Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қала тұрғындары таңғажайыпқа толы сиқырлы кітап әлеміне сапар шекті. Кітапханашылардың бірігіп ұйымдастырған ерекше шарасы ересектер мен балалардың көңілінен шықты.

Саран қаласының орталық кітапханасында бірінші рет ерекше форматта «Библиодрайв» өтті. Түсінікті тілмен айтқанда, жаңа серпіліс енгізу, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған шара. Мұндай кештер қалалық орталық кітапханада жыл сайын өтіп тұрады. Алайда осы жолы алғаш рет тылсым мен құпияға, жұмбақтар мен тапсырмаларға толы сиқырлы саяхат жасалды. 

Кітапхананың оқырмандарын күнделікті  сөрелерде тізіліп тұрған кітаптардан бөлек өзінің алғашқы бөлімімен үлкені мен кішісін бай сюжетімен тәнті еткен Гарри Поттердің  оқиғасына негізделген ойындар күтіп тұрды. Айналаның барлығы таңғажайып тақырыпқа арнайы жасалғандықтан балалар басқа әлемді шарлағандай күйге бөленді.

- Мына жердің бәрі ертегідей боп тұр. Балалар түгіл өзімізге ұнап тұр. Көп рақмет, шақырғандарыңызға. Қуаныштымыз, әрқашан осындайда келіп тұрамыз, - деп өз әсерімен бөлісе кетті көпбалалы ана Анар Жуматаева.

Келушілер бұл шара аясында «Гарри Поттердің сиқырлы әлемі» атты жұмбақ бөлмесін, «Үш сыпыртқы» дүкені мен «Көріпкел бәрін біледі» сиқырлы көрінісіне, армандар мен қиялдар кітабы аралына саяхат жасап, «Мастерилка» шығармашылық шеберханасында қол білезіктерін дайындап, фотоаймақ пен букроссингті тамашалады.  Барлығы шын көңілден жасалғаны көрініп-ақ тұрды. Әр кабинеттің өзіндік тақырыбы мен бағдарламасы болды.

- Биыл біз Гарри Поттер тақырыбымен ұштастыра отырып бірінші рет шара өткізіп отырмыз. Бұл шараны қаланың барлық кітапханалары бірігіп ұйымдастырды, - деді ОКЖ директорының м. а. Б. Мұратқызы.

 «Гарри Поттердің сиқырлы әлемі» атты жұмбақ бөлмесінде кітап көрмесі, ұшатын хаттар мен сөйлейтін қалпақ болса, «Үш сыпыртқы» дүкенінен хош иісті шөптердің атауымен, оның пайдасы айтылды. Ал көріпкелдің сәуегейлігі, әр баланың бабын тауып сөйлеген сөздері, айтқан тілегі көпті сүйсіндіре түсті.

- Бұл жерден балалар өсімдіктермен, жасырылған жұмбақтар арқылы оның пайдасымен танысты, - деп атап өтті «Үш сыпыртқы» дүкенінде өсімдіктер жайлы сыр шерткен №3 кітапхана филиаланың кітапханашысы Фариза Шинкен.

Одан бөлек қаланың кішкентай тұрғындары  виртуалды кітаптарды тамашалап, іс жүзінде ұялы телефонның көмегімен ішіндегі суреттерді сөйлете білді. Өнерді сүйетіндер үшін шеберлік сабақтар өткізілді. Сондай-ақ,  «Библиодрайвтың»  келушілерін тәтті тосын-сый күтіп тұрды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА