс жақ бетті тұтас торлап келе жатқан Жұман байдың он жеті мың жылқысы да көрінді».

«Он екі мың жылқысы бар Игіліктің жаңа тігіліп жатқан он екі қанат үйдің әр керегесін төрт жігіт қолдасып, әрең көтеріп, әрең жайды».

Бұл сөйлемдер қазақтың екі бай азаматының тұрмыс-тіршілігінен хабардар етеді. Ақырында малға қоса саудамен де айналысқан Игілік би орыс көпестерімен үзеңгі қағыстыра бастайды. Өндіріс орындарына көз тігеді. Қарағанды өңірінің болашағы индустрияландыруда екенін ол бірінші болып түсінген сияқты.

Үшіншіден, Игілік би Өтепұлы өз уақытында нарық заңдарын терең ұғына бастаған кәсіпкерлердің бірі болды. Ол банкротқа ұшыраған Н. Ушаковтың үлесі аукционға түскенде бағын сынап көреді. Бірақ, қанша ұмтылғанымен ұтылып қалады, «көз алдарында мыс пен көмір ғана тұрған қонақтар» алдын орап кетеді.

Тарихтан біздің білетініміз, XIX ғасырдың екінші жартысы Қарағанды өңірінің ғаламдық өркениетпен тоғысу шағы болды. Сары даланың төсіндегі қазынаның хабары сымсыз телефон арқылы орыстарға жетіп, одан әрі Еуропаны жайлап кетті. Жол қашықтығына қарамастан Сарыарқа төсіне оқымыстылар, орыс және шетел инженерлері бірен-саран болса да келе бастады.

Бұл жағдай жер қайыстырған малға ие болып отырған Арқаның бай-манаптарын да шапшаң ширатты. Олардың дүниеге деген көзқарасы өзгерді. Ендігі жерде қазақ байлары да нарық заңын ұғына бастайды. Мәселен, Ғабит Мүсірепов соңғы романында Қызылжардан оралған Игілік байдың жай-күйін былайша баяндайды: «...Енді есептеп қараса мұның байлығы Ушаковтың сарапқа түскен жарнасына әрең жетеді екен. Бес мың жылқы жиырма бес сомнан жүз жиырма бес мың болады да тұрады. Оның ар жағында жалғыз тайың қалмайды. Ушаковтың бір Қарағандыдағы жарнасы жүз жиырма бес мыңға сатылды ғой! Ушаков тағы да он-он бес жерде жарнасы бар адам! Игілік бес мың жылқыны байлық санап отыра беріпті. Мұнысы бір жұттық емес пе!»  (Мүсірепов Ғ. Жат қолында . - Алматы, 1984, 7-бет).

Төртіншіден, Игілік би құлазып жатқан өлі далаға қайнаған өмір беру үшін ірі қалаларда базарлар салу керектігін дәлелдеген. Малдың жүні мен қылының, мүйізі мен терісінің ақшаға өтер көзін тауып, Игілік би өз шаруасындағы адамдарымен Ірбіт, Омбы, Том, Селебеге дейін барып қайтқан. Атбасар, Қараөткел, Кереку, Қоянды базарлары Игілікке қазақ даласы естіп білмеген түсім әкеп тұрған.

Бесіншіден, қазқатар жатқан мол байлықты толық және тез игеру үшін Игілік би темір жол салу керектігін қарастырған. Темір жол салынбаған жерде мыңдаған көлік керек болатыны ақылды биді уайым қылған.

Алтыншыдан, Игілік би Нілді мен Ақбұйраттың арасындағы және Қарағанды мен Ақбұйрат арасындағы бекет жайына өте көп көңіл аударып отырған. Ақбұйрат заводының қорланып қалған мысын Қызылжарға жөнелтіп отырған. Ақбұйрат пен Қызылжар арасында түйелі керуенге арнап 40 бекет салдырған.

Жетіншіден, Игілік би патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы болды. Өйткені, Игілік Өтепұлы дүниетанымы кең адам еді. Ол патша отаршыларының сұлтандармен бірігіп, қазақтардың жақсы жерлері мен жайылымдарын және үй-жайларын тартып алғанын өз көзімен көрді.

Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы анағұрлым ірі көтерілістердің бірі Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс нақ сол XIX ғасырдың 20-40 - жылдарында болғанды. Бұл көтеріліс қазақтың үш жүзін түгел бірінен соң бірін қамти отырып, 10 жыл бойына созылды (1837-1847 жыл-дары). Сөйтіп халықтың қалың бұқарасын күреске тартты. Бұл көтерілістің айырықш а көңіл аударарлық жері сол: оның барысында қазақ елінің саяси тәуелсіздігін сақтап қалу мақсатында біртұтас қазақ мемлекетін құруға соңғы рет талпыныс жасалынған еді. Осы жағдайды терең түсіне білген Игілік би Өтепұлы Кенесары сұлтан басқарған көтерілісті қолдап, оның жаса қ тарына сый ретінде 1000 жылқы берген. Сондықтан Сібір шекаралық қазақтарының бастығы полковник Талызиннің 1838 жылғы жазған мәліметінде: «Жыртқыш қа Ақмола округі сұлтандарының көпшілігі қосылып қана қойған жоқ, сонымен бірге Баянауыл, Қарқаралы және Көкшетау округтері сұлтандарының да қосылғаны анық. Басқа барлық сұлтандар сырттай үкіметке адал болып көрінгенімен, Кенесарымен жасырын байланыста болды», деп жазуы бекер емес еді (Бекмаханов Е. Қазақстан XIX ғасыр-дың 20 - 40 - жылдарында (Оқу құралы). - Алматы: «Санат», 1994, 193-бет).

Сөз соңында айтарымыз, халық аузына ілінген, Сарыарқа сүлейлерінің көркем жырларына, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің бай еңбектеріне арқау болған Игілік Өтепұлын бүгінгідей тәуелсіздікке қол жеткізген бақытты заманымызда сол билер мен батырлардың қанымен, жанымен келген әрбір тәуелсіздік жылында Игілік сияқты атпал азамат, қабырғалы бидің есімін құрметтеп, ардақтасақ, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Рашит Әл-КАРЕНИ

(КАРЕНОВ),

Халықаралық

ақпараттандыру

академиясының академигі,

экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының

Білім беру ісінің Құрметті қызметкері