Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір – қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін – келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз – ана тіліміз – қазақ тілі.
Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жарияланды. «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашылды. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыру үшін бар күш – жігерді аямай, еңбек ету керек. Біздің басты міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру.
Тәуелсіздікті алғаннан бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті артыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес.
Бірақ, жоғарыда айтып кеткендей, қанша жылдан бері атқарушы билігіміз тіл туралы саясатты жүзеге асырып келе жатса да, қазақ тілінің дамуы әлі де болса кешеуілдеп тұр.
Расымен де ата – бабамыз елін, жерін, тілін, дінін жаудан өле – өлгенше қорғап өтті емес пе? Осыған бас ауыртатын ұлт жанашырларының саны некен саяқ. Себебі, көшеде, жарнамаларда бір қателіктерді көріп жатсақ, үйреншікті нәрседей, байқамай жүре береміз.
Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тіл емес пе еді. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің ата – мекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Өз ана тілін ұмытқан адам – өз хақының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Осыны қазақ жастары түсінсе екен дейміз.
Алайда осыны ескермей орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тіліндегі әнді тыңдауды қор санап жүрген қазақ жастары қаншама. Кейбір мекемелерде орыс тілінде сауатты жазылған сөз, қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып тұрғанын көреміз. Мұны оқығандардын бірі езу тартып күлсе, енді бірі оған мән бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бәлкім.
Бұған жауап ретінде ақын Оразақын Асқардың мына бір өлең жолдарын алар едім:
«Ана тілінде ата – баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар».
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте», – дейді Қадыр ақын.
Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен.
Өзгенің құлы емес, өз еліміздің ұл – қызы болайық, өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асқақтатайық!
Саран қаласының полиция бөлімі
Ж.Джумашева