Бүгін: 28.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

№ 6 жалпы білім беретін мектебінің ұжымы оқушылардың күзгі демалыстарының мәнді де мағыналы өтуіне аса зор жауапкершілікпен жоспар құра отырып, жүйелі түрде ұйымдастыра білсе керек. Күзгі демалыстағы белгіленген жоспарлардың бірі – мұражайға бару болған екен. Осыған орай, жуырда аталған білім ошағының оқушылары мен мектеп ұстаздары Долинка кентіндегі репрессия құрбандарының мекені болған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мұражайына экскурсияға барып қайтты.

Музейдің экскурсия жүргізушілері тарих пен ҚарЛАГ тұтқындары туралы әңгімелеп, экспозициялық залдар саяси қуғын-сүргіннің түрлі кезеңдерінің тарихын ашса керек. Патриоттық сезімдерді және халықтың тарихи өткенге құрметті тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға 8 «Д» және 8 «А» сыныбының оқушылары қатысты.

Ендеше саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұтқындардың тағдырын трагедияға айналдырған Қарлаг лагерінен арнайы жасаған мектеп оқушыларының экскурсиясынан азырақ сыр шертіп өткенді жөн көрдік.

Үстіміздегі жылғы 31 қазанда № 6 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары мен ұстаздары Сораңдыдан 26,7 шақырым, алҚарағандыдан 45 шақырым қашықтықта орналасқан Долинка ауылында омыртқаны опырған отызыншы жылдардың озбыр саясатынан сыр шертетін Қарлаг лагеріне арнайы ат басын тіреді.

Лагерь қабырғасында орналасқан музейдің табалдырығын аттағанда, мұнда қойылған мұңды әуен мен зарлы күйден экскурсия мүшелерінің көңілі бірден құлазып салды. Ашаршылықтың ащы ақтаңдақтарын аңғартқан адамдардың фотосуреттері, қиянат-қысым көрген тұтқындардың томаға-тұйық бейнелері, жазықсыз жазалаулар, күштеп қоныс аударылған халықтың күрсіне күңіренген кейіптері, зындандағы зорлық-зомбылықтар жүрекке зіл салып, көңілге кірбің ұялатты.

Оқушылар экскурсия жүргізушісінің әңгімесіне еріксіз құлақ асып, тылсымға толы тарихымызға терең бойлады.

Одан кейін - Лагерьдің жертөлелері мен карцерлер орналасқан бұрынғы барақтар шындықтың шыбын жанын шырқыратады, – деген музей қызметкері экскурсия мүшелерін лагерьдің жертөлесіне шақырды.

Мұндағы «зынданы бар камера», «Карцерге түскен «қылмыскер» бейнеленген экспонат, «Қорлау камерасы» әбден шаршап-қажыған тұтқындардың бейнелі экспонаты орналасқан бөлме туралы музей қызметкері келтірген деректер оқушыларға естен кетпес ерекше әсер қалдырса керек.

Содан болар, мұражайға барған ұстаздар: «Мұндай мұражайы бар ел – келешегін ойлаған ел. Өскелең жас ұрпақ бүгінгі Тәуелсіздіктің қандай жолмен келгенін біліп, оны құрметтеуге үйренеді. Мұражайдан алған әсеріміз шексіз», - деп алған әсерлерін айтып, ой бөлісіп жатты.

Жоғары сынып оқушылары жазықсыз жапа шеккен, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтардың көрген қорлықтарынан сыр шертетін түрме бөлмелерінен қорқыныш сезімі ұялағанын айтты. Сонымен қатар, олар қазақ халқының басынан өткерген саяси қуғын-сүргін тарихынан сусындап, маңызды мәліметтермен қанықты. Мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен саяхат сабағының маңызы зор екендігін тілге теик етіп, бүгінгі егемен елдің жеткіншектері атадан балаға мирас болған тарихи құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтайтынын айтты.

Карлаг Орталық Қазақстан аумағының  ауқымды бөлігін қамтыды.  ГУЛАГ жоспары бойынша мұнда 32 мың тұтқын ұсталуы тиіс болса, шын мәнсінде мұнда 75 мың адам жазаланды. 1930-1956 жылға дейін Карлагта болған тұтқындар саны 1 миллионнан асты. Бұл зобалаң іздері Қазақтың иен даласында ғана емес, халық санасына да әбден сіңіп қалған сияқты.

Кеңестік қызыл режим қыспаққа алғанда бүкіл қазақ даласы бір-біріне жау болып, бір-бірін аңдысқандай көрінеді.

Бұл кезде қуғын-сүргін бүкіл елді жаулап алды. Қалада, ауылда «халық жауларын» әшкерелеу, кінәсін мойындату науқаны қызу жүріп жатыр еді. Тек саясатқа қатысы бар, ел басқарған, оқыған-тоқыған ер-азаматтар ғана емес, ештеңемен ісі жоқ, ауылда мал баққан момын адамдардың өзідері де айдауда кете барды. Әке мен бала, ағалы-інілі, апалы-сіңілілі, ерлі-зайыпты адамдар бірін бірі қаралап, арызданған кез еді. Долинкадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» ммұражайфы қызметкерлерінің айтуынша осы қуғын-сүргін жылдары шамамен 4 млн жуық шағым түскен дейді. Бірін бірі батырым дейтін, жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған, қойдан жуас қазақты бір біріне айдап қойған сол зұлмат жылдар зобалаңын енді ешқашан басымызға бермесін деп тілейміз.

    

  

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ