Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Өрт қауіпсіздігі қағидаларында жабық тұрақтар мен паркингтерде газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған автомобильдердің тұрағына жол берілмейді. Осыған байланысты, газ баллон жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұрақ саласындағы заңнама нормаларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында тамыз айының 24 мен 26 аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «ГАЗ БАЛЛОН» республикалық профилактикалық іс-шарасын өткізген болатын. Аталмыш республикалық шарадан саран қаласы да қалыс қалған жоқ.

Осы орайда тамыз айының 28 жұлдызында Саран қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Сергей Анищенко өткізілген республикалық профилактикалық іс-шарасы туралы мәлімдеу және көгілдір отыннан келетін қауіптің алдын алу мақсатында арнайы брифинг өткізді.

««ГАЗ БАЛЛОН» республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде газ-балондық жабдықпен жабдықталған көлік құралдарын пайдалану және тұраққа қою туралы заңнама талаптарының сақталуын тексеру мақсатында Саран қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің инженерлік-инспекторлық персоналы мен Саран қаласының Жергілікті полиция қызметі еріктілермен бірлесе отырып үстіміздегі жылғы тамыз айының 24-26 аралығында Саран қаласы мен Ақтас кенті аумағындағы паркингтерде, автотұрақтарда, жолдарда, автожанармай құю бекеттері мен автомобильге газ құю станцияларында профилактикалық рейдтер өткізілді.

Саран қаласының ЖПҚ және Саран қаласының ТЖБ өкілдері қатарынан құрылған бірлескен мобильді топ газ баллон жабдықтарының қауіпсіздік талаптарын түсіндіре отырып, көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен жиын өткізді, сондай-ақ автомобильге газ құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарын құюға жол бермеу туралы автокөлік құралдарының қызметкерлерімен және иелерімен профилактикалық жұмыс жүргізілді.

Бұдан бөлек, қала тұрғындарымен газ баллонды жабдықтарды пайдалану және қызмет көрсету ережелерін білу және сақтау тұрғысынан әлеуметтік сауалнама жүргізілген болатын.  Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, тұрғындардың білімі тиісті деңгейде екенін атап өткен жөн», - деді брифинг барысында Саран қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Сергей Анищенко.

Сонымен қатар ол тұрмыстық газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт пен жарылыстың алдын алу үшін қандай сақтық шараларын жасау керектігін де атап өтті.

«Біріншіден, тұрмыстық газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт пен жарылыстың алдын алу үшін 2 қабаттан асатын көппәтерлі тұрғын үйлерде газ баллондарын қолданбаңыз. Екіншіден, суықтан әкелінген баллонды бірден қоспаңыз, оны жылу көздеріне жақын қоймаңыз - бұл баллонның жарылуына әкеп соғады. Үшіншіден, газдың шығуын тексеру үшін ашық отты қолданбаңыз (ол үшін сабынды ерітіндіні қолданыңыз). Төртіншіден, газ аспаптарын қосу ретін сақтаңыз: алдымен сіріңкені жағыңыз, содан кейін газбен жабдықтауды ашыңыз. Бесіншіден, жұмыс істеп тұрған газ аспаптарын қараусыз қалдырмаңыз, қайнап жатқан сұйықтықтардың отты басып кетпеуін қадағалаңыз, Алтыншыдан, балалардың газ құралдарын пайдалануға жол бермеңіз және оларды қараусыз қалдырмаңыз. Жетіншіден, үй-жайларды жылыту үшін газ плиталарын қолданбаңыз. Сегізіншіден, ас дайындап болғаннан кейін газ баллонының клапанын өшіруді ұмытпаңыз», - дейді Саран қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.

Бұдан бөлек брифинг барысында сергей Анищенко қала тұрғындарын тұрмыстық газ баллондарын автомобильге газ құю станцияларында толтырмауларын қатаң ескертті. Себебі тұрмыстық газ баллондарында автомобиль газ баллондарында бар шектеулер қарастырылмаған. Ал автомобильге газ құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарын тексеру таразысымен тексермейді, бұл олардың мөлшеден тыс толып кетуіне әкелуі мүмкін. Рұқсат етілген газ көлемін сақтамау жарылысқа әкелуі мүмкін дейді ол.

«Газ баллонынан газдың шығуын байқасаңыз, алдымен газ беруді тоқтаңыз да терезелер мен есіктерді ашыңыз. Сіріңке, оттық жақпаңыз және жағылған темекімен газбалон тұрған бөлмеге кірмеңіз, жарық пен электр құралдарын қоспаңыз. Ал газ баллонынан өрт шықса, жалынды үрлеп сөндірмеңіз. Себебі газ жанып тұрғанша, жарылыс қаупі жоқ», - дейді Сергей Сергеевич.

Брифинг соңына қарай Сергей Анищенко газды пайдалану, газбен жабдықтау жүйесі объектілерін пайдалану қауіпсіздігі талаптарын бұзған жандар қандай жауапқа тартылатынын тілге тиек ете кетті.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабына сәйкес газды пайдалану, газбен жабдықтау жүйелері объектілерін пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін ақпарат тәртібімен хабарлаймыз:

  1. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасында белгіленген, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзу – жеке тұлғаларға – жеті, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
  2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
  3. Газ тұтыну жүйесіне тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді өз бетінше қайта қосу – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
  4. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасында белгіленген, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын қоспағанда, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзу – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
  5. Осы баптың төртiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады», - деді ол.

Брифинг барысында Сергей Анищенко қала жұртшылығына өрт қауіпсіздігі ережелерінде қозғалтқыштары сығылған табиғи газбен немесе сұйытылған мұнай газымен жұмыс істейтін газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған, өзге мақсаттағы және оларға жапсарлас салынған ғимараттарда, сондай-ақ жер деңгейінен төмен орналасқан автотұрақтар мен жабық типтегі үй-жайлар мен паркингтердегі автокөліктердің тұрағына тыйым салынғанын еске салды.

 

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ