Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл Саранда шұрық-тесік боп қалған жолдар қалпына келтіріледі. Одан бөлек, көпқабатты үйлердің сыртқы қасбетіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп әрленбек.

Бүгінде Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. 

Биылғы жақсы жаңалықтардың бірі – қала стадионын қалыпқа келтірілуі. Бұл әлбетте салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін қуанышты хабар. Бүгінде «Сұңқар» стадионында футбол алаңын, ашық аспан астында үстел теннисін ойнай алатын заманауи алаң мен шахмат паркін жасауға бар күш жұмылдырылған.  Қала жұртшылығының ыңғайлылығы үшін демалыс орындарды жайлы етіп істеуде. Өткен демалыста қала әкімі Еркін Баулыков жүргізілген жұмыстармен танысып, стадионның ішін аралап, сын-пікірін білдіре кетті.

Қаланың тыныс-тіршілігінен бөлек, ең алдымен оның ажары, үйлердің жағдайы, тазалығы көзге түсіп жатады.  70 жылдық тарихы бар Саран қаласының әрбір ғимаратының өзіндік ерекшелігі бар. Биыл қаланың қақ ортасында орналасқан Ленин даңғылының қасбеті де жаңартылу үстінде. Бүгінде ескі үйдің жабынқыштары алынды. Қазіргі таңда Ленин даңғылындағы №7-8 үйлерде жұмыс қарқынды түрде жүргізіліп жатса, кейін мердігер №11-12 үйлерді қамтиды. Сондай-ақ, биыл қалада 8 балалар алаңы мен 10 аялдама павильоны орнатылмақ.  Осы таяуда ғана футбол алаңдарына  жасанды көгал төселіп жаңартылды. Қоршауларына да аса мән берілді

РТБ шағын ауданын қалпына келтіру бойынша да жұмыстар жалғасуда. Ондағы демалыс орындарға, көлік тұрақтары мен жолдарына ерекше назар аударылған.

Өзінің өзектілігін жоғалпайтын жол мәселесі де қала әкімінің басты назарында. Биыл Набережная, Свердлов, Казахская, Гастелло, Солнечная, Юности көшелері мен Первый, Бульварный, Садовая, Труда және Центральный тұйық көшелеріндегі көлік жолына орташа жөндеу мен жол бөлігін асфальттау жүргізу жоспарлануда. Әрі оларға жарықтандыру тіректері орнатылмақ. Жамбыл, Огородная, Стадионная көшелерінің жолы да орташа жөндеуден өтпек. Бүгінде Свердлов көшесінде жол жұмыстары толық аяқталды. Келесі кезекте тұйық көшелер тұр.

Көгалдандыру жұмыстары да шетте қалып қоймады. Саябақтарға, жаяу жүргіншілер жүретін жол мен қоқыс-қалдықтарын шығаруға аса көңіл бөлінуде.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА