Бүгін: 08.09.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

15 мамыр күні қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеевтің төрағалығымен Саран қаласының мәдениет үйінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған комиссия мүшелері, қалалық прокуратура мен полиция бөлімінің өкілдері қатысты.

Осы жолы комиссияда ең алдымен дербес істер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Кейін күн тәртібінде жоспарланған қалалық білім бөлімінің бас маманы Светлана Цаплина мен №9 арнайы мектеп-интернатының әлеуметтік педагогі Ильвира Кагарманованың баяндамалары тыңдалды.

Оқушылар арасында жол-көлік жарақаттануының алдын алу, балалардың жол ережесін сақтауы қашан да өзекті. Қалалық білім бөлімі жыл бойы «Внимание, светофор!», «Правила дорожного движения» атты сынып сағаттарын өткізіп тұрады. Одан бөлек жас жол инспекторларының мектеп жасақтары «Безопасное поведение на дороге» атты рейдтерін өткізіп, автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге ақпараттық-білім беру материалдарын, жол-көлік жарақаттануының алдын алу бойынша үгіт-насихат парақшаларын таратады.

Биыл жазғы лагерьде балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің жүзу бойынша нұсқаушыларын тарта отырып, 150 оқушыны қамтитын бассейнде жүзу дағдыларын үйрету мен ережелерін түсіндіру, жүзуден сабақтар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, оқу жылының соңында сынып сағаттарында төтенше жағдайлар мен қалалық полиция бөлімінің қызметкерлерін шақыра отырып, ата-аналар жиналыстарында қоғамдық орындарда, жолда, көлікте, су айдындарында жүріс-тұрыс ережелері туралы, заң бұзғаны үшін кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі туралы нұсқама өткізілетін болады. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп қала аумағында «Нет насилию в семье», «Дети в ночном городе», «Подросток», «Занятость» атты кең ауқымды рейдтік іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Одан бөлек, комиссия отырысында №9 арнайы мектеп-интернатының тыныс-тіршілігі талқыланып, жұмыс барысына шолу жасалынды. Ай сайын өтетін профилактика кеңесінің отырыстары да назардан тыс қалмады.

Қала әкімінің орынбасары Сағынбек  Бейскеев қарастырылған мәселелерді жан-жақты талқылап, ұсыныс-пікірлерді ескеріп, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА