Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»

Әлихан Бөкейхан

Еліміздің әр азаматы өзінің атқаратын ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ісін барынша жақсы деңгейде адал орындауға ниет танытса, мемлекеттің мықтылығы осы тұста айқындалар еді. Мемлекеттік қызметке келіп ант берген қызметші өзіне тиісті шектеулерді қабылдап, атқаратын міндеттерін мінсіз орындауға барын салуы тиіс.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында айқын әрі нақты көрсетілген.

Әр қызметші ең алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға міндетті. Одан кейінгі

ең маңызды міндет – ол азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету, әрі олардың өтiнiштерiн заңнамада белгiленген тәртiп пен мерзiмдерде қарау және олар бойынша қажеттi шараларды қабылдау болып табылады.

Әдептілік еш уақытта өзектілігін жоғалтпайтын қасиет екенін ескерсек, осы әдептілік жайлы мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы міндеттер қатарында белгіленген екен. Бұл дегеніміз қызметкер қай кезде болмасын тек қызметтік тәртiпті, қызметтік әдепті сақтауға ғана емес сонымен қоса қызметтен тыс жерде де әдеп нормаларын сақтауға міндетті екендігіне меңзейді.

Тағы бір атап өтетін жайт, ол мемлекеттік қызметшілер мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуі және өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi тек қызметтiк мақсаттарда ғана пайдалануы тиіс. Осы тұста жиі кездесетін бұзушылықтар қатарынан табылатын мемлекеттік органның көлігін жеке мақсатта қолдану –  аталған міндеттің орындалмауын көрсетеді, яғни бұзушылықтың туындауына әкеп соқтыратын іс-әрекет ретінде мысал бола алады.

Сонымен қоса, мемлекеттік қызметшілер өздеріне мәлім болған, дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы жоғары тұрған басшының және өздері жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының, сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдардың назарына дереу жеткізіп қана қоймай бағынысты мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға да міндеттелетінін атап өткен жөн.

Өзгерістер мен жаңашылдыққа толы заманда әр тұлға өзінің білімін арттыруға көңілді көптеп бөлсе, бұл да бір білімді, зиялы қоғам құрудың бірден-бірі жолы болса керек. Сондықтан да болар, өзінің лауазымдық міндеттерін тиiмдi атқару үшiн мемлекеттік қызметші кәсiби деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға міндетті. Бұдан өзге міндеттер Қазақстан Республикасының заңдарында және Президенттің актілерінде белгіленуі мүмкін.

Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметшілердің жоғарыдағы міндеттерді сақтай білуі мемлекеттік қызметтің адал атқарылуына

өз әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік аппаратқа деген халықтың сенімін қалыптастырады деп санауға әбден болады.Мақаланың эпиграфы ретінде алынған қанатты сөздің

иесі – қазақтың біртуар тарихи тұлғасы, Әлихан Бөкейханның өмірлік ұстанымы мен көзқарасы, оның ішінде мемлекеттік қызметке деген көзқарасы қазіргі таңда да өзінің өзектілігін жоғалтқан емес.

Ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тіккен нағыз патриот тәуелсіздік, теңдік, жер, тіл, білім, дәстүр, мәдениет, саясат, тіпті экономикалық мәселелерді көтерген. Оның қай еңбегін, қай қанатты сөзін алып қарасаңыз да бүгінгі күні қолданысы табылар нағыз ақылдың қайнар көзі, қазынасы.

«Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады», «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана»,

«Би ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды»: міне осы сөздердің

өзінен-ақ тағылым алып, Әлихан Бөкейханша айтқанда ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеуіміз керек.

Сондықтан елі үшін өмірін сарп еткен асыл атамыздың

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзінен мемлекеттік қызметшінің міндетін мінсіз орындауы да мінезден деген түйін туындайды, әлбетте міндетті мінсіз әрі адал орындау – мемлекеттік қызметтегі дұрыс таңдау болатыны сөзсіз.

Д. Абдрахманов,

Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің  Қарағанды облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы