Бүгін: 29.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Тіл дегенде таңдайдағы тілек, соққан жүректе бөлек. Мемлекеттік тіліміздің әрқайсысымыздың ар - абыройымыздың көрсеткіші екені де анық.

Кез келген тілдің болашағы негізгі үш факторға тәуелді. Олар, атап айтсақ, мәдени әлеуеті, қалыптасқан әлеуметтік база және саяси күштердің тіл саясатына араласуы. Қазіргі қазақ тілінің тағдырына осы үш фактор да қатысып отыр. Мәдениеттің бір бөлшегі саналатын жазумен тілдің болашағы сабақтасып жатыр.

Қазіргі таңда ана тіліміз жайында көз майын тауысып, жанарын жасытып қалам шертіп жүргендер асып таусылады. Себебі бүгінгі таңда мемлекеттік тіл – елімізде аса өзекті де маңызды мәселе болып табылады. Тіл - тек қатынас құралы ғана емес. Ол мәдениетке, табиғатқа, тарихқа адамның түп-тамыры мен оның шыққан тегін анықтауға мүмкіндік береді. Барлық тілдерді танып-білу мен құрметтеу - бейбітшілік сақтаудың кілті.

Саран қаласында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдамасына сәйкес жүргізілуде.

Тіл туралы заңнама талаптарының орындалу барысы әкімдіктің және тұрақты комиссиялардың отырыстарында үнемі қаралып отырады.

2014 жылғы 8 тамыздан бастап Саран қаласы әкімдігінің «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері қала тұрғындарына мемлекеттік және ағылшын тілдерін тегін оқытады. Оқыту курстары офлайн және онлайн форматта ZOOM платформасы арқылы немесе мекемелерден келіп түскен өтінімдерге байланысты өтінім берген мекеменің базасында және мультимедиялық кабинетте өткізіледі. Курсты аяқтаған тыңдаушылар емтихан тапсырып, А1 қарапайым немесе А2 базалық деңгей бойынша сертификаттарға ие болады. Тыңдаушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында сабақта «LearningApps», «Kahoot», «Quizlet», «Wordwall», «Quizizz», «ClassFlow», «Book Creator» сияқты заманауи сервистер пайдаланылады.

2024 жылғы 9 қаңтардан бастап мемлекеттік тілді оқыту курсынан қарапайым А1 деңгейі бойынша 2 – топ, базалық А2 деңгейі бойынша 1 – топ, жалпы алғанда 36 адам оқып жатыр. Биылғы жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына 120 адамды қамту жоспарланып отыр. 

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет – ғұрпын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру мақсатында 2021 жылы 1 қарашада «Мәміле» тілдесу клубы ашылды.

Клуб отырыстары әр сәрсенбі сайын мультимедиялық кабинетте өткізіледі. Қазіргі кезде клуб мүшелерінің саны – 13 адам.

Өткен жылы дәстүрлі шаралармен қатар тың жобалар да қолға алынған болатын. Солардың бірі - «Тілі бірдің – тілегі бір» жобасы. Бұл жобаның басты мақсаты: мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру арқылы қала тұрғындарының қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстарын арттыру, олардың мемлекеттік тілді меңгерулеріне ықпал ету. Аталған жобаға өткен жылы «Мәміле» сөйлесу клубының мүшелері шақырылса, биылғы жылы шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жоспарлануда.

Ақиқатында тілді қасиет деп түсінбейінше, оның алдындағы қызметте айтарлықтай салмақ та болмайтыны мәлім. Өз ана тіліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болуы үшін бір адамдай жұмылып, өз байлығымызды асқақтатуға күш салуымыз керек. Біздің асыл мұрамыз, баға жетпес жауһар құндылығымыз – ол ана тіліміз!

А. Нурмаханова

«Саран қаласының тілдерді

дамыту орталығы» КММ

директоры