Бүгін: 08.09.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ахметулла Нуров пен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ибрагим Магомадов жас балуандарға шеберлік сабағын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті.

Таяуда атақты балуан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бүкілодақтық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, 1994 жылы Жапонияда өткен XII Азия ойындарының күміс жүлдегері, 1995 жылғы Әлем Кубогының қола жүлдегері Ахметулла Нуров пен грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы (2022-2023), Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері Ибрагим Магомадов Саран қаласының жас спортшыларымен кездесті.

Ахметулла Нуров пен Ибрагим Магомадов Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушілері. Талай жастардың бағын ашқан, салауатты өмір салтын дәріптейтін бұл спорт мектебіне халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері жастайынан қатысып, шыңдалған. Қай елде жүрсе де, қолы тиіп, мүмкіндігі болып жатса, ойланбастан кіндік қаны тамған Саран қаласына бет бұрады. Даңқты балуандар Саран қаласына келгенде міндетті түрде спорт мектебіне соқпай кетпейді. Бұл тұрақты дәстүрге айналған.

Туркия елінде өткен турнирді аяқтай сала ұшып келген Ахметулла Нуров үшін Саран қаласының әрбір көшесі ыстық. Ол он жасында қалалық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде классикалық күреске жазылып, спорттағы алғашқы жеңісті қадамдарын бастаған. Жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатын жеңіп алғаннан кейін, Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжіне түсті.

- Мен ең алдымен Қазақстан чемпионы болуды армандадым. Оныншы сыныпта арманым орындалып, ҚазССР чемпионатын жеңіп алдым. Мен үшін спорт мектебі ата-анамның үйі секілді –  менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Қиналғанда да, қуанғанда да, Саран қаласына  келген кезде де міндетті түрде спорт мектебіне кіріп, сәті түсіп жатса оқушыларға шеберлік сабағын өткізіп тұрамын. Ең жақсы жол – үйге апарар жол, - деп атап өтті Ахметулла Нуров.

КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олимпиада орталығында 24 жыл жаттықтырушы болып істеп келеді. Соңғы алты жылда Германия құрамасының жаттықтырушыларының қатарында.

- Менің туған қалам – Саран қаласы. Қалаға келгенде спорт мектебінің күрес залында жаттығулар өткіземін. Өзім де жаттығамын. Мұнда келу маған зор қуаныш сыйлайды және бұл мен үшін тағы да қосымша мотивация. Келген сайын Саран қаласының жылдан-жылға өзгеріп жатқанын байқаймын, жаңаша түстерге енуде. Сондай-ақ, биыл мерейлі жыл. Қаланың барлық тұрғындарын осы тамаша мерейтоймен шын көңілден құттықтағым келеді. Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін. Қаламыздың дамуына үлесімізді қоса берейік, - деді Ахметулла Нуров.

Спорттағы ағаларының ізін басып келе жатқан, зор үміт күттіретін мықты қазақстандық спортшы Ибрагим Магомадов 2002 жылы Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде грек-рим күресінен жаттыға бастаған.

- Менің спортқа деген сүйіспеншілігім біртіндеп пайда болды. Қазір өмірімді спортсыз мүлдем елестете алмаймын. Азия чемпионатында бойымды мақтаныш сезімі кернеген. Елдің туын көтеру – үлкен бақыт. Тынымсыз еңбектің, қажырлы күштің жемісі. Біздің спорт мектебінің директоры Райымбек Сыздыковқа үлкен алғысымды білдіргім келеді. Дәл сол сәтте оның қолдауы зор күш сыйлады. Үлкен ағамызға Нуров Ахметуллаға теңесіп, үлгі аламыз. Әрқашан байланыста болып, бір-бірімізді қолдап жүреміз,-деді Ибрагим Магомадов.

Ибрагим Магомадовты әрдайым оның жанұясы, туған-туысқандары қолдап тұрады. Олар үшін әрбір белесі, әр бағындырған асулары ыстық.

- Мені алға жетелейтін, ынталандыратын – менің отбасым, туған-туысқандарым.  Әріқарай да біздің қаламыздың, облысымыздың, еліміздің даңқын шығаруға,  көк байрағымызды көтеруге бар күш-жігерімді саламын, - деп сөзін толықтырып кетті Ибрагим Магомадов.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ибрагим Магомадов осы күнге дейін спорт мектебінің күрес залында жаттығу жұмыстарын жасап тұрады. Ахметулла Нуровтың айтуы бойынша әрбір қалада дәл осындай зал бола бермейді. Күрес залында екі кілем жайылған,  4 киім ауыстыратын бөлме мен бөлек жаттығатын орын бар. Дәл осы кілемде чемпиондар жас балуандарға әдіс-тәсілдерді көрсеткен. Болашақтарынан зор үміт күтетінін айтып, жолдары әрдайым ашық болсын деген ниетпен батасын берген.

  

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА