Бүгін: 10.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазіргі   таңда   ұрлық   жасау,   біреуді тонау,  ушығып тұрған қылмыстардың бірі.  Қоғамдық көлікте болсын, немесе пәтерге түсу арқылы үйді тонау болсын, аталмыш  қылмыстардың орын алғандығы туралы естіп жатамыз. Осы ұрлық қылмыстарының алдын алу  мақсатында  полиция   қызметкерлері  алдын – алу  іс – шараларын тұрақты түрде өткізіп жатса да,  ұрлық фактілері  тоқтамай келеді.

  Бұл ретте азаматтардың өздерін сақтық шараларын ескеруге шақыру мыңда бір сеп болатын сияқты.  Жалпы, пәтер тонау мәселесіне келер болсақ,  үй иелері үйде болса да,  мейлі сыртта жүрсе де  үнемі есіктерін кілтке жауып жүргендері абзал. Есік қағылса, есіктің ар жағында  қандай адамның тұрғанына көз жеткізбейінше мүлдем ашуға болмайды. Үйде жалғыз болғанда бейтаныс адамдарға есік ашу өте қауіпті. Себебі, қазіргі уақытта өздерін әкімдік қызметкерлері немесе әртүрлі фирма жұмыскерлері деп таныстырып, сенімге кіру арқылы ішке еніп, соңында ұрлап кету, тоңап кету фактілері жиі орын алуда. Пәтерге аз уақыт ішінде ғана таныс болған адамдарды  шақыруда  өте  қауіпті. Бұл  әсіресе бірлесіп спирттік ішімдікті ішетін тұлғаларға қатысты. Бұндай   жағдайда, көбінесе, «қонақжай үй иесінің» не ақшасы, не құнды заттары жоғалып немесе ұрланып жатады.

  Өз мүлкін сақтаудың, соның ішінде, үйлерден, автокөліктерден ұрлау фактілерінен сақтанудың бірнеше ережесі:

- Пәтердің кілтін кіреберіс төсеніш астына, пошта жәшігіне, тағы да басқа қол жетімді орындарға жасырмау;

- Пәтерден шығар кезде терезені, есікті  жабуды ұмытпау;

- Есік қағылғанда,  әсіресе сіз шақырмаған мекеме қызметкері ретінде келіп тұрған адамға есік ашуға асықпау;

- Балаларға, қарт адамдарға бейтаныс адамға еш уақытта есік ашуға болмайтындығын  түсіндіріп, сақтандыру;

- Алыс жаққа кетерде, көршілерге пәтеріңізді қарап жүруін өтіну және пошта қағаздарын алып отыруды тапсыру, себебі жиналып қалған пошта қағаздары сырт көзге, үйде ешкімнің жоқтығы жөніндегі бірден – бір белгі болып табылады;

- Есіктің кілті жоғалған жағдайда,  бірден құлыпты айырбастау;

- Автокөлікті  аулада  қараусыз  қалдырмау  және  түнгі  уақытта жарықтандырылмаған  орындарға   қоймау.

Автокөлік ішінде ұялы телефон, бағалы заттар, құжаттарды тастауға болмайды. Себебі, қарақшылар үшін бұл ұрлық жасаудың бірден –  бір  мүмкіндігі.

Әркімнің  қауіпсіздігі – өз қолында. Үнемі  әркім өзіне, өз затына абай болуы керек. Қылмыскерлер кез – келген адамды өз жеміне айналдырады. Сондықтан да, сақтықта  қорлық жоқ.

 

Ж.Джумашева,

Саран қаласы полиция бөлімі