Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек: біріншісі – зор билік, екіншісі – есепсіз байлық.

Абай Құнанбайұлы 

Қазақстандықтар ертең Абай күнін атап өтеді. Бұл ұлт ретінде ұзақ күткен мерейлі күн. Қазақстан үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні деп белгіленген. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақ ұлысының ұлықтар құндылықтары, әрине көп. Соның ішінде Алаш баласының рухани құбыласы – Абай құбылысын ерекше құрметтеу баршамызға бұлжымас парыз.

Десе де Абай хәкімнің бай мұрасын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күнге байланып қалмайтыны белгілі. Дегенмен дербес күн белгіленіп, Үкімет тарапынан қаулы қабылдануы қазақ баласының тағы бір жаңа белеске көтерілгендігін көрсетеді. Қазақтың ұлттық ақыл-ойының ең асқар шыңына қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Осы тұста кейбір адамдарда «Бұл күні біз үшін несімен құнды? Абай күнін мерекелудің бізге қажеті бар ма? Біз осыған мұқтажбыз ба?», - деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине, қажет. Тіпті, мен былай айтар едім: Абай бізге мұқтаж емес, біз Абайға мұқтажбыз. Неге? Онда тыңдаңыз!

Абай өз ұлтына бақыттың жолын нұсқады. Өз ортасынан жанды мысалдар беріп, көз алдында жүрген адамдарды өз тілімен суреттеді. Жамандықты соқырға таяқ ұстатқандай көрсетті. Қазақ үшін Абайдың Абайлығы осы болса керек. Ойшыл «мені тану үшін кір іздемей таза көңілмен келіп ішіме үңіл» деп ескертеді. Біреуді сыртынан естіп, жек көріп барсаң әңгімеңнің еш жараспайтыны сияқты, бүгінде жазғанды оқымай жатып, оқысада ішіне үңілмей жатып, не түсіп қалған бір әріпке, не ауысып қойылған бір үтірге сын айтатындар бар. «Тыңдағыш қанша көп болса, сөз ұғарлық кем кісі» дейді Абай, осы арада бізге ішкі жан-дүниеге үңілу керектігін айтып кеткендей. Демек Абайдың әр сөзі әр заманға қарай талдай алсаң талдана беретін уақыт, мекен кеңісітігінен шығып кеткен дүр сөздер. «Арғын, Найман жиылса, таңырқаған сөзіме» деп өзі жазып кеткендей ақынның әр сөзінде ат көтере алмас атан түйенің жүгі бар.

Ақынның дүниетанымы, озат ойлары, салмақты сөздері, өзектілігін жоймайтын пәлсапасы қай жерде, қай ортада, қай елде болмасын өтімді. Оның адамзатқа ауадай қажет туындылары ешқашан өлмейді. Керісінше зерделеніп, зерттеле береді. Расында «Мен бір жұмбақ адаммын…» деген ғұламаның сырлы әлемі әлі де жұмбақ. Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Тереңіне бойлаған сайын ойлана түсесің. Мына сұлу дүние есігін ашып, рухани құндылыққа ұмтылғысы келген әрбір адам, Абайдың шығармаларымен етене танысу керек. Өйткені Абай қай заманда болмасын ұлы кемеңгер болып қалады. Абайдың ойы, ақынның толғанысы, данышпанның қайғысы – бүтіндей тіршіліктің үні, тұтас қоғамның сөзі деп ұғынатын уақыт келді. Абай адамзат тарихында енді қайтып келмейтін тұлға. Иә, Абай надандықтың құлпы, адамдықтың кілті. Абай мектебі – руханияттың кәусар бұлағы! Оның тағлымын таныған кісі кемел келешекке бет бұратыны ақиқат. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» дейді данышпан. Демек, біз Абайдың жарық, нұрлы әлемімен сусындаған сайын, ғылым, білімге ұмтылып, өнер үйренеміз. Ондай адамның болашағы бұлыңғыр тартпасы хақ.

Биыл осымен төртінші рет мемлекеттік мереке ретінде тойланайын деп отырған Абай күні – бізге жол көрсетіп тұрған жарық шамшырақ секілді жылуын шаша жарқырап тұрғандай. Осыдан тура 178 жыл бұрын Шыңғыстаудың Ералы жазығында шыр еткен қазақ дауысы – Алаш бағдар тұтқан жарық темірқазыққа айналды. Бұл күн – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «біріңді қазақ бірің дос» тұтатын қастерлі күн!

Ендеше, атаулы күнге орай еліміздің әр өңірінде Хәкім Абайды ұлықтауға, оның асыл қазынасын дәріптеуге арналған іс-шаралар легімен танысып өтсек.

Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ел тарихындағы айтулы мереке – Абай күніне орай барша сарандықтарға бірқатар іс-шаралар ұсынбақ.

Ел руханияты үшін айрықша мерекеге орай, 10 тамыз күні сағат 18:00-де Саран қаласының мәдениет үйі орналасқан зәулім ғимараттың артындағы алаңда Мәдениет бөлімі мен Саран қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі бірлесе отыра «Абай үні – халық үні» атты поэзия кешін өткізбек.

Бұдан бөлек, дәл осы күнде орталықтандырылған кітапхана жүйесі №3 кітапхана филиалында сағат 12:00-де «Абай - дара, Абай дана қазақта» атты поэтическалық слэм, дәл осы уақыттарда № 4 кітапхана филиалында«Абай: величие полета» атты Абай оқулары, № 2 отбасылық оқу кітапханасында «Абай Құнанбаевтың «Ғаклия» - «Қара сөздер» кітабының 125 жылдығына арналған «Белгілі қайраткерлердің Абай туралы айтқандары» көзқарастар галереясы» атты іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

«Ұлт руханиятының темірқазығына айналған Абайдың 175 жылдығы аясында «Абай күні» деген атаулы датаның белгіленуі – барлық қазақстандықтар үшін қуанышты жаңалық болғанын білесіздер. Ұлы Абайдың бай шығармашылық мұрасында ұлттық өнеге мен мол тағылым жатыр. Сондай-ақ поэтикалық және композиторлық туындыларымен қазақ музыкасына жаңа леп әкелген Абайдың ән мұрасы ерекше сұлулығымен, көркемдік байлығымен, әуезділігімен құнды. Біз ұсынып отырған іс-шаралар легінде Абайдың шығармашылығына ғана тән бағдарламалар көрініс табады», - деп бөлісті бізбен тілдескен сәтте Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова.

Сонымен қатар, Ғалия Төлегенқызының мәлімдеуінше, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханаларында «Абайды оқимыз - Читаем Абая» (№4 кітапхана филиалы), «Абай - дара, Абай -дана қазақта» (№3 кітапхана филиялы), «Вся мудрость в книгах» (№1 отбасылық оқу кітапханасы) атты кітап көрмелері ұйымдастырылмақ.

Бұл көрмелер арқылы біз оқырмандарды Абай Құнанбаевтың шығармаларымен, оның өмірі мен қызметі туралы әдебиеттермен, сондай-ақ ақын шығармашылығын зерттеушілердің еңбектерімен таныстыруды көздепторыған жайымыз бар дейді ұйымдастырушылар.

Ендігі кезекте осы Абай күнін ұлықтауға қатысты өз ойымызды айта кетсек дейміз. Бұл жалғыз менің ғана ойым емес, бұл жан-жақты зерттеп-зерделенген, жан-жақтан жиналып – жасақталған еліміздегі орта буын өкілдерінің ойы деп қабылдаңыздар.

Кез-келген дүниені ұлықтау ең алдымен билік пен БАҚ қолында екені рас. Әрине ұлы ақын аз насихатталып жүрген жоқ. Бұл жерде туындайтын сұрақ «дұрыс насихатталып жүр ме?». Себебі, әр сөзге «Абай осылай депті» деу бір бөлек те, «Абай осы жерде осыны айтқысы келіпті» деп талдау ұсыну бір бөлек. Мысалы, бастауыш сыныптан «Ғылым таппай мақтанба» деп жатқа айтып келудеміз, бірақ ешкім жас балаға адам үшін ғылымның маңызы қандай екенін түсіндірмейді. Ал ол бала өскен соң барып қана ғылымның маңызын түсінуі кеш болады. Насихаттаған кезде тек қазақтың ұлы ақыны ретінде емес, әлeмдік дәрежедегі кемеңгер тұлға ретінде танытуға да барынша күш салғанымыз абзал. Себебі, Абайдың бала кезден-ақ әлемнің түрлі ғұламаларының шығармашылығымен таныс болып өскені рас. Өз кезегінде оның бәрі Абайды «толық адам» ретінде қалыптасуына өз септіктерін тигізді.

Тағы да бір дұрыс түсіндірілуі қажет дүние - бүгінгі жаңа технология мен инновациялардың ғасырында өз ұлттық қадір-қасиеттеріміздің маңызы. Себебі, жастардың Батыс Еуропа, Америка және Шығыс Азия мемлекеттерінің бүгінгі дәрежеліне еліктей отырып, қаңсықтарынa да таңсық болып отырғаны өкінерлік жайт. Қазіргі мемелекеттер мен ұлттар арасындағы өзара бәсекелестік адамгершілік қасеттерді аттап кетуге тырысып-ақ жүр. Ал осы тұста Абайдың «aқыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген сөзі тоқтау бола алуы керек.

Баңа қазақстан, жаңа өркениет деп жатырмыз. Негізі біздің жаңа қазастанның өркениеті әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Сол жаңа өркениетті қалыптастыруда, рухани жаңғыруда Абайдың қосар үлесі орасан. Себебі, біз өзімізге тән ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып қана алға қадам жасай аламыз. Бүгінгі адасқан өркениеттер арасында өзіңді жоғалтып алмау аса маңызды. Бұл туралы Абай да, әл- Фараби да сөз етеді. Шындығында, екі ұстаздың шығармашылығында ұқсастықтар біршама. Екеуінің де айтқысы келген ойы бір. Қайрат, ақыл, жүрек, толық адам. Міне дәл осы сөздерді негізге алып, екеуі екі дәуірдің адамы болса да бірдей түсіндіруге ұмтылады. Қызығы сол, бұл ұғымдарды әлі жете түсіне алмай жүруіміз. Оған себеп - Абай мен әл-Фaраби мұраларын дұрыс түсіне алмауымыз.

Абайдың өмірбаянына назар аударар болсақ, бір адам мұнша ілімді қалай меңгерген деп таңданатынымыз рас. Адамзат баласы Абай шығармашылығы мен еңбектерін жоққа шығара алғанымен, оның қаншалықты пайым көкжиегі кең тұлға болғандығын жоққа шығара алмайды. Сондықтан, Абайды оқытар тұста, ұлы ұстазбен таныстырар тұста бірден щығармашылығына назар аудартпай, оның кім болғанын көрсетіп-таныстырудың өзі жетістік. Абай шығармашылығын қанша жерден насихаттап жүргенімізбен, Абайдың өзі кім екенін әлі толық танып үлгермедік пе екенбіз деп қорқамын.

Абайдың дүнитанымдық көзқарасының біршама бөлігі «қара сөздерінде» жинақталған. Ұлы ақынды ұлықтаған тұста бұл сөздердің де маңызын анықтап бергеніміз жөн. Сондай-ақ, Абайдың қазақ менталитетіндегі кереғар әрі дұрыс емес тұстарын анық айқындап көрсетеді. Сол жаман жағымызбен күресуге әлі шамамыздың келмей жүргені де мақтанарлық жайт емес. Саясаттағы былықтарды «Болыс болдым, мінекей»  деп соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп берсе де, әлі де ол жағынан ақсап тұрғанымыз рас. Абайдың атын жамылып тек жалаң ұранға сала беру - ең үлкен қателігіміз. Ақынның дұрыс насихатталмаына бірден-бір әсер ететін де осы.

Абайдың шығармашылығымен танысқан соң барлығының «Абай жолын» оқуға қызығушылық танытатындары сөзсіз. Әлемнің біршама тіліне аударылып, өзіндік атаққа ие бола алған бұл еңбек бұдан кейін де кеңінен таралмаса, азаймайтыны рас. «Абай жолының» тек көркем шығарма ғана емес, бүкіл ұлттың ортақ қазынасы екенін дәріптеуіміз керек. Шығарманың ішіндегі әр кейіпкер бүгінгі қазақ қоғамының айнасы бола алады. Жалпы алып қарағанда «тегімді білгім келеді ұлтымды танығым келеді» дегеннің құралы осы кітап бола алса керек.

Егер, «Абай жолы айна болса»,  Абайдың өзі жол сілтеуші компас. Қазақтан шыққан ұлылар аз емес. Оның арасында ұлықтау керегі де, ұмытпау керегі де бар. Бастысы, Абай мұрaсын толық зерттеп, дұрыс ұлықтай алу.

Дайындаған Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ