Бүгін: 27.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Әскери қызмет - кез-келген ер жігіттің өмір мектебінен өтетін бір кезең. Отанды, елді қорғау жолында бір жыл атқаратын әскери қызмет - әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Елді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы, шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі.

Қорғаныс қабілетін үнемі арттыру – мемлекеттік стратегиялықміндеттерінің бірі. Қазақстандық армия кез-келген уақытта Отанды қорғауға бел бууға дайын болуы керек. Қарулы күштер елдің егемендігі мен тұтастығының сенімді кепілі, халықтың ертеңгі күнге деген бірлігі мен сенімінің тірегі болып табылады».

Сондықтан, әрбір ер азамат әскерге баруды абыройлы міндет ретінде сезіне отырып, ел алдында берген антты орындайтын үлкен асу баспалдағы тұрғанын естен шығармауы тиіс. Елімізде 18-27 жас аралығындағы денсауылығы жарамды ел азаматтары міндетті түрде әскерге шақырту алады.

Сондай-ақ, шақырту алған әрбір азамат Ата заңға сәйкес Қазақстан Қарулы күштерінің қатарына қабылданып, елдің тыныштығын күзетуге, адал борышын атқаруға ант береді.

Сөзбен патриот болу әркімнің қолынан келеді, бірақ іс жүзінде шынайы ел жанашыры болу үшін басты бәйгеге тігу керек. Осы жағынан келген кезде еліміздегі әскери орындардың мүддесі берік, тәртібі қатал.

Десе де, «армия» дегенді естігенде ат тонын ала қашатындар да аз емес. Бірі – қала кезіп жұмыста жүр, біреуі – оқуын жалғастыруда. Ал, енді бірінің – батылдықтан гөрі қорқынышы басым. Бірі – үйінің жалғызы, енді бірі – асыраушысы.

Алайда олар дәл осы тұста Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі екендігін ұмытпауы керек. Ал, мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық.

14 қараша күні 44803 әскери бөлімінің қызметкерлері қалалық мәдениет үйінде 9 және 11 сынып оқушыларымен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізді. Ондағы мақсат - қоғамда әскери қызметті дәріптеу, жоғары әскери оқу орындарына түсу бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және сол арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу.

Іс-шараға 44803 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Ринат Қабышев, С-300 бөлімшесі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Олжас Исмаилов, қатардағы жауынгерлер Нұршат Ағаділов пен Александр Кузминых, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ Саран қалалық филиалының төрағасы Жұмабике Токушева, Саран қаласы ішкі саясат бөлімінің маманы Гүлзият Ханафина қатысты.

Кездесу барысында әскери қызметкерлер оқушыларға әскери қызметтің артықшылықтары, әскери әлеуметтік пакет және жас мамандарға әуе шабуылына қарсы қорғану әскері қатарына қалай қосылуға болатыны туралы айтып берді.

Кездесу басында сөз алған 44803 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Ринат Маратұлы мектеп бітіруші жастарға мамандық таңдау жөнінде өз ақыл-кеңесін айтып, осы тұрғыда әскери борышын өтеген жастарға қандай жеңілдіктер берілетіні жайында кең көлемде түсінік берді.

«Биылдан бастап әскери борышын өтеп келген азамат еліміздің кез келген жоғары оқу орнында грант есебінен тегін оқи алады. Қазірдің өзінде еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарына түскен жастарымыз бар. Бұл – жастарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік және қамқорлық. Сондықтан әскерге баруға талпыныңыздар, ұмтылыңыздар», – деді өз сөзінде 44803 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Ринат Маратұлы.

Ал «Ардагерлер кеңесі» РҚБ Саран қалалық филиалының төрағасы Жұмабике Мұхаметжарқызы: «Әрбір жігіт сарбаз атанып, қолға қару ұстап, Отанды қорғауға жастайынан дағдылануы тиіс. Әскер – соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы..», - деп, жастарды әскери борышын өтеуден қашпауға шақырса, қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы Гүлзият Келдібекқызы: «Әскер ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын орта. Жігіттік жігері жоқтығынан әскерден қашқандар Отанына адал қызмет ете алмайтыны анық...», - дей келе, жастардың жігерін қайраттандырды.

Әскерге жарамды 18-27 жас аралығындағы кез келген Қазақстан азаматы Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Қазіргі қоғамда әскери өмірдің қиындығы туралы түрлі қауесет тарап жүр. Сондықтан, жастардың әскерге барудан қорқақтайтыны жасырын емес. Бірақ, 44803 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгерлер Нұршат Ағаділов пен Александр Кузмины қорқудың қажеті жоқ екендігін айтты.

Іс-шараға қатысушылардың арасында 2023 жылдан бастап іске асырылатын мерзімді әскери қызмет өткергендер үшін жоғары оқу орындарында оқуға арналған жеңілдіктер ерекше қызығушылық тудырды.

«Келешегін Отан қорғау жолына арнағысы келетін жастар Қазақстанның әскери жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар шетелдік оқу орындарда да білім ала алады. Білім алу мемлекет есебінен жүргізіледі», – деп атап өтті өз кезегінде С-300 бөлімшесі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, майор Олжас Исмаилов.

 

   

 

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор