Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні.

«Баршаңызды Абай күнімен құттықтаймын! Хакім Абай – ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісінде Абай өсиетінің маңызы зор. Адал азамат ұғымы ұлы ақынның «толық адам» тұжырымынан бастау алады. Біз Абай мұрасын насихаттауды жалғастыра береміз», – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі өз парақшасында.

Бұл күн 2020 жылдан бастап Үкіметтің қаулысымен Қазақстанда «Абай күні» деп бекітіліп, тойланып келе жатқан жайы бар.

Осыған орай кеше, яғни 10 тамыздағы дала данышпанының туылған күнінде ұлы ақынның есімін арқалаған шаһарымыздағы жалғыз қазақ мектебі болып есептелетін Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте «Қазақтың дара шыңы – Абай» атты іс-шара өтті.

Мерекелік іс-шара мектеп директоры Гүлден Иманкулованың аталған кештің құрметті қонақтарын білім ошағының табалдырығынан қарсы алудан басталды. Айтулы күнге арналған мерекелік шараның құрметті қонақтарының қатарында Саран қалалық маслихатының төрағасы Өміржан Зейнешұлы Баймағанбетов, Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Жаңбырбайұлы Бейскеев, Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Болатұлы Бақтыбаев болды.

Абай атындағы мектептің директры Гүлден Ерденқызы алдымен қалалық мәслихаттың төрағасы бастаған қонақтар делегациясын білім ошағының бірінші қабатындағы «Абай» залымен таныстырды. Ал мектептің белсенді оқушылары мен білікті ұстаздары залда орналасқан бала Абайдан бастап дана Абайға дейінгі әр  экспонат бойынша толыққанды мәліметтермен қанықтырды кеш қонақтарын.

Одан кейін құрметті қонақтар сол бірінші қабаттағы Абай оқу-танымдық кабинетіне ат басын бұрып, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Содан кейін мектептің кітапханасымен біріктірілген «Коворкинг» орталығына да барды. Бұл жерде кеш қонақтары ондағы құнды кітаптар мен заманауи жабдықталған құрылғылармен танысты. Ал білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев өз кезегінде аталмыш коворкинг орталығының шаһар бойынша ең бірінші ашылған орталық екендігін де мақтанышпен тілге тиек ете кетті.

Осылайша рухани экскурсиямен бастау алған рухани шара мектеп ұжымы ұйымдастырған «Қазақтың дара шыңы - Абай» тақырыбындағы шағын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Бағдарлама мектептің ұстазы Исатай Заманайдың Абай рөлін сомдаған шағын сахналық көрінісімен басталды. Қысқаша айтып өтетін болсақ, сахна төріне музыка ырғағымен жайлап басып, қолында кітабы бар Абай шығады. Алдымен Абайдың рөлін сомдаған Исатай Заманай «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңінен үзіндіні мәнерлеп оқып, данышпан ақынның жүрегінен шыққан өлеңді көрермен қауымның жүрегіне жеткізіп бергендей әсер қалдырды. Содан кейін өлеңді 38 қара сөзбен жалғастырадыда, артынан қолына домбырасын алып, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындай отыра, сахна сыртына шығып кетеді. Осылайша қазақтың біртуар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ұйымдастырылған шағын концерттік бағдарламаның шымылдығы түрілді.

Содан кейін аталмыш білім ошағының бастауыш сынып мұғалімі Қанапиянова Айым Олжасқызы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамылжыта орындап, көрермен қауымның құлақ құрышын қандырды.

Осыдан кейін барып, аталмыш мерекелік шараның құрметті қонақтары Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев пен Саран қалалық маслихатының төрағасы Өміржан Баймағанбетов ортаға шығып, шағын концерттік бағдарламсаны тамашалауға келген қауым мен мектеп ұжымын атаулы күн, айтулы мереке – Абай күнімен құттықтады.

«Бүгінгі ел руханиятындағы ерекше мереке Абай күні осымен үшінші жыл қатарынан тойланып отыр. Сонау 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Міне содан бастап, Абай күні — Қазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесіне енген ел руханиятындағы ерекше айтулы күн десек болады.

Неге десеңіз, Абай өзінің ерекшелігімен біздің ұлтымыздың, тіпті жалпы еліміздің руханият темірқазығына айналған ұлы тұлға. Бұл мейрам – ұлы Абайдың есімі әр жүрекке жазылатын күн. Ақын жырларын тебірене оқып, әндерін әуелете салатын күн. Абай дүниеге келген осы күнді қастерлей білсек, елдігіміз де биіктеп, өреміз де өседі», - деді өз құттықтау сөзінде қала әкімінің орынбасары Сағынбек Жаңбырбайұлы.

Ал Саран қалалық маслихатының төрағасы Өміржан Зейнешұлы: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, ұрпағына өшпес өнеге, өлмес білімді асыл мұра етіп қалдырған ұлы Абайдың туған күні құтты болсын Жерлестер!

Абай әлемі – шексіз әлем. Абай айтқан бес асыл істің бірі – еңбек. Хәкім халықты ғылым, біліммен қатар өнер үйренуге көп үндеді. Өлеңдерінде еңбексіз тапқан олжаның құтсыздығын, адал еңбек тіршіліктің тұтқасы екенін көркем жеткізді. Сонымен бірге тіршіліктің діңгегі татулық, достық екенін анық аңғартты. Бұл тағылым әлі күнге өзектілігін жоғалтқан емес.

Абайдай ғұламасы бар, біз, қазақ халқы бақыттымыз. Ал, сіздер, құрметті оқушылар, екі есе бақыттысыздар! Себебі, ұлы Абай атындағы білім ордасында оқисыздар. Сондықтан, Құрметті атауға ие мектептің абыройын аспандатып, Абай есімін әлемге танытуға өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін.

Ал, бұл күн бірлігі бекем қазақ даласын татулыққа шақыратын, адамгершілікке үндейтін, қастерлі күнге айналсын!», - деді өз сөзінде.

Шынында да Абайдың мұрасы халқымен бірге жасай бермек. Ұлы ақынның сол кезде жазған өлеңдері мен қара сөздерінің өміршеңдігі сондай, қазіргі замандағы хал-ахуалды тап басып көрсетеді. Абай армандаған «толық адам» болса ғана қазақ мұратына жетпек. Данышпанның өсиет сөздерін ұмытпай, одан тағылым ала білу кейінгілерге парыз болып қала бермек.

Шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, әндері орындалып, Абайдың бай әрі құнды шығармашылығы кеңінен насихатталды.

Кешегі ауыр да күңгірт заманда жалын боп жанып өткен Абайдың осы мұрасы туған халқы үшін ешқашан да сарқылмайды. Абай туған елін қаншама сүйсе, елі үшін күңіреніп, тебіренсе бүгінгі ұрпақ оны сонша құрметпен сүйіп отыр. Абай өзінің көзі тірісінде жетпеген арманына бүгінгі біздің заманымызда жетіп отырғандай. Өйткені, бүгінгі ұрпақ көзі ашық, ғылымға, білімге, өнерге құмар. Оны біз осы ақынның есімін арқалаған мектепте ұйымдастырылған дала данышпанының туылған күніне арналған мерекелік шара барысында байқадық. Мұндағы ұстаздар қауымы мен оқушылар Абай атамыздың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиетін көкіректеріне нық сақтаса керек-ті. Оған біздің көзіміз аталған іс-шара барысында әбден жетті.

Ендеше осындай тылсым күштің иесі бола білген, «Жүректен кіріп, бойды алған» күш иесі Абай атамыздың есімі ел есінде мәңгілік сақталсын дегіміз келеді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА