Бүгін: 05.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қалалық балалар өнер мектебінің қосымша білім беру көркем өнер бөлімінің педагогі Гүлсім Сүлейменова «Хас шебер» республикалық фестивалінде қолөнершілер туын жасауға өз үлесін қосып рекордтар кітабына енді.

Астана қаласының «Жастар» сарайында «Хас шебер» фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты шеберлер қатысты. Олар жасаған  бұйымдар жәрмеңке мен көрмеде жұрт назарына паш етілді. Көпті таңқалдырған жұмыстардың арасында Қарағанды облысы Саран қаласынан қатысқан Гүлсім Шаймарданқызының  киізден және ши тоқудан жасаған бұйымдары да болды. Одан бөлек, шеберлік сабақтар мен дефиле ұйымдастырылған.

- Фестивальде қолөнершілер өз қолымен 30х30 өлшемде кестені кестелеп, оған арнайы өзінің таңбасын ойлап табуы керек болатын. Мен ата-бабадан қалған асыл мұраны келешек ұрпаққа жалғастыру мақсатында, ұлттық шапанымыздың пішінін жасап, мирас ретінде ұсындым, - деп атап өтті қалалық балалар өнер мектебінің қосымша білім беру көркем өнер бөлімінің педагогі.

Фестиваль аясында Қазақстанда бірінші рет 300 құрақшы бірігіп ұзындығы 15 метр, ені 6 метр қолөнер шеберлерінің туын жасап, рекорд орнатты.

Гүлсім Сүлейменова –  білім саласында 36 жылдық тәжірибесі бар білікті мұғалім. Қалалық балалар өнер мектебінде қызмет етіп жүргеніне 14 жыл болды. Осы уақыт ішінде шәкірт тәрбиелеп, қолданбалы қолөнерін үйретіп, киіз басу, ши тоқу өнерін насихаттап келуден бір шаршамаған. Керісінше, соңынан еріп келе жатқан жастардан шабыт алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жыл сайын өзінің тәжірибесін шыңдау үстінде. Мәселен, биыл Алматы қаласында өткен халықаралық «Шығыстың шеберлері» атты Қазақ-Қырғыз кәсіби суретшілері, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен этно-арт дизайнерлерінің симпозиумында көрмедегі үздік туындысы үшін арнайы дипломмен марапатталып, Қазақстан Этнодизайнерлер одағының мүшесі атанып отыр. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оқушылары да жүлделі орындардан көрініп, жеңістерімен қуантуда.

Қазіргі таңда шығармашылыққа жақын жүретін, өнерді сүйетін педагог Астана қаласында өтетін «Оқу-тәрбие үрдісінде білім алушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» тақырыбында болатын халықаралық форумға дайындық үстінде.

 

Надежда ЦХАЙ