Бүгін: 21.06.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Елімізде бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ырыс-ынтымағы бүгінде көпті еріксіз сүйсіндіре түседі. Соңғы кезде, тіпті, қазақ тілінде сөйлейтін немесе түсінетін өзге ұлт өкілдерінің саны да артқан. Тек қана түсініп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын да берік ұстанатын жандар да бар. Бұл, ең алдымен, түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың мемлекеттік тілге деген құрметі. Сондай азаматтардың бірі – Саран техникалық колледжде химия пәнінің оқытушысы Сергей Евгеньевич Петров.

Сергей Евгеньевич өзі Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласынан алыс емес Арыс қаласының тумасы. Комаров атындағы №8 жалпы білім беретін орта мектепті бітірген. 2017 жылы Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетіне көптілді топқа түсіп, оны 2021 жылы аяқтаған. Сол жылы магистратураны оқып жүріп, Саран техникалық колледжіне химия пәнінің оқытушысы болып жұмысқа орналасты.

Студенттерге дәріс беріп жүрген жас маманның ұлты орыс болғанымен, отбасымен арагідік қазақ тілінде сөйлесіп тұрады.

- Мен қазақ тілін мектепте оқыдым. Қазақстанның оңтүстігінде өмір сүргендіктен, біз қазақ тілінде сөйлесуге тырыстық. Тіпті отбасымызбен де кейде қазақ тілінде сөйлейміз. Тілді үйрену қиын деп айтпас едім. Себебі қазақ тілінде сөйлейтін ортада өскендіктен, үлкен қиындық тудырмады. Әйелім кәріс ұлтының өкілі. Ол да бүгінде қазақ тілін үйреніп жүр, - деп атап өтті химия пәнінің оқытушысы.

Сергей Евгеньевичтің жанұясы қазақ халқымен етене араласқандықтан салт-дәстүрлерді жақсы біледі. Мерекелерді халықпен бірге қуана атап өтеді. Алдымызда келе жатқан бірлік күнін қарсы алу да жыл сайынғы дәстүрге айналған.

- 1 мамыр – бірлік күнін көктеммен, достық, құрмет және ынтымақтастық мерекесімен байланыстырамын. Бұл мерекенің негізі - біздің көпұлтты еліміздің барлық этностарының мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуінде жатыр. Қазақстан халқы басқа ұлттардың дәстүрлерімен де танысады. Көңілді би, спорттық жарыстар – осының бәрі іс-шараны Қазақстан халқы үшін ең жарқын және сүйікті мерекелердің біріне айналдырады,-деп атап өтті Сергей Евгеньевич.

 Әр мерекені жақсы көңіл-күйде қарсы алғанды құптайтын оқытушы отбасымен, жора-жолдастарымен атаулы күндерді атап өтеді. Қолы тиіп, сәті түсіп жатса Оңтүстік Қазақстанға барып, туған-туыстардың ортасында арқа-жарқа болады. Ауа райы қолайлы болып жатса, таза ауада табиғатқа шыққанды жөн көреді.

- 1 мамыр – біздің көпұлтты еліміз үшін бейбітшіліктің, достық пен келісімнің бейнесі, күнделікті еңбегімен ертеңгі күнді, тұтастай алғанда республиканың және өз отбасының өркендеуі мен әл-ауқатын қалыптастыратын барлық адамдар үшін мереке. Сіздерді ең мейірімді және маңызды мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күні – достық, түсіністік және келісім мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мамыр күні барша қазақстандықтарға зор денсаулық, амандық, әр үйге бейбітшілік тілеймін,- деп тілегін білдіре кетті Сергей Евгеньевич.

Білікті маманның Саран техникалық колледжінде жұмыс істеп жүргеніне көп болмаса да, шығармашыл, ізденімпаз қабілетінің арқасында біраз жетістіктерге жеткен. Қалалық, колледжішілік іс-шараларға да белсенді түрде қатысады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА