Қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтап, тыныштықты күзету жолында күн-түн демей аянбай қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. 23 маусым күні дәл осы үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген мамандық иелерінің төл мерекесі.
Күні кеше ғана Саран қаласының полиция бөлімінің қызметкерлері мен ардагерлері мереке қарсаңында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ерен ерліктеріне құрмет көрсетіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
- Біз жыл сайын осында келіп, қызметтік міндетін орындау кезінде ерілікпен қаза тапқан қызметкерлерге өзіміздің құрметімізді білдіреміз. Бүгінгі күні әсіресе жас қызметкерлерге айтарым, әрдайым Қазақстан полициясының қызметкері екендігіңізді мақтан тұтып, қадірлей біліңіздер. Ал құрметті ардагерлерге зор денсаулық пен мол табыс тілеймін, - деді ІІМ құрметті ардагері Серік Тлекбаев.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Әрдайым қылмыспен күрес жүргізіп, ең бастысы – адам өмірі мен ел қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп жүрген полиция қызметкерлерін Саран қаласының әкімі Еркін Баулыков пен қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов кәсіби мерекесімен құттықтады.
- Баршаңызды осы айтулы күнмен құттықтаймын! Сіздердің күнделікті қажырлы жұмысыңыз біз үшін өте маңызды. Бұл – ауыр да абыройлы міндет. Қалтқысыз қызметтеріңіз үшін рақмет айтамын,- деді қала әкімі Еркін Баулыков.
Салтанатта Саран қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен кезекші бөлімнің жедел кезекшісі, полиция майоры Ержан Абдыкалыков және ІІО ардагерлері: Серік Тлекбаев, Ерболат Балабеков, Евгений Елимесов, Нұрбек Хасенов марапатталды. Ал қала әкімінің алғыс хаты полиция аға лейтенанттары: Жазира Орынбаева мен Дмитрий Тяртқа, кіші полиция сержанттары: Жандар Сериков пен Дамир Рашидке берілді.
Сонымен қатар өзінің қызметтік міндеттеріне адал қарап, қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша кәсібилік, қырағылық танытқан бірқатар қызметкер мен еселі еңбегі сіңген ардагерлер Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асылбек Сейтжановтың қолынан марапат алды.
Саран қаласының полиция бөлімі бастығының алғыс хатымен ІІО ардагерлері: Теплякова Нина, Ким Эдуард, Алексеенко Людмила, Исаев Асхат, Сапаров Жанабай, Махметов Ербулан, Теплякова Светлана, Шакенов Таргын, Ирина Хиневич марапатталды. Ішкі істер органдарында мінсіз қызметі үшін «Ішкі істер органдарының ардагері» медалі полиция майоры Умуралиев Нурлан мен полиция аға лейтенанты Сатымбеков Әділжанға, «Мінсіз қызметі үшін» I дәрежелі медалі полиция майоры Карпова Юлияға, «Мінсіз қызметі үшін» III дәрежелі медалі полиция капитаны Букуров Алмазға, полиция аға лейтенанттары: Кәшібай Құбылайға, Мұқашев Саятқа, Саудабаев Аянға, Сыздыков Азаматқа берілді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің грамотасы полиция бөлімі кеңсесінің бас маманы Асель Аужановаға, Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының грамотасы полиция капитаны Қазиев Айбарға табыс етілді. Сондай-ақ, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан Иса Кубаев пен Нұрболат Алимбаевтың отбасыларына естелік сыйлықтар тарту етілді. Ел үшін жанын берген барлық қызметкерлерге құрмет көрсетілді.
Марапат төрінде көрінген азаматтардың қатарында жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген нәзік жанды арулардың есімі аталды. Солардың бірі – Саран қаласы полиция бөлімінің инспекторы Жазира Орынбаева. Полиция аға лейтенанттың негізгі мамандығы – журналист. Алайда уақыт өте келе полиция қызметіне жүрегі бұрып, бүгінде ел қамы үшін тынымсыз қызмет етіп жүргеніне 13 жыл болды.
- Полиция қызметі – өте ауыр, әрі қауыпты. Қазіргі таңда барлық қызметкерлер өздерінің жұмыстарын тиянақты, Отанның тыныштығы үшін қызмет етіп жатыр. Бүгін алған марапатым – Саран қаласы әкімінің алғыс хаты. Шыны керек білмедім. Осылай біздің еңбегімізді елеп, ескеріп жатқанына өте қуаныштымын - деп ризашылығын жеткізді Жазира Орынбаева.
Мерекелік шарада ІІО ардагері Теплякова Нина Отанға және Қазақстан халқына жанқиярлықпен қызмет еткен, әрі қазір де жас ұрпаққа жылдар бойы жинақталған, қиын күндермен шыңдалған өз тәжірибесін беруді жалғастырып жүрген ардагерлерді, Саран қаласының полиция бөлімінің құрамын мерекемен құттықтап, ізгі ниетке толы тілегін арнады.
Сән салтанаты келіскен шараның соңы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА