Бүгін: 22.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Таяуда Қырғызстан Республикасында «LLF-KIDS» футболшылар арасындағы халықаралық футбол турнирі ұйымдастырылды. Дүбірлі доп додасында жерлестеріміз бақтарын сынап көрді.

Халықаралық турнир Ыстықкөлдегі «Солемар» (Solemar) демалыс орталығының футбол алаңында өткен.  Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде футбол бөлімінің аға жаттықтырушысы Елжас Айдарбековтің  жетекшілігімен Саран қаласынан 28 жас футболшы көрші елдің ойынына қатысты.

-              Бізден 2012-2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында 1 команда, 2015 жылғы спортшылардан  «А» және «В» командасы жасақталды. Балалардың ойындары жақсы болды. Әлбетте, олардың әр жетістігі біз үшін қуаныш. Осымен тоқтап қалмай әрі қарай да басқа турнирлерге дайындалатын боламыз,- деп атап өтті Елжас Айдарбеков.

Бұл турнирде Саран қаласынан шыққан үш команда арасынан 2015 жылғы спортшылардан құралған «А» тобының бағы жанды. Ойын барысында күміс торға ілігіп, Атыраудан аттерлетіп келген «Арсенал» командасын ойсырата 6:2 есебімен ұтты. Тартысты кездесудің нәтижесінде «А» тобының ойыншылары: Рымхан Санжар - үздік қорғаушы, Ғалым Арнұр –  үздік шабуылшы және турнир бойынша жалпы 8 гол соққан Мамедов Сафтар –  үздік бомбардир атанды. Команданың өзі бірінші орынға шықты.

Саран қаласында жаттығып жүрген жас футболшылар жыл басталғалы спортқа деген ұмтылысы мен құлшынысы ерекше жоғары екендігін өзінің жетістіктерімен дәлелдеп келеді. Ата-аналары да балаларын қолдап, жаттықтырушысы Елжас Қайратұлына зор сенім білдіруде. Жас футболшыларымызды кезекті жеңісімен құттықтаймыз!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА