Бүгін: 24.07.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Теміртау мәдениет сарайының өнер ұжымдары Саран қаласының 70 жылдығына арналған мерекелік концерт қойды.

Таяуда Саран қаласының мәдениет үйінің сахнасында  Теміртау қаласының сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздары өнер көрсетті. «Антре» эстрадалық бидің үлгілі ансамблі, «Бэби шлягер» үлгілі балалар эстрадалық студиясы, «Алау» вокалдық ансамблі, «Глория» үлгілі хореографиялық ансамблі, «Вдохновение» үлгілі хореографиялық вокалдық ансамблі мен «Флэш» шоу-тобының солистері Саран қаласының мерейтойына арнап үздік нөмірлерін дайындаған. Мерекелік бағдарламада сұлулық пен ізеттілік, бірлік пен достық, мейірімділік пен қайырымдылық дәріптелді.

- Бүгін көрермендер назарына көп уақыт бойы дайындаған нөмірлерімізді ұсындық. Көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан ансамбльдер өнер көрсетті. «Алау» вокалдық ансамблі де талай әншілердің бағын ашқан. Қарағанды облысының, Теміртау қаласының танымал жұлдызы Жанна Хасенова ән шырқады, - деп пікірін білдіре кетті Теміртау мәдениет сарайының әдіскері Ирина Базарбаева.

Теміртау мәдениет сарайының өнерпаздарына Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия  Тохметова мен қалалық мәдениет үйінің директоры Екатерина Шлома ризашылығын жеткізіп, Саран қаласы әкімінің алғыс хатын, Саран қаласының тұрғыны, суретші Е.Н.Мурашовтың суретін және қала туралы кітаптарды сыйға тарту етті. 

 Бұл кеште Теміртау қаласынан арнайы Саран қаласына келген өнерпаздар тұрғындардың жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына бөленді.

- Маған концерт өте ұнады. Барлығы ұйымдастырылған, киген костюмдері қандай әдемі. Барлығы да жақсы, көңілді болды. Келгеніме өте қуаныштымын,- деп концерттен алған пікірімен бөлісе кетті Саран қаласының тұрғыны Светлана Афанасьева.

Кеште сахнада шырқалған патриоттық әндер, мың бұралған бишілердің ырғақты, әсем билері мен жарқын көріністері өнер сүйер қауымға жақсы әсер қалдырды.

 

 

ДИНА ӘБДІҒАЛИЕВА