Бүгін: 13.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының 70 жылдық мерейтойына орай қалалық мәдениет үйінде  колледж студенттері арасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» байқауы өтті.

Көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленуге үлгерген бұл байқауды Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» студенттік парламенті дәстүрлі түрде ұйымдастырып отырады. Биыл бірінен-бірі асып түсетін 5 жұп өздерінің бағын сынап көрді.

Қатысушылар «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды», «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» мен «Махаббат - өмір көркі» атты кезеңдеріне қатысқан. Өздерінің дайындаған нөмірлері арқылы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан даналығы мен терең саналығын бойына дарытқан қазақ ұлтының келбетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін көрсете білді.

«Жігер» студенттік парламентінің үлестірушісі Әлишер Манаштың айтуы бойынша, осы жолғы жұптар байқауға аса жауапкершілікпен қарап, әрдайым ізденіс үстінде жүрген.

- Биыл байқауда көрермендермен де жұмыс болады. Тек жеңімпаздарды ғана марапаттамай, сондай-ақ, көрермендер арасында үздік жанкүйерді, плакатты және үздік жетекшіні анықтайтын боламыз, - деді Әлишер Ерболатұлы.

Қазылар алқасы ұйымдаса отырып сынға түскен жастардың өнерін бағалау барысында жұптың сахналық образын, сөз саптау шеберлігін, сахнада өзің ұстай білуіне қарай отырып  ҚТӘ 9-22 тобының студенті  Ержан Жасұлан мен БҚ 11-23 тобының студенті Муратхан Айшолпанға бас жүлдені табыстады. Ал БДТ 11-21 тобының студенті Макулбаев Бекзат пен ҚТӘ 9-20 тобының студенті Агзамова Дария 1-орынмен, ДТ 9-22 тобының студенті Сәуімбай Бексұлтан мен КИ 9-22 тобының студенті Байшлакова Гульдана 2-орынмен, ДТ 9-21 тобының студенті Жұмтай Жанғали мен БМ 9-21 тобының студенті Ерболатова Аружан және ИЕТ 9-23 тобының студенті Қаупен Балғын мен БМ 9-23 тобының студенті Жармен Айым 3-орынмен  марапатталды.

 Сонымен қатар көрермендерге «Үздік жанкүйер», «Үздік плакат», «Ең тапқыр жанкүйер» номинациялары берілді. «Жігер» студенттік парламентінің салауатты өмір салты және спорт фракциясының депутаты Тұрабай Нұр «Үздік жетекші» номинациясын иеленді.

Барлық жұптарға колледж әкімшілігі кәсіподағы атынан және Саран қаласының «Amanat» партиясынан естелік сыйлықтар табысталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА