Бүгін: 10.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

26 ақпан күні қалалық «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында Отан қорғаушылар күніне қарсы «Үш ұрпақ кездесуі» атты салтанатты іс-шарасы өтті. Оған тыл еңбеккерлері, интернационалист-жауынгерлер, Қазақстан Республикасы Қарулы  Күштерінің ардагерлері мен әскери қызметшілері, әскерге шақырылған жастар, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

«Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығына кірген бетте назарға «Есть такая профессия – Родину защищать» тақырыбында жасалған кітап көрмесі бірден көзге түседі. Шараның қатысушыларын сарбаздар мен кадеттер дәлізде тұрып қошеметпен қарсы алып, құрмет пен сыйластығын білдірді.

Жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарын, патриоттық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған тағылымды шарада бірінші болып Саран қаласы әкімінің орынбасары  Сағынбек Бейскеевке сөз берілді.

-Сіздерді келе жатқан Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Ұрпақтар сабақтастығын паш ететін бірегей шара – батырлық пен ерлікті, шыдамдылық пен төзімділікті дәріптейтін мереке десем артық айтқаным емес. Тәуелсіз елімізге қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Әскери қызметті абыроймен атқару асқақ мәртебе, - деп өз сөзінде атап өтті  қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев.

Үш буын өкілдерінің басын қосқан шарада өткен жылдың көктемінде Отан алдында борышын өтеуге кеткен әскери қызметшілер мен биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында борышын өтеуге әскерге шақырылған жас азаматтарға Саран қаласының 70 жылдығына  орай естелік сыйлықтар табыс етілді.

Жауынгер-интернационалист Василий Казимир жас сарбаздарды өмірлеріндегі маңызды һәм атаулы күндердің бірімен құттықтап: «Сіздерге зор денсаулық пен жеңіл қызмет тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын»,- деп тілегін білдірді.

Мектеп оқушылары жігер мен ерлікті дәріптейтін өлең жолдарын мәнерлеп оқып, шараны жандандыра түсті. Туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілікке, махаббатқа толы әндер де ел назарына ұсынылды.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА