Ислам діні ұлы қазақ даласына келгеніне он екі ғасырдан асты. Он екі ғасыр бойы қазақтар бір мәзһабпен – бір жолмен, бір бағытпен, бір көзқараспен бір Аллаға құлшылық етіп, Исламның бес парызын бұлжытпай орындап келеді. Ертеректе біздің аталарымыз орасан зор мақтаныш сезіммен: «Біз ең ұлық имам – имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабынанбыз!» дейтін.
«Мәзһаб» деген сөздің екі мағынасы бар. Оның тілдік мағынасы – «жол, жүріс-тұрыс, әрекет ету», ал шариғи мағынасы – «мектеп, ілім, діни ғылым». Ислам дінінде «аһлу сүннә уә жамаъа» болып есептелінетін Ханафи, Шафиғи, Малики және Ханбали деп аталатын төрт мәзһаб бар.
Бүкіл әлем халқының төрттен бірі мұсылман болса, солардың 48 пайызы Ханафи мәзһабында. Негізінен Ханафи мәзһабын тоғызыншы ғасырдан бастап Үндістан, Қытай, Индонезия, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кауказ, Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары ұстанады.
Әбу Ханифа өзінің пәтуә шығару тәсілін: «Ең бірінші Құраннан үкім көрсем соны аламын. Құраннан таппасам, Пайғамбардың хадистері мен сүннеттеріне қараймын. Пайғамбардың хадистері мен сүннеттерінен таппасам, бірлесе отырып ортақ келісіммен шығарылған сахабалардың үкімдерін аламын. Олардың арасында тартыс болған болса немесе біреулері келісімге келсе, олардың арасынан жөн көргенімді қабылдап, жөн көрмегендерімді теріске шығарамын» деп түсіндірген.
Ханафи мәзһабы – аят-хадистер негізінде жүйелі ойлаудың үлгісі, адам баласының сенім, ғибадат, ахлақ, жан-дүниесі мен сыртқы көрінісі арасында тепе-теңдікті негізге алған, уақыт өте келе бір жүйеге түсіп үлкен мектепке айналған, әлемнің түкпір-түкпіріне тараған, төзімділікті насихаттайтын даңғыл жол.
Ханафи мәзһабының өзге мәзһабтардан ең негізгі айырмашылықтарының бірі – шариғат дәлелдерінің қатарына әдет-ғұрыпты да қосуы. Әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки, пәтуа беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады. Әдет-ғұрыпқа мән беріп, оны негізге алу – Ислам құқығының динамизмін, барлық уақытта жергілікті халықтың дүниетанымына сай келетін кеңдігін көрсететін бірден-бір ерекшелігі.
Мұхамедқали қажы Саликов
Саран қалалық мешітінің найб имамы