Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Біздің қазіргі өмірімізді ашық жарнамаларсыз елестету мүмкін емес. Жарнамалардың көптігі соншалықты, біз оларға кейде мән де бермейміз, себебі олар барлық жерде кездеседі.

Жарнама – тілдік құралдар арқылы да, вербалды емес құралдар арқылы да ұлттық мәдениеттің белгілерін көрсетуі тиіс. Ал ұлттық мәдениеттің танылуы тілдің ұлттық белгілері – сөз қолдану, граматикалық заңдылығы, нормалары игерілгенде көрінеді.

Жарнама мәтіні ұлт тілімен, ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасатын жағдайда ғана, өзінің негізгі мақсатын атқара алады. Еліміздегі жарнамалық қызмет Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарымен реттеледі. Заңнамалық нормалардың ең басты талаптарының бірі – барлық сыртқы және ішкі жарнамалар мен көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылуы қажет. Сонымен қатар, жарнама аудармасы оның мағынасын бұрмаламауы тиіс.

Әйтсе де жарнама берушілер орфографиялық қателіктерге қоса осы заңнама талаптарын орындау кезінде де жиі қателіктерге ұрынады. Көбінесе жарнаманың жоғары бөлігіне орыс тіліндегі нұсқасы орналасады немесе қазақ тілінде мәлімет беруді мүлдем ұмытып кетеді. Әсіресе, дүкен сөрелеріндегі тауарлардың сыртындағы мәліметтердің орыс тіліндегі нұсқасы еш қателіксіз жазылады да, мемлекеттік тілдегі нұсқасы қателіктерге толы болады. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің мәртебесіне де кері әсер ететіні сөзсіз. 

Қаламызда сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21 бабына және «Жарнама туралы» Заңында белгіленген талаптарына сай рәсімделуін қадағалау, көрнекі ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдегі мәтіндердің грамматикалық және стилистикалық қателерін түзету, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету мақсатында «Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ жанынан құралған жұмыс тобы ай сайын бекітілген кесте бойынша қаламыздың шағын және орта бизнес объектілерін рейд арқылы тексеріп отырады. Рейд барысында мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтін шағын және орта бизнес өкілдеріне Қазақстан Республикасының  «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарының талаптары түсіндіріліп, әдістемелік көмек көрсетіледі және ақпараттық парақшалар мен тілашарлар таратылады.

Жалпы атқарылып жатқан істе, қол жеткізген нәтиже де, талпыныс пен ұмтылыс та бар. Жүргізілген бақылау да нәтижесіз емес. Жыл басынан бері қаламызда 296 шаруашылық субъектісінің көрнекі ақпараттары заң талабына сәйкестендірді, «Жедел желі» бойынша 85 жеке кәсіпкерге әдістемелік көмек көрсетілді.

Осы орайда маңдайша, жарнама иелері 8 778 014 54 24 нөмірі бойынша Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының «Жедел желісі» арқылы жарнамалық мәтіндердің дұрыс аударылуын тексерте алады және аударма бойынша тегін көмек ала алатындығын естеріңізге сала кетемін.

Қазіргі таңда жарнама – бұл ақпарат қана емес, тілді қалыптастырушы, тілдің дамуына ықпал етуші құрал. Сондықтан барлық жарнамалар да, көрнекі ақпараттар да заң талаптарына сай рәсімделуі тиіс. Себебі, мемлекеттік тілдегі сауатсыз жарнама елдігімізге сын.  Мемлекеттік тіліміздің абыройын ойлау әрі оны қадағалау әрбір Қазақстан азаматының міндеті екенін естен шығармайық.

 

А. Нурмаханова,

Саран қаласының тілдерді

дамыту орталығының директоры