Бүгін: 21.06.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ұлыстың ұлы күні мен Амал мерекесіне орай Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте бірінші рет «Бауырсақ Party» ұйымдастырылды.

Наурыз мерекесі – халқымыз асыға күтетін мейрамдардың бірі. Ұлыстың ұлы күнін молшылық пен тоқшылықта қарсы алуға асығататын тұрғындар ып-ыстық бауырсақтарын дастарханына қоюға асығады.  Асты қашан да құрметтеген қазақ халқының осындай ұлттық тағамның түр-түрін Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп «Бауырсақ Рarty»  арқылы көрсете білді.

13 наурыз күні білім орданың барлық білім алушылары дастархандарын жайып қана қоймай,  үйден дайындап әкелген ұлттық тағамдардың құрамын, дайындау жолдарын айтып берді. Осы шараның ұйымдастырылғанына да бәрінен оқушылар дән риза. Себебі балалардың өздері мектеп қабырғасында «Бауырсақ Party»  өткендігін қалаған.

- Жылда біз жәрмеңкелер өткізетінбіз. Бірақ та биыл ерекше етіп барлық сыныптарға бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. «Бауырсақ Рarty»  негізі балалардың ұсыны болған. Енді жыл сайын дәстүрге айналдырамыз деген ойда бар, - деді Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Лаура Амангелдиева. 

Мерекелік шараны бастауыш сынып оқушылары әдемі қойылыммен ашып берді. «Бауырсақ» ертегісін қойып, үстілеріне ұлттық нақыштағы киімдерді киіп, өздеріне тиесілі дастарханды жайнатып қойған. Бауырсақтың  бармақ, ұзынша, жол, ши, кеспе, өрме және тағы басқа түрлерін әзірлеген.

- Наурыз мерекесінде әр үйдің дастарханының сәнін кіргізетін – бауырсақ. Бауырсақ тек қана қонақ келгенде ғана емес, әр мерекеде тіпті әр күні қазақ үйінен табылған. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнінің алғашқы күндерінің бірінде,  Амал мерекесі алдында бауырсақ мерекесін ұйымдастырғымыз келді, - деп атап өтті Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлден Серикова.

Жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтетін мектеп, биыл да ерекшеленіп, наурыз айының 11 жұлдызынан бастап Наурыз мерекесін тойлауда. «Наурыз тойы – дәстүрлі мереке» атты онкүндік аясында «Бұрымды қыз», «Ең үздік ұлттық киім» байқауларын өткізген. Тек бұл шаралармен шектелмей, Амал мерекесін тойлау, өзге де сайыстарды өткізу жоспарлауда. Сондай-ақ, мектеп ауласына киіз үй тігіп, бар сән-салтанатымен жаңару мен жаңғыру мерекесін атап өтпек.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА