Бүгін: 28.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

27 ақпан күні қалалық мәдениет үйінің «Поэтические кружева» атты әдеби қонақжайдың жұмысы аясында Саран қаласының ақсақалдар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, саясаттанушы Серік Мұстафинның   «Шабытымның бастауы – кітап» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.

Серік Мұстафин – 35 жыл нумизматикамен, 44 жыл фалеристикамен айналысып келеді. Тек онымен ғана шектелмей өзінің этномузей көрмесін де ел назарына ұсынып, жеке кітапханасымен көпті тәнті еткен. Бірнеше кітаптардың авторы, поэзия мен прозаға жақын жүретін, өнерге деген құрметі ерекше жан.

Серік Мұстафин: «Мен өзімді ақын демеймін, бірақ осы шығармашылыққа, өнерге жақын, ілімге, білімге жақын адамдарды жаным сүйеді», - деп өз сөзінде атап өткен болатын.

Еңбегімен елге сыйлы азаматтың шығармашылық кеші қалалық «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында өтті. Танымды шарада абзал азаматтың өмірбаянына, жүріп өткен жолына шолу жасалынды. Авторлық және редакторлық кітаптары талқыланып, «Томирис» алқа көрмесі қойылды.

Онда даналық пен тәжірибеге толы әдемі кештің өтуіне  мұрындық болған қалалық мәдениет үйінің «Поэтические кружева» атты әдеби қонақжайының жетекшісі,  талантты ақын Татьяна Стрельчук  қоғам қайраткеріне шалқар шабыт пен шығармашылық табыс тілеп, естелік сыйлығын тарту етті. 

«Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда» деп әндеткендей ешбір шара қазақтың киелі домбырасыз өтпеген. Бұл кеште де ұлттық аспаптың үні естілді. Саясаттанушының жиені Мүслім Мугазов түркіменнің күйін орындап, көптің қошеметіне бөленді.

Сондай-ақ, кешке Серік Мұстафинның жанұясы, туған-туысқандары, жора-жолдастары, жанына жақын жандары мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері қатысты. Ақжарма тілектер айтылып, жүректі тебірентер естеліктер қозғалды.

Туған қарындасы Айгүл Мұстафинаның айтуы бойынша, Серік Мұстафин жастайынан белсенділігімен көзге түсіп, әрдайым ізденісте жүргенді ұнатқан.

Шараға қатысқан Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің ардагері, жергілікті ақын Адамжан Мұсабеков қоғам қайраткерінің жаны жомарт, көңілі кең, ісі мығым екендігін жеткізсе, Астана қаласынан арнайы келген Серік Мұстафинның туған жиені Ырысжан Ағыбай үстіне шапан жауып, сый-құрметін көрсетті.

«Батаменен ел көгерер...» демекші кеш соңында жеңгесі, ұлағатты ұстаз Шолпан Ибраева бата беріп, шашуын шашты.

!

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА