Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Татарстан астанасы Қазанда болған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі жиі көтеріле бастады. Еліміздегі мектептердің қауіпсіздігіне құқық қорғау қызметкерлері емес, ең алдымен мекеменің өзі, одан кейін сол мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған күзет ұйымы жауапты. Ал ғимаратта атыс немесе теракт болған жағдайда оқушылар мен мұғалімдер тек теория жүзінде үйренген әдістерін іске асыруға мәжбүр.

Неге десеңіз, тиісті сала мамандары мектептерге келіп, антитеррорлық сабақ өткізеді. Бірақ өкінішке қарай, оның барлығы тек теориялық тұрғыда түсіндіріледі екен. Мамандар төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл әрекеттерін практикалық тұрғыда түсіндірсе деп отыр білім ошақтарының ұжымдары. Яғни, қауіп төнген сәтте қалай әрекет ету керектігін мамандар іспен көрсетсе дұрыс болар еді дейді олар. Бұл бір.

Екіншіден, ғимараттың кіреберісінде отыратын зейнет жасындағы күзетшінің қастандық ойлағандарға қарсы төтеп берер қаруы да, ұрып жығатын қауқары да болмасы анық. Ал Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенер болсақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру ұйымдарының объектілері (мектепке дейінгі ұйымдардың ғимараттары; жалпы білім беретін мектептер, орта-арнайы және жоғары оқу орындары, мамандандырылған білім беру ұйымдары; балалар үйлері) террористік тұрғыдан осал, адамдар көп жиналатын объектілер санатына жатқызылады. Алайда елімізде мектептерді қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде күзет орнына құқық қорғау қызметкерлерін қою қарастырылмаған екен.

Үстіміздегі жылдың 20 және 25 ақпаны аралығында Саран қаласының полиция бөлімі және қаланың АТК бас инспектор-хатшысының бірлесе ұйымдастыруымен өңірдің білім беру ұйымдарында «Террористік тұрғыдан осал ҚР Білім және ғылым министрлігінің объектілерін және террористік тұрғыдан осал Білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтың» сақталуына мониторинг жүргізілген екен. Аталмыш нұсқаулық  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығымен бекітілсе керек.

Шаһарымыздағы Антитеррорлық комиссияның бас инспектор-хатшысы Сергей Ульяновтың мәлімдеуінше аталмыш мониторинг күзет қызметі қызметкерлерінің террористік сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою тәртібін даярлау деңгейі мен білімін тексеруді көздесе керек. Мониторинг барысында барлық нысандардағы күзет қызметкерлері іс жүзінде террористік қауіп кезіндегі әрекет ету алгоритмі туралы әлсіз білімдерін көрсеткен екен.

Сол себепті қауіп төнген немесе терроризм актілері жасалған кезде ден қою қағидалары бойынша күзет қызметтерін көрсету туралы білім беру объектілерімен шарт жасасқан күзет ұйымдарының қызметкерлерімен оқу сабақтарын өткізу туралы шешім қабылданады.

Осыған орай, қаланың АТК бас инспектор-хатшысы Сергей Ульянов Саран қаласының полиция бөлімінің қызметкері Қазыбек Алшимбаевпен бірге жоғарыда аталған сабақтарды үстіміздегі жылғы шілде айының 25 мен 27 аралығында «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы ғимаратында ұйымдастырса керек.

«Бұл жерде біз басты назарды білім ошақтарындағы күзетшілерге аудардық. Жоғарыда атап өткенімдей, мониторинг барысында біз тап осы күзетшілердің өз міндеттерін өте нашар білетіндігін анықтадық. Сондықтан да біз білім беру объектілерімен шарт жасасқан күзет ұйымдарының бірінші басшылары мен қызметкерлерін тарта отыра, осындай сабақ-семинар жиынын өткіздік.

Іс-шара барысында бейнероликтер көрсетілді, теориялық дәрістер өткізілді, лаңкестік қауіп болған жағдайда олардың, яғни күзетшілердің тарапынан қандай әрекеттер жасалуы керектігі және олар өздерін сол сәттерде қалай ұстауы керектігі туралы айтылды.

Мәселен, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш зат болуы ықтимал пакет, дорба, чемодан сынды заттарды тапқанда олар не істеуі керектігі туралы айтылып, осындай жағдайларда ғимарат ішіндегі адамдарды эвакуациялау ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар, күзетшілерге тұтқынға алғанда өзін-өзі қалай ұстау керек, нені істеп, нені істемеу керектігі туралы баяндалған бейнероликтер көрсетілді. Семинар-сабақ жинына барлығы 83 күзетшілер қатысты. Соңында олардың сауалнама алынды», - дейді қаланың АТК бас инспектор-хатшысы Сергей Ульянов.

Сергей Юрьевичтің мәлімдеуінше, сабаққа қатысушылардан алынған сауалнамасы бағдарламаға практикалық сабақтарды қоса отырып, осындай дәріс семинарларын өткізудің керек екендігін көрсеткен екен.

«Бұдан бөлек, біздің тарапымыздан өткізілген іс-шаралардың жақсы деңгейде өткеніне қарамастан, тағы бір айта кететін жәйт бар. біздің көңілімізге қаяу түсіргендігі, аталмыш семинар-сабақтарға күзет ұйымдарының басшыларының қатыспағандығы. Иә, олар күзет ұйымдарының барлық қызметкерлерінің қатысуын қатмтамасыз етті. Бұл әрекеттеріне оларға дән ризашылығымызды білдіріп, шексіз алғысымызды айтамыз. Десекте, бірінші кезекте бұл іс-шараға күзет ұйымдары басшыларының өздері қатысуы керек-тін.

Себебі, өздерінің қызметкерлеріне осындай сабақтарды күзет ұйымдары басшыларының өздері өткізуі керек. Бұл қаланың немесе АТК-ның міндеті месе, керісінше күзет ұйымдары басшыларының тікелей һәм ең басты міндеті болып табылады. Егер басшылар қатысқан жағдайда, біз олармен барлық құнды ақпараттармен бөлісіп, осы тектес сабақтарды қалай өткізу керектігі жайлы тәптіштеп түсіндіріп беретін едік. Өкінішке орай, біз қалағандай болмады. Себебі, күзет ұйымдарының басшылары атамыш сабақтарға қатыспады», - деді сөз соңында Сергей Юрьевич.

 

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ