Бүгін: 10.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

15 ақпан күні Саран қаласында Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер еске алынды.

Осыдан 35 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Он жылға созылған соғысты ұмыту мүмкін емес. Әсіресе,  өмір мен өлім белдескен жат өлкеде күрескен майдангерлер үшін оңай соқпағаны хақ. 

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына –  35 жыл. Осыған орай, жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.

- Мен жауынгер-интернационалистерді, олардың барлық туыстарын құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін.  Ешкім ауырмасын, аспанымыз ашық болсын. Ешқашан соғыс болмасын,-деп сол күні тілегін білдіре кетті Ауған соғысының жауынгері және ардагері Василий Казимир.

Одан кейін табандылық пен ерліктің жоғары үлгісін көрсеткен, бүгінде ел жастарын ұлтжандылыққа тәрбиелеп, белсенді азаматтық ұстаным танытып жүрген Ауған соғысының ардагерлері қалалық мәдениет үйіне бет алып, онда қалалық орталық кітапхананың «Ауғанстан: XX ғасырдың трагедиясы мен ерлігі» атты кітап көрмесін, орталық      фойеге кірген бетте көзге түсетін «Саран:Бүгін.Ертең.Кеше» көрмесіндегі фотоколлаждар мен жас қылқалам шеберлері салған туындыларды тамашалап, «Время выбрало нас» атты мерекелік концерттің қадірменді қонағы болды.

Батырлық мен төзімділікті көрсете білген батырлардың есімдері еліміздің жылнамасынан мәңгілікке өшпестей із қалдырды. Жат өлкедегі қатыгез соғыс біздің халқымызға орны толмас қайғы-қасірет пен мұң-зар әкелді. Концерттік бағдарлама аясында жиналған барлық қауым ерлікпен қаза тапқан жауынгер-интернационалистерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ, Саран қалалық мәслихатының төрағасы Өміржан Баймағанбетов сөз сөйлеп, жастарға патриоттық тәрбие беруде өз үлесін қосып жүрген Ауған соғысының ардагерлеріне ризашылығын білдіріп, дендеріне саулық, жанұяларына амандық тілей отыра, қаламыздың жауынгер-интернационалистерін Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай мерейтойлық медальдарымен және Саран қаласы әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар, қаржылай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Марапаттау сәтінде сөз алған Ауған соғысының ардагері Роберт Арсентиев Саран қаласының әкімдігіне, әскери бөлім командирлеріне және ізгі тілегін білдіріп жатқан ардагерлер мен жас буын өкілдеріне алғысын айта кетті.

Атаулы датаға орай ұйымдастырылған салтанатты шара қаламыздың өнерпаз ұжымдарының әсем өнерімен жалғасты. Отанды сүю, туған жерді қорғау тақырыбындағы әскери-патриоттық әндер шырқалып, өлеңдерден шашу шашылды, хореографиялық композициялар қойылды.

  

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА