12 маусым күні қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеевтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Осы жолы комиссия мүшелерімен кәмелетке жасы толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын-алу бойынша жүргізілген іс-шаралар қаралды.
Бүгінде білім ордалары қалалық полиция бөлімімен тығыз жұмыс жасау үстінде. Отбасындағы өзара қарым – қатынастың сақталуын тексеру мақсатында оқу жылы ішінде жоспарлы түрде «Семья», «Подросток», «Правопорядок», «Қамқор» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, оқу жылы ішінде салауатты өмір салты туралы деректі және көркем фильмдер көрсетіле отырып, сынып сағаттары, сыныптан тыс іс-шаралар өткізіледі. Тек оқушылармен ғана емес, ата-аналармен де ауқымды жұмыс атқарылуда. Қалалық білім бөлімінің берген ақпаратына сүйенсек, барлық жалпы білім беретін мектептерде әлеуметтік-психологиялық қызметтің жұмысы ұйымдастырылған. Оқу жылында оқушыларға, мектеп мұғалімдеріне, оқушылардың ата-аналарына арналған 2278 консультация өткізілген.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде де жүйелі түрде студенттермен арнайы іс-шаралар өтуде. Салауатты өмір салтына негізделген түрлі лекциялар мен өнегелі кездесулер, сыр-сұхбаттар ұйымдастырылып тұрады. Ал Саран техникалық колледжінде оқу жылы басталғалы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Консультациялық жұмыс шеңберінде психолог пен әлеуметтік педагог тарапынан жұмыстар жүргізіледі.
Комиссияның отырысы барысында қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев мектепішілік, полиция бөлімінде есепте тұрған оқушыларды, өгей әке-шешемен тұратын білім алушыларды, сондай-ақ, тұрмысы нашар, толық емес отбасыларды жазғы демалыс уақытында назардан шығармау керектігін атап өтті. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды, секциялар мен аула клубтарының жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Әрі осы бағытта комиссия мүшелері мен сала басшыларына тиісті тапсырмаларды жүктеп, кәмелеттік жасқа толмаған балалармен атқарылатын жұмыстарды босаңсытпай, үнемі бақылауда ұстау керектігін баса айтты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА