Бүгін: 28.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Тағзым

Уақыт керуеніне бөгет жоқ,  осыдан бір жыл бұрын ұстаздардың Ұстазы, еліміздің орта арнаулы білім беру саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагер ұстаз, Саран қаласының «Құрметті азаматы», Қазақ КСР-нің және КСРО–ның үздік мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі – Әбікенов Қабдырахман Әбікенұлы осы өмір көшінде келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанған еді.

Қабдырахман Әбікенұлы 1930 жылы 23 ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бесоба ауылында дүниеге келген.

1945 жылы Қарқаралыдағы педагогикалық техникумға (қазіргі Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары уманитарлық техникалық колледжі) оқуға түсіп, оны үздік бағамен бітірген. Педагогикалық училищеде оқыған жылдары кәсіби тұрғыдан таңдау жасаған Қабдырахман Әбікенұлы 1947-49 жылдары Қарағандыдағы екі жылдық мұғалімдер институтында оқып, «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алады.

1950 жылдан бастап, бүкіл ғұмырымен біте қайнасқан өнегелі ұстаздық қызметі әуелі № 6 Жезқазған орта мектебінде қазақ тілі мұғалімінен басталып, Жезді ауданындағы Марганец селосында, одан әрі Павлодар облысының Май ауданындағы «Қызыл еңбек» деп аталатын орта мектепте жалғасын табады.

Қабдырахман Әбікенұлы 1951 жылдың жазында Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға түседі, 1956 жылы ойдағыдай аяқтап, Саран қаласына қоныс тепкен педучилищеге мұғалімдік қызметке орналасады.

Мол тәжірибе жинақтаған ұстаз алдымен училищенің бөлім меңгерушісі, одан кейін оқу ісінің меңгерушісі міндеттерін атқарып, 1976 жылы оқу орнының директоры қызметіне тағайындалды. 20 жылдан астам оқу ордасының басшысы міндетін атқара жүріп, азаматтық кемелдену жолдарынан өтеді. 1997-2002 жылдар аралығында сырттай бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.

Қабдырахман Әбікенұлы басшылық еткен жылдары училище толағай табыстарға жетіп, 1972 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, 1981 жылы социалистік жарыста Кеңес Одағындағы 480 педагогикалық училище арасында бірінші орынға шығып, КСРО Оқу-ағарту министрлігінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Ұлағатты ұстаз, іскер де байсалды басшының атқарған ұлан-ғайыр еңбегі әрқашан да әділ бағаланып отырды. Қазақ КСР және КСРО «Ағарту ісінің үздігі» белгілерімен марапатталған Қабдырахман Әбікенұлына  1980 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» деген құрметті атақ берілді. Осы жылдар ішінде ол әлденеше рет Саран қалалық  Кеңесіне депутат болып сайланды. 1996 жылы Саран қаласының «Құрметті азаматы» атағын иеленді. Зейнетке шыққан шағында да Қабдырахман Әбікенұлының өнегелі істері кейінгі буынға үлгі болып, ұлағатты ардагер ұстаз 2015 жылы Қарағанды облысы әкімінің білім беру саласына тағайындалған  «Білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін» номинациясымен марапатталды.

Барлық қажыр-қайратын, күш-жігерін білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне арнаған Қабдырахман Әбікенұлының есімі ел тарихында қалатын асыл тұлғалардың қатарында. Білікті басшы, білгір ұйымдастырушы, көрнекті ұстаз басқарған, қызмет жасаған білім ордасының жұлдызы әрдайым жарқырап жанып, тәрбиелеген шәкірттері биік белестерді бағындырып көптеген жетістіктерге жетті. Өйткені, ол парасатты да әділ басшы, жан-жақты білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, алыстан ойлайтын алғыр да ардақты жан еді. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, өскелең ұрпақтың білімді, әрі озық ойлы болуы үшін аянбай тер төккен ұлағатты ұстаздың елеулі еңбек жолы елге үлгі- өнеге. 

Өмір – барлық адамға өлшеулі. Өзіне берілген уақыт ішінде ғибратты ғұмыр кешіп, бір әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналған ардақты ұстаздың есімі артында қалған халқы мен білім шырағын жаққан жүректерде мәңгі сақталады.

 

Саран қаласының әкімдігі,

Саран қалалық мәслихаты,

қала жұртшылығы,

Абай Құнанбаев атындағы

Саран жоғары гуманитарлық-

техникалық колледжінің

ұстаздар ұжымы