Бүгін: 23.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Соңғы кездері интернет-алаяқтар әлеуметтік желілерде, соның ішінде «OLX», «Kolesa.kz» сайттарында және Telegram, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде белсенді болып, жалған боттар жасау арқылы қолданушылармен хат алмасып, олардың сеніміне кіреді.

Полиция қызметкерлеріне әлеуметтік желілерде алаяқтарды анықтау оңай емес. Бұл – өте мұқият, күрделі және көп қырлы жұмыс.

Соңғы жылдың мәліметтеріне көз жүгіртсек алаяқтық қызмет түрлері жиілеп кеткендігін байқауға болады. Күнделікті өмірде ұялы телефонымызға әртүрлі хабарламалар мен нөмерлерден қоңырау шалып жатады. Қарапайым халықтың кейбір бөлігі бұл әдістердің алаяқтардың іс-әрекеті екенін бірден аңғарса, кейбіруі тұзаққа түсіп, шығынға батып жатады. Жыл сайын алаяқтық әрекеттерден жеке тұлғалар, мемлекеттік ұйымдар шамадан тыс көп қаржы жоғалтады.

«Көп жағдайда алаяқтар адамның жеке нөмеріне смс хаттар жіберіп, белгілі бір ұтыс ойынынан сыйлық ұтып алғанын, ол сыйлыққа қол жеткізу үшін активациялық код айту керек екенін немесе қаражат аудару керек екені жайлы хабарлайды. Ойында ешқандай күмәні жоқ, сыйлық ұтып алғанына қуанған адамдар алаяқтардың алдауына тез түседі. Алаяқтықтың бұндай түрлері бұрыннан келе жатқаны жасырын емес. Бірақ қазір алаяқтар трансұлттық топтар құрып, жағдайды мүлдем ушықтыруда. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде алаяқтардың арбауына түсіп, бар жиған қаражатынан айырылып, сан соғып қалып жатқандар өкінішке орай артуда. Мемлекет тарапынан күдікті хабарламаларға жауап бермеуге, назар аудармауға кеңес берілсе де, әзірге оң нәтиже беріп жатқан жоқ.

Оңай олжа көздегендер өздерін әлеуметтік, зейнетақы және коммуналдық мекемелер өкілдері ретінде таныстырып, арзан бағада азық түлік және басқа да қажетті заттар алуға ұсыныс жасап, азаматтардың сеніміне кіріп, арбауына түсіруде. Көп жағдайда, алаяқтар қарт кісілерді, қаржылық көмекке мұқтаж азаматтарды таңдап, оларға баспана алуға көмектесемін, аз пайыздық мөлшермен несие алып беремін деген желеумен алдайды.

Сондай-ақ қазір ғаламтор желісіндегі алаяқтық қылмыстар да өсіп отыр. Алаяқтар әлеуметтік желілерде тұрмыстық заттарды сату-жеткізу парақшаларын ашып, алдын ала ақшасын тиісті есеп-шотқа аудартып алады, тапсырыс берушінің жеке мәліметтері арқылы сырттай онлайн несие рәсімдейтіндер де бар. «WhatsApp» желісінде пайыздық мөлшермен үстемақыны көбейту секілді смс хабарламаларға алданып, көрсетілген есеп-шоттарға ақша аударатындар бар. Бұл алаяқтың алпыс айласының бірі.

Негізгі мақсаты – ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге және ашуға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізу болып табылады.

Заманға сай түрлі ақпараттық технологияларды қолданатын қала тұрғындарынан алаяқтардың қармағына түсіп қалмас үшін өте сақ болуды сұраймыз», - дейді Саран қалалысы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Талғат Оспанов .

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқауына сәйкес 2023 жылғы қараша айының 20 мен 22 күндері аралығында Саран қаласы полиция бөлімінің ұйымдастыруымен Саран қаласы мен Ақтас кентінің аумағында ақпараттандыру және байланыс саласындағы, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыруға бағытталған Республикалық «Hi-tech» жедел - профилактикалық іс-шарасы өтті.

Саран қаласының ПБ қызметкерлері өткізіліп жатқан іс-шара шеңберінде қала тұрғындарымен профилактикалық жұмыстар жүргізді.

Профилактикалық сипаттағы буклеттер хабарландыру тақталарына, үйлердің аулаларында, сондай-ақ дүкендерде орналастырылды. Сонымен қатар, Саран қаласының емханасында, «ОПТИМА» супермаркетінде жадынамаларды тарату бойынша жұмыстар жүргізілді.

Қалалық полиция қызметкерлері интернеттегі алаяқтық, құқық бұзушылықтар турасында орын алған қылмыстарды ашу және олардың алдын алу бағытында біршама жұмыстарды атқарды.

Айта кетейік, бұл күндері қылмыстардың басым көпшілігі танымал онлайн-сервистерде алдын ала төлемді талап етумен ­тауарларды және қызметтерді сату туралы хабарландыруларды орналастыру арқылы жасалады екен. Тәртіп сақшылары 2 күннен бері шаһардағы ахуалды бақылауға алып, қылмыстық істерді болдырмау бағытында үздіксіз жұмыс істеп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Азаматтарға интернет - алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

 

     

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор