Бүгін: 21.06.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының 70 жылдығына орай Ақтас мәдени-сауық орталығының шығармашылық ұжымы «Юбилей встречай-Саранский край» атты мерекелік концертін өткізді.

Саран қаласы 1954 жылдың 20 желтоқсанында қала мәртебесін алды. Кезінде республика бойынша ең таза шаһар атанған. Сол бір жылдар тарих қойнауында қалғанымен, қаланың тыныс-тіршілігі жылдан-жылға жаңдануда.

19 ақпан күні Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының шығармашылық ұжымы қалалық мәдениет үйінің киелі сахнасында өнер көрсетіп, көптің сүйікті қаласына айналған Саран қаласының мерейтойына арнап мерекелік концерт ұйымдастырды.

Кештің шымылдырығы Саран қаласында өрбіген әдемі естеліктерге, өткен шақ пен бақытты болашаққа толы қойылыммен ашылды.

- Қойылымның кереметтілігі – Саран қаласында басталған қос ғашықтың оқиғасында. Біз оны сахнаға шығарып, бірінші рет қойып отырмыз, - деп атап өтті Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының басшысы Майра Кульджабаева.

Сезімге толы қойылымнан кейін «Ақ әже, аталар» вокал тобының солисті  Рымтай  Сейтқазина «Бір шәугім шай» халық әнін жанды дауыста орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бір шаңырақ астында тату-тәтті бірлікті дәріптеп жүрген «Якташлар» татар-башқұрт бірлестігі «Ай жаный суларда», «Апипә» әндерін орындаса, «Актасские зори» хорының орындауында «Ой, да райда», «Моя Сарань» әндері шырқалды. «Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда?» демекші, әсерлі концертті «Үкілі домбыра» үйірмесінің домбырашылары Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен жалғастырды. «Жұлдыз» вокалдық ұжымы мен оның солистері де өздерінің  өнерлерін паш етті. «Томирис» би ансамблінің мың бұралған  бишілері сахнаны сән мен салтанатқа бөледі.

Мерекелік концертті тамашалаған тұрғындар да өнерпаздардың өнерін қолдап, қошеметін аямады. Жақсы көңіл-күйде отырып, рухани демалып, марқайып қайтты.

 

  

Дина  ӘБДІҒАЛИЕВА