Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамы Саран қаласында биыл ерекше тойланды.

Таңертең ертемен мешіт үйіне қала тұрғындары жиналып, айт намазы оқылды. Саран қалалық мешітінің бас имамы Нұржігіт Мұсабеков «Құрбан айт ұлық мереке» тақырыбында уағыз-насихат айтып, жамағатты айт мерекесімен құттықтады. 

Айт намазына келген тұрғындар мешіт асханасында жайылған айттық дастархан басында көңілді қауышып, мейрамның қадір-қасиетімен бөлісті. Сонымен қатар, қалалық мешіттің ұйымдастыруымен спорттық шаралар өтті. Мешіт ауласына жиналған жастар қазақ күресіне қатысып, 60 келіден жоғары салмақ дәрежесінде  белдесті. Оның нәтижесі бойынша Дидар Нықаш 1-орынды қанжығасына байласа, 2-орынға  Санжар Нықаш және 3-орынға Оңғар Уатхан жайғасты.  Одан бөлек арқан тартыс ұлттық ойыны да өткізілді. Жүлдегерлер қаржылай сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ, қазақ күресінде бәрінен оза шапқан балуанға қошқар сыйға тартылды.

Бұл күні шамасы жеткенше барша мұсылман қауымы арнайы Саран қаласындағы мал сою алаңында құрбан шалу рәсімін өткізіп, көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көрсетіп, өздерінің жомарттықтарын танытқан.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА