Бүгін: 29.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында алғаш рет «Жайнай бер, Қазақстан!» атты көркемөнерпаздар шығармашылық фестивалі өтті.

  26 наурыз күні қалалық мәдениет үйінің киелі сахнасы ерекше түрлене түсті. Қалалық білім беру мен кәсіподақ ұйымының мұрындық болуымен білім беру ұйымдары арасында  «Жайнай бер, Қазақстан!» атты шығармашылық фестиваль өткізілді.

Салтанатты шара сәтінде бірінші болып сөз алған қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Дәурен Бейсенұлы: «Жалпы барлық осы байқауға өтініш білдірген, барлық өнерпаздарға, барлық білім беру ұйымдарына, ұжымдарына байқауда сәттілік тілеймін. Әрқашан биіктен көріне беріңіздер. Бұл байқауды Саран қаласының білім беру бөлімімен бірге Саран қаласындағы кәсіподақ ұжымы бірлесіп өткізіп отыр. Сондықтан біздің тек қана белгілі бір өнерпаздар ғана емес, біздің білім беру ұйымдағы педагогтердің арасынан да мықты өнерпаздар бар екенін, жақсы өнерпаздардың арамызда жүргенін осы байқау арқылы анықтайтын боламыз»,- деп өз сөзінде атап өтті.

Келесі  болып құттықтау сөз сөйлеген Саран қалалық кәсіподақ ұйымының  төрағасы Әйгерім Акпарова өз бағын сынап келген қатысушыларға сәттілік тілеп, ризашылығын жеткізді.

- Қалалық кәсіподақ ұйымының атынан белсенділік танытып, осы іс-шараға атсалысып қатысып отырғандарыңызға үлкен алғысымызды білдіреміз. Сіздерге бүгінгі фестивальде тек қана жеңіс және сәттілік тілейміз,- деді Әйгерім Мәуленқызы.

Фестивальдің өзі екі кезеңнен, төрт номинациядан құралған. Бірінші кезеңде облыс аудандарынан, қалаларынан ең мықтылары іріктелініп, екінші кезеңге жолдама алған. Әділ қазы алқасы «Хор», «Вокалдық ансамбль», «Аспаптық ансамбль» және «Хореографиялық ұжым» атты номинациялары бойынша қатысушылардың өнерін бағалаған. 

Фестивальге қаламыздағы білім ошақтары мен балабақша-бөбекжайларының ұжымы сақадай сай дайындалған. Қатысушылар бір-біріне қолдау көрсетіп, ыстық ықыласын білдіріп отырды. Араларында достық, сыйластық пен құрмет бары сезілді. Әр нөмірдің астарында туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім, ізеттілік пен құрмет жатты.

Көпті өздерінің өнерімен тәнті еткен қатысушылардың бірі – «Сәуле» бөбекжайының ұжымы. Әрдайым спорттық, қолөнер, шығармашылық байқаулардан тыс қалмайтын ұжым осы жолы квалес аспабында ойнау шеберлігімен таңқалдырды.

- Сіз осы фестивальге бір айдың көлемінде дайындалдық. Арнайы ережелерді жіберді. Фестивальді бүгінгі күні ойлаймын өте жақсы, сәтті өтті, - деп  «Сәуле» бөбекжайының тәрбиешісі Айжан Байдалина өз әсерімен бөлісті.

Фестивальдің нәтижесі бойынша «Вокалдық ансамбль» номинациясында «Колобок» бөбекжайының ұжымы, №2 жалпы білім беретін мектеп ұжымы 3-орынды, №1 мектеп-лицейдің ұжымы 2-орынды, «Балғын» бөбекжайының ұжымы 1-орынды иеленді. Ал, «Аспаптық ансамбль» номинациясында №1 мектеп-лицейі 1-орынмен марапатталды. «Хореографиялық ұжым» номинациясында  №1 мектеп-лицейіне 3-орын, №13 жалпы білім беретін мектепке 2-орын, «Сәуле» бөбекжайына 1-орын берілді. «Хор» номинациясында №7 мектеп-интернаты 2-орынға жайғасты. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар барлық қатысқан ұжымға алғыс хат табыстап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы марапаттау қағазымен және ақшалай сертификатпен марапаттады. Әр номинацияның жеңімпаздары облыстық фестивальде өнер көрсететін болады.

 

   

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА