Бүгін: 28.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

23 ақпан күні қалалық мәдениет үйінде «Күй–тәңірдің күбірі» атты облыстық домбырашылар фестиваль-байқауы өткізілді.  Өнерді сүйетін, екі шекті, көп пернелі астаптың құлағында ойнайтын жас күйшілерді сынаған додаға 230 оқушы қатысқан.

«Күй–тәңірдің күбірі» атты  облыстық домбырашылар фестиваль-байқауына алыс-жақын демей Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай, Балқаш, Приозерск қалаларынан, Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра, Шет, Бұхар жырау, Осакаров аудандары мен Дубовка, Жарық, Ақадыр, Доскей, Ғ. Мұстафин ауылдарынан жас домбырашылар қатысты.

Ашылу салтанатында сөз алған Саран қаласы балалар өнер мектебінің директоры Толқын  Мусалиева: «Әр шаңырақтың төрінде ілулі тұрған домбыра ұлттық өнерді, ұлттық кұндылығымызды ұлықтайды. Құрметті күй өнерінің додасына түсіп, өнер жарыстырғалы отырған қатысушылар, сіздерге сәттілік тілеймін», - деп өзінің құттықтау сөзінде жастарға сенім білдіре отыра, өнерлері үстем болуын тіледі.

Байқау ұлттық дәстүрді күй өнерін оқушылар арасында кеңінен насихаттау арқылы жас өнерпаздардың бойында мәдениет пен ұлттық өнерді сақтау, дәстүрлі күйге деген қызығушылығын арттыру, ұлттық күй өнері арқылы жас  ұрпақты жеке тұлға ретінде қалыптастыруға ықпал ету  мақсатында ұйымдастырылған. Күй тартысқа тек 7 мен 16 жас аралығындағы жас домбырашылар қатысқан. Жас ерекшеліктеріне қарай кіші, орта және үлкен топ болып бөлінген. Байқаудың шартына сәйкес кіші топ қатысушылары халық күйін, орта топ төкпе күйін, ал үлкен топ шертпе күйін дайындаған. Сондай-ақ, жас өнерпаздардың сахналық мәдениетін және эстетикалық талғамын қалыптастыруға,  жоғарлатуға септігін тигізді десек те боладі. Өнерге деген аса құрмет пен сүйіспеншіліктің арқасында ат терлетіп келген қатысушылар өздерін сынап, өзге де домбырашылардың өнерін бағалай алды.

 Бұл байқау тек оқушыларға ғана емес, сонымен қатар, шығармашылықпен айналысатын педагогтерді қолдауға, ұжымдар арасындағы шығармашылық байланыстарды кеңейту мен қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері үшін тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берді.

- Мен бұл байқауды жарты ай бұрын естідім. Өзіміз дайындалып жүрген күйлеріміз болғандықтан, дайындығымыз жақсы деп айта аламын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деп пікірін білдіре кетті Қарағанды қаласынан келген №3 балалар өнер мектебінде домбыра сыныбының ұстазы Аққанат Жақашева.

Қарқаралы қаласының Көктас ауылынан келген Абзал Абрахманов болса, ұстаз ретінде осындай байқаулардың балаларға берері мол деген ойда. Оның айтуы бойынша, балада алға деген ұмтылыс, талпыныс пайда болады.

Сонымен қатар, бұл байқау-фестивальде жас домбырашылардың өнерін бағалаған төрешілерге шешім шығаруға оңайға соқпады.

«Қадірлі ата-аналар, оқушылар, ұстаздар бүгін осы Саран қаласында керемет іс-шара өтіп жатыр, өздеріңіз куә болып отырсыздар. Бірнеше ай бойы осы додаға дайындалдыңыздар, еңбектеріңіз көрініп тұр, ұстаздардың да, ата-аналардың да  қобалжығандары белгілі», - деп Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы Академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртісі, Мәдениет саласының үздігі Қанат Бакраев марапаттау сәтінде жастарды жігерлендірсе, Қарағанды қаласы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің қазақ халық аспаптары бөлімі оқытушысы Насипханым Сулейменова өзінің сөзінде балалардың ойыны жыл сайын өсіп келе жатқандығын тілге тиек етіп, орын беру өте  қиын болғанын атап өтті.

Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы –  домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы көптің көңілінен шықты. Бірі баласын, бірі немересін қолдап келген қонақтар мен қала тұрғындарын да ерекше әсерге бөледі.

- Немерем Ақажан Нұрдәулет Ақадырде тұрады, оқиды, домбырада ойнайды.  Осында Саран қаласына келіп қатысып  отыр.  Қуаныштымыз, бұл бірінші домбырада ойнауы емес, әрбір қалаға шақырады. Барады, бірінші орындар алады. Қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Енді бүгін  атасы екеуміз, мұғалімі бар жанында, бәріміз қолдау білдіруге келдік, - деп байқауда өнер көрсеткен немересіне жанкүйерлік еткен Қарағанды қаласының тұрғыны Роза Омурбекова өз әсерімен бөлісе кетті.

Облыстық домбырашылар фестиваль-байқауында біздің жерлестеріміз де олжалы болып қайтты.  7-8 жас аралығында сыналған кіші топта Нұртазин Марлен бас жүлдемен, орта топта  Р. Акимжанов пен А. Алиева 1-орынмен, Торғай Диас 2-орынмен, Шәйкен Нұрәлі 3-орынмен, үлкен топта К. Азанбаев  1-орынмен, И. Жұмағалиев пен Ахат Нұрәлі 3-орынмен марапатталды.

Жаза кету керек, Қарағанды облысының білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы, Саран қаласының білім бөлімі мен балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен өткен байқауда орындауымен ерекшеленген оқушылар жүлделі орындарды иеленіп, дипломмен марапатталды. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА