Қаламызда жыл сайын ақ халатты абзал жандардың ерен ерлігі, еселі еңбегі ұлықталады. Әдемі дәстүр биыл да өз жалғасын тапты.
14 маусым күні қалалық мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Бұл күні денсаулық сақтау саласының мамандарына зор сый-құрмет көрсетілді.
Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев: «Сіздердің қоғамда алатын орындарыңыз ерекше. Өйткені сіздер адамның жанына дауа, тәніне шипа болардай ем тауып, өміріне араша түсіп жүресіздер. Бұл өмірде адам денсаулығынан қымбат дүние жоқ. Денсаулығымыз сыр бергенде өздеріңіз әрдайым жанымызда сая боласыздар. Сондықтан халықтың сіздерге деген алғысы шексіз»,- деп атап өтті.
Биыл Саран қаласы үшін мерейлі жыл. Себебі салтанаты жарасқан қалаға 70 жыл болса, қаланың орталық ауруханасына да - 70 жыл толып отыр. Мерейтойлы сәтке орай ақ халатты абзал жандар марапатқа кенелді.
Саран қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен №2 отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Ольга Черныш, консультативтік-диагностикалық бөлімшенің оториноларинголог-дәрігері Николай Тен, №3 отбасылық денсаулық орталығының жалпы практика дәрігері Анастасия Садритдинова және стоматологиялық бөлімшенің тіс дәрігері Наталья Царева марапатталды. №1 ООК ЖПД медбикесі Людмила Круподеряға, хирургия бөлімшесінің медбикесі Татьяна Сергееваға, жалпы терапия бөлімшесінің медбикесі Мадина Гарифоваға, «Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ физиокабинетінің медбикесі Людмила Кузинаға және «Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ медбикесі Жолбике Алимбаеваға Саран қаласы әкімінің алғыс хаты табысталды.
- Бүгін марапат аламын деп ойламадым. Медицина қызметкерлері күнінде барлықтарыңызға денсаулық тілеймін. Үлкен сабырлық пен жауапкершілік шүгі ауыр біздің жұмыста сәттілік серік болсын, - деп тілегін білдіре кетті марапат иесі Николай Тен.
Келесі болып сөз алған «Саран қаласының орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК директоры Иван Ермолаев күн-түн демей адал қызмет еткен ақ халатты абзал жандарға ризашылығын жеткізіп, «Еңбек ардагері» медалімен күндізгі стационардың медбикесі Вера Марисованы, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен №3 отбасылық денсаулық орталығының акушер-гинекологы Ирина Маметованы, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің фельдшері Жанайдар Орамбекті, травмпункт медбикесі Анна Булычеваны, егу кабинетінің медбикесі Ольга Ирасованы және Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатымен жалпы терапия бөлімінің аға медбикесі Ирина Калмыкова мен консультациялық-диагностикалық бөлімшесінің хирург-дәрігері Джахангир Каримовті марапаттады.
- Мен үшін бұл күтпеген жерден тосын-сый болды. 45 жылдық еңбегім еленіп жатқанына өте ризамын, - деп алғысын білдірді күндізгі стационардың медбикесі Вера Марисова.
Сонымен қатар, Саран қалалық мәслихатының төрағасы Өміржан Баймағанбетов пен «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы Саран қалалық филиалының төрағасы Нұргүл Тажибаева медицина қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының және мәслихат төрағасының алғыс хатын Саран қаласының орталық ауруханасының директордың кеңесшісі Калима Сатоваға, орталық ауруханасының дерматолог дәрігеріне Шынар Азимбаеваға, орталық аурухананың медбикесі Рауза Байгельдиноваға, дәріхананың провизоры Светлана Рустонбаеваға, ЖПД дәрігері Екатерина Шунковаға, облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігері Салтанат Булатоваға, облыстық психикалық денсаулық орталығының медбикесі Елена Бердникке және арнаулы қызмет көрсету орталығының бас медбикесі Тазагуль Кусаиноваға табыстады.
Шараға қатысқан «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сұлтан Медеубаев үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жүрген барлық ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, «Саран қаласының орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК директоры Иван Ермолаевты «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ, Құрмет грамотасын аурухананың бас медбикесі Ирина Ахметьянова мен консультативтік-диагностикалық бөлімшенің медбикесі Гулим Бейсеноваға табыс етті.
Биыл мерейлі датаға орай орталық аурухананың инстаграм әлеуметтік желісінде медицина саласының қызметкерлері арасында байқау ұйымдастырылған. Дауыс беру нәтижесі бойынша «Үздік стационар дәрігері» Наталья Быкова, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік дәрігері» Сергей Хильчук, «Үздік тіс дәрігері» Рамиль Оспанов, «Үздік стационар медбикесі» Виктория Магунь, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік медбикесі» Валентина Борщ, «Үздік фельдшер» Наиля Орамбек атанды.
Адамзаттың бәріне көмек қолын созып, еміне шипа тауып, ұлт саулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлердің орны қашан да ерең. Салтанатты марапаттау сәтінде әр ақ халатты абзал жанға қошемет пен құрмет көрсетілді. Медицина саласына қатысты кітап көрмесі де ұйымдастырылып, келушілерге кітапхананың рухани қазынасы таныстырылды. Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашса, «Амадеус» би ансамблі, «Реалайз» көше және заманауи би клубы мен «Қыран» хореографиялық ансамблі мың бұрала би билеп шараны одан сайын қыздыра түсті.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА