Бүгін: 05.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қарағанды облысының мемлекеттік балалар көркемөнер мектебінің көркемөнер бөлімшелері мен бейнелеу бөлімдері және сәндік қолданбалы көпсалалы қосымша білім беру ұйымының педагогтеріне арналған XII облыстық «Мастер АRТ» байқауында қалалық балалар өнер мектебінің педагогтері жүлделі орындарға ие болды.

Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен №1 балалар өнер мектебі бірлесіп ұйымдастырған дәстүрлі байқауға жан-жақтан келген көркемөнер мектептерінің бөлімдері, бейнелеу студиялары, көркемөнер мектебінің қосымша білім беру педагогтері бақтарын сынаған. Осы жолы қатысушылар «Қарағанды – 90» тақырыбы бойынша шығармашылық композицияларын дайындаған. Көздің жауын алатын әдемі туындыларда Қарағанды қаласының пейзажы, бір ғасырды қамтыған тарихы, сәулет ескерткіштері, шаһар тұрғындары, төрт маусымның түрленуі мен көрікті жерлері бейнеленген.

Саран қаласының балалар өнер мектебінің ұжымы жыл сайын шығармашылық әлеуетін дамыту мен кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында облыстық байқауға қатысып тұрады. Биыл да ең үздік жобаларын дайындап, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

«Мастер АRТ» облыстық конкурсының қорытындысы бойынша «Киіз» номинациясында балалар өнер мектебінің қосымша білім беру көркем өнер бөлімінің педагогтері: Гүлсім Сүлейменова II дәрежелі дипломмен, Валентина Филатова III дәрежелі дипломмен, «Графика» номинациясында Айтбай Меруерт ІI дәрежелі дипломмен марапатталды.

- «Мастер АRТ» байқауына он екінші жыл қатысып келемін. Жыл сайын жүлделі орындарға ие боламын. Осы жолы Қарағанды көмір кен орнын алғаш ашушы, кен білгірі Аппақ Байжановтың еңбегін көз алдыма елестетіп, киізге басу арқылы көрсетуге тырыстым. Үш-төрт күн ішінде жасап шықтым,- деп Гүлсім Сүлейменова байқауға дайындаған шығармашылық жұмысымен бөлісті.

Қатысушыларды марапаттау рәсімі XII облыстық «Өнерлі шебер» шығармашылық шеберлік сабағын өткізу аясында өтті. Бұл шарада да балалар өнер мектебінің бейнелеу өнері сыныбының оқытушылары көзге түсіп, белсенділік танытты.

Сондай-ақ, «Мастер АRТ» облыстық конкурстың барлық қатысушыларына сертификаттар берілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА