Бүгін: 21.06.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Абай Құнанбайұлы

Саран қаласында республикалық ХХV Абай оқуларының қалалық кезеңі өтті. Биыл дәстүрлі байқаудың шарттарына өзгерістер енгізілді. 

19 сәуірде Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте 8-11 сынып білім алушылары арасында  республикалық ХХV Абай оқуларының қалалық  кезеңі өтті.

Абай оқулары 3 кезеңнен, 6 номинациядан құралған. Ең бірінші қатысушылар қалалық кезеңнен іріктелініп алынса, кейін облыстық деңгейде сыналып, одан сүрінбей өткендер республикалық додаға жолдама алады.

Саран қаласының білім бөлімдерінен биыл 20-ға жуық оқушы қатысқан. Байқауда Абай Құнанбайұлының мән-мағынаға толы ғақлияларынан, адамға ой саларлық шығармаларынан, қазақ халқының сезім-сыры мен арман-тілегіне толы өлеңдерінен сыр шертілді. Оқушылар тек қана ұлы ақынның өлеңдерін жаттап қана қоймай, бойына сіңіріп, дарыта білді. Ал олардың дайындығы мен сөз саптауын, мәнерлеп оқуын Саран қаласы білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, әділқазылар алқасының төрағасы Дәурен Бейсенұлы, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы  Анар Баймолдина мен қалалық балалар өнер мектебінің директоры Толқын Мусалиева  бағалаған.

- Балалардың дайындықтары жылдан-жылға күшейіп келе жатыр. Бұл дәстүрлі түрде өтіп тұрғандықтан, мұғалімдер жыл бойы балаларды дайындап, бар шеберліктерін осы жерде шыңдап, көрсететін болады. Биылғы республикалық ХХV Абай оқулары жаңа ережелермен өткізілді. Бұрынғы ережелерге толықтырулар мен өзгертулер енгізілді,- деп атап өтті қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, әділқазылар алқасының төрағасы Дәурен Бейсенұлы.

Былтыр байқауда оқушылар эссе жазып жарысса, биыл оның орнына «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» номинациясы қосылған. Сондай-ақ, «Көңілім әнді ұғады» номинациясына да талаптар күшейтілді.

Дәстүрлі байқаудың нәтижесі бойынша «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»  номинациясында Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Айдынқызы Ақниет 1-орынмен, №16 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Тұрымтай Қаншайым 2-орынмен, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Шаймұрат Нұрайлым мен №13 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Харьков  Максим 3-орынмен марапатталды. Ал «Абайдың қара сөздерін» жатқа айту  номинациясында  №7 мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Карнай Жаннұр 3-орынға ие болды. «Абайдың ақын, шәкірттерінің шығармалары» номинациясында Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Еркін Зере 1-орынды иеленді.

«Көңілім әнді ұғады» номинациясында №7 мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Зайтхан Алтынбек  1-орынға, БӨМ 9-сынып оқушысы Каштаева Ұлту мен №1 мектеп-лицейінің  9-сынып оқушысы Ищенко Надежда 2-орынға, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Ахат Нұрәлі және №6 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы  Растворова София 3-орынға жайғасты.

Оқушылардың авторлық өлеңдері бағаланған «Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда» номинациясында Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Ерланқызы Айгерім 1-орынды алды.

Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлерді құттықтаймыз! 1-орынға ие болған оқушылар енді республикалық байқаудың облыстық кезеңіне қатысуға дайындалатын болады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА