Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Үстіміздегі жылғы 16 тамызда Саран қаласы әкімдігінің конференц-залында қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеевтің төрағалығымен Кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Біріншісінде «Кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру туралы» Жас техниктер станциясы директорының міндетін атқарушы Наталья Сергиенконың баяндамасы тыңдалса, екіншісінде Саран қаласының ауруханасы директорының орынбасары Татьяна Шаравина «Кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу бойынша 2023 жылдың 7 айында атқарған жұмыстары туралы» баяндады.

Бірінші мәселе бойынша баяндаған Жас техниктер станциясы директорының міндетін атқарушы Наталья Николаевнаның мәлімдеуінше 2022-2023 жылғы оқу жылында Жас техниктер станциясындағы 12 үйірмеде 622 бала білім алған екен. Оның ішінде 57-сі ерекше білім беруді қажет ететін балалар.

Наталья Николавенаның айтуына қарағанда, аталған 12 үйірмеде өткізілген сабақтар барысында балалар инженерлік, техникалық, креативті ойлау қабілеттерін дамытып, ғылымның әртүрлі салаларында білімдерін қалыптастырып, бастапқы кәсіптік бағдар бойынша тәжірибе алу мүмкіндіктеріне ие болса керек.

«2022-2023 оқу жылында СЮТ үйірмелері түрлі деңгейдегі жарыстарға, олимпиадаларға және конкурстарға қатысып, 118 жүлделі орындар иеленді, бұл өз кезегінде  2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда 29 жүлделі орынға артық.

Жазғы кезеңде үйірмелердің қатысушылары 132 баланы қамтыған бес үйірмеде білімдерін шыңдады. Атап айтатын болсақ, олар «Жаяу жүргіншілер әліпбиі», «Ертегі дизайнерлері», «Өрт қауіпсіздігі ережелері», «Қауіпсіздік мектебі», «Умникум» атты үйірмелер.

Мәселен, «Жаяу жүргіншілер әліпбиі» үйірмесінде балалар жол ережесі туралы білімдерін бекітіп, кросворд, ребустар мен жұмбақтар шешті.

«Ертегілер дизайнерлері» үйірмесінде балалар компьютермен, бағдарламалармен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын бекітті, 3D қаламдарының көмегімен кейіпкерлер жасады.

«Өрт қауіпсіздігі ережелері» үйірмесінде балалар ойын түрінде көшеде және үй-жайларда өрт қауіпсіздігі негіздерімен және ережелерімен танысты.

«Қауіпсіздік мектебі» үйірмесінде үйірмешілер тұрғын үйде, көлікте, жолда адаммен болуы мүмкін жағымсыз қауіптер және олардың алдын алу мүмкіндіктері туралы білді. Сондай-ақ, үйдегі, қоғамдық орындардағы қауіпсіз мінез-құлық туралы, салауатты өмір салты, төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету туралы білімдерін шыңдады.

Ал «Умникум» үйірмесінде балалар жүргізілген эксперименттер негізінде логикалық қорытынды жасауға үйренді.

Бұлар бұқаралық жұмыстың стандартты емес түрлерін жүзеге асыру ғылыми-техникалық бағытты кеңінен насихаттауға және қаладағы балалар мен жасөспірімдерді қосымша біліммен қамтуды арттыруға көмектесетінін айқын көрсете алды», - деді кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі туралы баяндаған Жас техниктер станциясы директорының міндетін атқарушы Наталья Сергиенко.

Ал екінші мәселе бойынша баяндаған Татьяна Николаевна үстіміздегі жылдың 7 айы бойынша жасөспірімдердің жүкті болуының жаңадан тіркелген жағдайлары тіркелмегендігін айтады.

«Саран қаласының ауруханасы жасөспірімдердің жүктілігі мәселелері бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты негізде жүргізеді. Осылайша, 2023 жылдың 7 айында медицина қызметкерлері, психологтар, сондай-ақ акушер-гинеколог Н. Петприкованың қатысуымен қаланың білім беру мекемелерінде жастар денсаулық орталығының келесідей іс-шаралары өткізілді.

Мәселен, жасөспірімдер мен ата-аналар арасында «Ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбы бойынша МДО психологы О. Шевкунова 930 адамды қамтыған 47 іс-шара өткізді. Оның ішінде, «Пәктік - миф әлде қажеттілік пе?» тақырыбында 579 адамды қамтыған  32 дәріс, «Салауатты әдеттерге экскурсия» тақырыбын бойынша 286 адамды қамтыған 14 экскурсия, «Қазіргі жағдайдағы жыныстық тәрбиедегі ата-аналардың рөлі» тақырыбында 65 адамды қамтыған 1 ата-аналар жиналысы өтті», - деді өз баяндамасында Татьяна Шаравина.

Маманның айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктілік көбінесе мас күйде болу немесе психотроптық заттарды қабылдау салдарынан орын алып жатады екен. Осыған байланысты олар «Психоактивті заттарды қолданудың алдын алу» бойынша профилактикалық дәрістер, түрлі іс-шаралар мен әңгімелесулер өткізіп тұрса керек.

Күн тәртібіндегі мәселені жан жақты талқылап, ұсыныс-пікірлерді ескеріп, отырыс қорытындысымен тиісті хаттама жасақталды.

Кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Жаңбырбайұлы хаттамалық шешімге сәйкес тиісті уәкілетті органдар мен сала мамандарына нақты міндеттер жүктеп, бірқатар тапсырмалар берді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ