Бүгін: 13.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Әлемдік өркениетке өз үлесін қосқан ата-бабаларымыздың болмысы, мінез-құлқы, ұлттық ұстанымы терең мағынаға ие болды. Қазақ халқының бай мәдениетінің шеңберінде ғасырлар бойы мән-мағынасы мол дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жеткізілді. Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе ол тілі мен мәдениеті және осылардың негізі болып табылатын діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі Ислам дінінде болған десек, еш қателеспейміз. Этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек мәдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр» деп айтқан болатын.

Иә, барлық заманда рухани құндылықтар адам қоғамы мен мемлекеттің дамуын негіздеуші күш болып келген. Қоғамдар мен мемлекеттерде орын алатын саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер рухани құндылықтардың тікелей ықпалымен жүзеге асады.

Қазіргі таңда жаһандық қауіптер мен қатерлер, елдердің өзара бір-біріне тәуелділігінің артуы рухани құндылықтардың жасампаздық сипатын жаңа деңгейде қажет етіп отыр. Осы ретте жақсылық пен әділеттілілік, төзімділік пен сенім, сүйіспеншілік пен патриотизм, өзге этностар мен дәстүрлерге құрметпен қарау сияқты мәңгі өшпейтін рухани-адамгершілік құндылықтар әлемнің барлық елдерінің күн тәртібіне шығып, ел басшылары тарапынан нақты қадамдар жасауды талап етуде.

Бұл жаһандық үрдістен еліміз де қалыс қалған жоқ. Турасын айтсақ, мемлекетіміз тәуелсіздігінің бастапқы күндерінен-ақ рухани құндылықтарды мемлекеттілігіміздің тірегіне айналдырды. Тағдыр тәлкегімен сан алуан этнос өкілдерінің Ұлы далада бейбітшілік пен қонақжайлылықты, төзімділік пен құрметті ту еткен қазақ халқының төңірегінде ұйысуы арқасында этносаралық және конфессияаралық келісімнің «қазақстандық үлгісі» дүниеге келді. Сан алуан түсініктері мен сенімдері бар Қазақстан халқының келісімі мен бейбіт әріптестігі мемлекетіміздің саяси тұрақтылығының сақталуы мен нығаюына, экономикасының қаулап дамуы мен әлеуметтік өрлеуіне жағдай жасады.

Діни мүддесі ортақ 18 конфессия өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп отырған Қазақстанның тәжірибесіне жаһандық деңгейде де қажеттілік туындады. Қазақстанның әлемнің діни лидерлерінің кездесу мен келіссөз алаңы болуы заңды.

Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің қалыптасуында еліміздің дәстүрлі діндерінің алатын орны ерекше. Қазақстанда ислам мен православие дәстүрлі діндер болып табылады. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның преамбуласында Қазақстан Республикасы «ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін» «негізге алады» делінген.

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен ел тұрғындары тарапынан дінге деген қызығушылық арта түсті. Әсіресе ислам дінінің қайта өрлеуі қоғамның барлық салаларынан көрініс тапты. Құлшылық етуге, діни білім мен ұйымдарға тыйым салатын заңдардың күші жойылып, конституция дін еркіндігіне кепілдік берді. Сонымен қоса, ислам діні бұрын басымдыққа ие болған Кеңес ұлты идеологиясына маңызды балама болып табылатын жаңа біріктіруші идеологияның басты құрамдас бөлігі ретінде қабылданды. Қазақстандағы ислам діні қазақ халқының ұлттық дәстүрлерімен тығыз қабысып жатыр.

Қазақстанның дәстүрлі діндері ханафи бағытындағы ислам мен православиелік христиандық арасындағы қатынас бастапқыдан құрмет пен сенім негізінде қалыптасты. Екі діннің де дінбасылары халық пен мемлекет тарапынан өткізіліп жатқан іс-шараларға белсенді түрде бірлесе қатысып, бір-біріне деген жақсы қатынас үлгісі арқылы халықты бейбітшілікке, өзара құрмет пен келісімге шақыруда. Жастардың рухани тәрбиесіне ерекше назар аударып, мерекелер мен мәдени іс-шараларды бірлесе өткізіп отыр. Мысалы, Ораза айт пен Құрбан айтта, Пасха мен Рождествода дәстүрлі діндердің діни қызметкерлерімен қатар қарапайым мұсылман мен православие өкілі салтанатты киімдерін киіп, гүл және кәдесыйларымен бір-бірін мерекемен құттықтайды. Салтанатты дастарқан басында өмірдің ең өзекті деген тақырыптары жайлы ашық та еркін түрде пікір алмасады.

Жалпы жер бетіндегі діни көзқарас, дүниетаным ежелгі заманнан бері келе жатқаны белгілі. Діндер өздерінде қалыптасқан мойындалатын құндылықтар жүйесін – рухани құндылықтар деп атайды.

Ислам дінінің ортаға шығуы Араб халифатының ұзақ және оқиғалы тарихының басталуын белгіледі. Жаңадан пайда болған, ыдыраған және қалпына келтіруден өткен мемлекеттік құрылымдар өз кеңістіктеріне көптеген этникалық топтарды, соның ішінде бай мәдени дәстүрді де енгізді. Ислам негізінде пайда болған өркениетте моральдық ережелер жүйесі де қалыптасты.

Ислам дінінің ерекшелігі – ол қоғамның барлық саласын, жеке адамның өмірінің, мәдениеттердің, салт-дәстүрлердің, тілдердің, саяси құрылымдардың әр түрлілігіне қарамай мұсылман қауымдастығының рухани құндылықтарының ұқсастығында. Соның арқасында әлемде миллиардтан аса өкілі бар бұл діннің ішкі тұтастығы мықты.

Мұсылман этикасы өзінің қайнар көздері тұрғысынан исламның діни жүйесімен байланысты болса да тек адам мен Құдайдың қарым - қатынасы саласын ғана емес, адамның мінез-құлқы және оның барлық аспектілерін, этикалық категориялардың зайырлы-діни  сипатты қарастырады.

Дәстүрлі исламдық ойда: «Құран сүннетті, ал сүннет Құранды түсіндіреді» деген қағида қалыптасқан. Ол ислам дәстүрінің беделді мәтіндері (Құран және сүннет) этикалық немесе заңды болсын, нормаларды қалыптастыруға негіз болған барлық жағдайларда әрекет етеді. Бұл қағида Құран да, сүннет те бір-бірінен бөлек мұсылман этикасының негізі бола алмайтындығын білдіреді. Құран мәтінінің кез-келген үзіндісін түсіндіру, біріншіден, Құран ережелерін (тәпсір, тәуил), екіншіден, сүннетті жақсы білуді талап етеді. Осылайша, Құран мен сүннет нормативті мұсылман этикасын жасауға негіз болатын беделді мәтіндердің біртұтас корпусын құрайды. Бұл тұрғыда мұсылман этикасын «Құран мен сүннет этикасы» деп атауға болады.

Ихсан – ислам этикасын қамтитын имандылықтың ең жоғарғы шыңы және мұсылманның өмірінің барлық саласын қамтыған адамгершілік нормаларының этикалық категориясы болып табылады.

Ихсан кез келген нәрсені дұрыс, жақсы, көркем түрде жасау, жақсы іс атқару, жақсылық қылу деген мағынаны білдіреді. Жаратушы сені көріп тұрғандай құлшылық жасау, көптің қолынан келе бермейтін, рухани кемелдену жолын көздеп, жаны мен тәнін түрлі кемшілік пен жамандық атаулыдан тазартып, Жаратушыға кіршіксіз таза көңілмен мойынсұнуды білдіреді.

«Дәстүрлі этика» термині «мұсылман этикасына» жақын мағынада қолданылады. Дәстүрлі этика дегеніміз – мәдени немесе басқа ерекшеліктеріне байланысты белгілі бір аймаққа тән моральдық нормаларды да білдіреді.

Қазақ халқының моральдық-этикалық тәрбиесінің басқа халықтарға ұқсамайтын өзіне тән мән-мазмұны, ерекшеліктері бар. Моральдық-этикалық дәстүрлер дегеніміз моральдық сана тәжірибесіне ендірілген, адамгершілік қатынас мазмұнында көрініс тапқан моральдық ережелер мен нормалар.

Тарихи кезеңдердің жаңа дәуірі туғанымен ешқашан құнын жоймайтын моральдық-этикалық категорияларға: ар, ұят, намыс, абырой, ұждан, борыш, парыз, т.б. жатқызуға болады.

Қазақ және мұсылман этикасы туралы басылымдарда «әдеп», «ахлақ», «мораль», «адамгершілік» сияқты ұғымдар қолданыла береді және оларға әртүрлі анықтамалар беріледі. Ал біздің мақсатымыз ел мұсылмандары ислам дінінің қазақылықпен ұштасқан этикалық нормаларын тұтастық шеңберінде ала отырып, алдағы уақытта қоғамымызда татулық пен тұрақтылықтың, ғылым мен білімнің, адамгершілік құндылықтарының дамуына өз деңгейімізде үлес қосу.

Адам үшін рухани құндылықтардың қажеттілігі әрдайым өзгеріссіз қала бермек. Өмір бағдарының бірі ретінде рухани құндылықтар адам баласына қоршаған ортаны тануға, өз тіршілігінің мән-мағынасын табуға, өзіндік даму мен жетілуге жәрдемдеседі. Дәстүрлі діндер рухани ағарту, тәрбие мен салт-дәстүрлерді сақтау мен жеткізу жолындағы маңызды факторлардың бірі әрі бірегейі болып табылады.

Мұхамедқали қажы Саликов,

Саран қалалық мешітінің найб-имамы»