Бүгін: 13.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Нашақорлық бүгінгі таңда адамзатты алаңдататын, әлемдік деңгейге көшкен проблемалардың бірі. Құқық қорғау органдарының нашақорлық дертін алдын алуға бағытталған шараларына қарамастан, бұл дертке ұшыраған адамдардың, сондай-ақ есірткіге байланысты қылмыстардың саны жылдан жылға өсіп келеді.

Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал қаншама отбасы бұдан бақытсыздыққа ұшырап, қаншама жан өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда, ал біз болсақ тікелей өз отбасымызға, өз басымызға қатысты болмаған соң, көрмеген, білмеген кейіп танытамыз. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымыздыда ауыртқымыз келмейді. Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді, артта ұрпақ өсіп келеді. Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз? - деген сауалдар әрине адам жанын мазалайды.

Есірткіге еліктейтіндер негізінен жасөспірімдер мен жастар. Осыған орай жуырда Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінде жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуға бағытталған шара өтті.

Қара шаңырақтың студент жастарымен болған кездесу шарасына Саран қаласы прокуратурасының прокуроры Досбол Сейдазым, Саран қаласы полция бөлімінің учаскелік инспекторы Мақсат Майпасов, Саран қаласының кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиясының хатшысы Наталья Пылаева қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, есірткі, оның ішінде синтетикалық есірткіні тарату, болашақ ұрпақтың әл-ауқатына үлкен қауіп төндіреді. Ал есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдында тұрған міндет.

Осы бағытта прокурор, полицияның учаскелік инспекторы және әкімдік қызметкері бірлесіп, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінің студенттеріне есірткі мен психотроптық заттарды қолданудың адам ағзасына зияны және есірткіні заңсыз таратудағы жауапкершілік туралы айтып берді.

Мәселен, Саран қаласы прокуратурасының прокуроры Досбол Өнербекұлының ресми мәліметтерге сүйене отырып келтірген дерегі бойынша елімізде 18 мың адам нашақор ретінде есепте тұрса керек.

«Алайда нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Шамамен 150 мың адам. Яғни, шағын бір қаланың тұрғындары деуге де болады. Бұны елестетудің өзі қорқынышты. Себебі әлемдік тәжірибеге сүйеніп айтатын болсақ, есірткі тәуелділігіне шалдыққан 10 адамның 1-уі ғана аты жаман дерттен бас тарта алады екен. Ал қалған 9-ының өмірі тым қайғылы аяқталса керек. Нашақорлар есірткі дозатын шамадан тыс пайдаланудан ғана қайтыс болмайды, көп жағдайда олар ВИЧ, гепатит, инсульт, инфаркт, цирроз сынды емі жоқ аурулардан немесе өз-өздеріне қол жұмсаудан өмірмен қоштасып жатады. Ал жалпы біле білсеңіздер, синтетикалық есірткіні қолданатындардың өмірлік циклы небәрі 5 жылдан аспайды. Сол 5 жылда көретіндері – азап, ауру және қорлық», – дейді прокурор Досбол Өнербекұлы.

Ал Саран қаласы полция бөлімінің учаскелік инспекторы Мақсат Майпасов пен Саран қаласының кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиясының хатшысы Наталья Пылаева жастарды жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Шара барысында олар нашақорлық індеті жер бетінде миллиондаған адамның өмірін жалмап жатқанын және аталған індеттің шекараны, жасты, нәсілді талғамайтынына тоқталды. Есірткіден бойды аулақ салудың маңыздылығын һәм салауатты өмір сүру салтын ұстанудың маңызды екендігін жеткізді.

Сондай-ақ, шара барысында студенттерге есірткі құралдарын, оның ішінде «синтетикалық» заттарды заңсыз сақтау мен өткізуге байланысты қылмыстардың құқықтық салдары туралы жеткізілді. Шара барысында жиналғандар есірткіні қолдануға теріс көзқарастарын білдіріп, нашақорлық-қорқынышты індет деген пікірлерін білдірді. Жастарға нашақорлықтың зияны туралы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.

Кездесу соңында прокуратура,полиция және әкімдік өкілдері жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді, ал студенттер танымдық іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор