Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан да сол жастарымызды салауатты өмір салтын сақтап қалуға бейімдеу – басты назарда. Тек дені сау, спортқа жақын, саналы жас ұрпақ қана біздің сенімімізге селкеу түсірмесі анық. Ал сол жастарды темекі шегуден, арақ ішуден, нашақорлықтан және де тағы да басқа арам нәрселерден тыюдың бірден бір жолы ол әрине – спорт. Спорт – денсаулық кепілі деген ұғым осыдан туындаса керек.

2023 жылғы 23 тамызда «ТОРГОВЫЙ ДОМ ХОЛДИНГ АЛТЫН АРНА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен қала әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен Саран қаласында алғаш рет стритболдан «SARAN OPEN» облыстық турнир өтті. Кәсіби мереке – Спорт күні мен мемлекеттік мереке – Конституция күніне орайластырылған облыстық турнирге облысымыздың түкпір-түкпірінен барлығы 120 әуесқой стритболшыларды құраған 30 команда қатысты.

«Бізде бүгін Саран қаласында стритболдан жарыс болып жатыр. Аталмыш турнирге Қарағанды облысының Саран, Теміртау, Қарағанды, Шахтинск қалалары мен Қарқаралы, Абай сынды аудандарынан келген мектеп жасындағы балалар қатысып жатыр. Ойын қорытындысы бойынша соңында жеңіске жеткен және жүлделі орындарды иеленген командалар кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталатын болады», - дейді Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің бас маманы Мұхамедрахым Арнешев.

Бір күн бойы «Сұңқар» стадионы алаңының алдындағы ашық баскетбол алаңында кіл мықтыдан кім мықтыны анықтаған стритболшылар ойынына Қарағанды облысының «Қазақстан Республикасының Ұлттық баскетбол федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері төрелік етті.

Облыс бойынша ең мықты деген жас командалар бастарын біріктірген турнирде жеңіске ұмтылған әр команданың барлығы дерлік қара терге шомылғандай болып, өздерінің жетістіктерін көрсетуге тырысқаны байқалды. Әр жеңемін деп үміт артып келген команда өздерінің шеберлігтерін танытып дәлелдеді.

Өте тартысты өткен ойынның нәтижесінде бірінші орынды Қарағанды қаласынан келген «Space Jam» командасы қанжығалап, 100000 теңгеге сертификат ұтып алды. Абай ауданының «Monsters» командасы екінші орынға жайғасып, 80000 теңгеге сертификат иеленді. Ал жүлделі үшінші орынды иеленген Қарағанды қаласының «Soul G squad» командасына 50000 теңгелік сертификат бұйырды. Сонымен қатар, барлық командаларға ұйымдастырушылардың атынан медальдар, грамоталар мен кубок табысталды.

Шапағат Қосшығұлов